Асырап алуға ұсынылатын жетімдердің дерекқорында неге сау бала жоқ

2561

Бала асырап алғысы келетін қазақстандықтарды алаңдатқан сауалға мемлекеттік орган жауап қатты.

Асырап алуға ұсынылатын жетімдердің дерекқорында неге сау бала жоқ

"Басқармада кеңес беретін маман жоқ"

Перзент сүйгісі келетін, бірақ әртүрлі себептермен бала көтере алмайтын аналарға жалғыз жол – өзгенің баласын бауырына басу. Әрине, суррогат ана қызметіне жүгінуге болады, бірақ "құрсақ жалдау" қымбат тұрады.  

Елорда тұрғыны Анаргүл Әбдіқадырқызы осындай ата-аналарға маза бермей жүрген мәселені көтерді. Ол тиісті құжаттарын тапсырып, бала асырап алуға рұқсат алады. Оған Қазақстанның барлық өңіріндегі тастанды балалардың бірыңғай тізімін қарауға рұқсат беріледі.

"Тізім бойынша 0-ден 3-ке дейінгі аралықтағы барлық балдырғанды қарап шықтым. Бірақ тізімде сау бала жоқ. Неге бірде-бір сау бала жоқтығын түсінбедім. Сонда денсаулығы жақсы балалар қайда? Кеңес беретін маман жоқ. Білім басқармасына барсаң, оның мамандары тек асырап алу үшін қандай құжаттар тапсыруға болатынын айтып, тізімін беруді ғана біледі. ХҚКО арқылы жіберілген құжаттарды қарап, солармен жұмыс істейді. Артық сұрақтарға олар жауап бермейді. Уақыты жоқ екенін айтады", – деп қапаланады ол.

Шынында, жетім баланы бауырына басқысы келетін отбасылардың қоятын сұрағы көп. Шенеуніктер оларды бала асырауға көмектесетін агенттіктерге сілтейді. Ол ұйымдардың біраз қызметі ақылы.

"Асырап алушылар білім басқармасына барғанда көптеген сұрақтарға жауап алғысы келеді. Алайда кеңес беретін маман таппай қайтады. Бар білетіні, қолыңа тізім ұстатады. Осы тізім бойынша құжаттарды дайындап, eGov арқылы жіберу керектігін,сұрақтар болса, қорғаншылық және қамқоршылық қызметін жүзеге асыратын органға хабарласу керектігін айтып, жұмыс телефонының нөмірін қыстырды. Оған телефон шалсаң, тұтқаны ешкім көтермейді. Таңертеңнен кешке дейін қоңыраулаттым", – дейді Анаргүл.

Ол бала асырап алу үшін ұзақ рәсімдерден өткенін айтады. Алдымен кандидат болу үшін барлық сұратқан құжаттарын жинап тапсырып, 2-3 ай бойы жауап күткен. Содан кейін балалардың базасына рұқсат алу үшін қаншама уақыт жоғалтыпты. Бірақ сал және басқа да ауыр кеселдері бар жетімді алуға жүрегі дауаламайды.

"Енді банкте мүлдем сау бала жоқ. Мен шын көңіліммен бала асырап алғым келеді, тіпті ол баланың сіңлісі немесе ағасы болса, екеуін қатар алуға дайынмын. Бір ай болды, күнде базадан балалардың досьесін қарап отырамын. Тастанды балалар көп деп естіп жатамыз. Сонда сау балалар қайда?", – дейді ол.

Жетімді қамқорлығына алғысы келетін отбасылар көп, біраз бұрын олардың саны 2,5 мыңнан асқаны хабарланған. Дегенмен көбісі "бала асырап алуға кандидат" мәртебесінен әрі аса алмайды. Кейбірі өз шағымдарында "жауапты шенеуніктер параға беру не шетелдіктерге сату үшін сау балаларды әдейі жасырып, жеке тізім жүргізеді" деген жорамал айтады.

Билік не дейді?

Бала асырап алуға үміткер ата-аналардың шағымына БҒМ-нің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев түсініктеме берді. Жалпы "Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың және балаларды өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген адамдардың республикалық деректер банкіне" барлық жетімдердің деректері енгізілуге тиіс екен.

"Республикалық деректер банкі (РДБ) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қазақстандық отбасыларға орналастыру процесінің айқындығы мен ашықтығын қамтамасыз ету үшін Елбасының тапсырмасымен құрылған болатын. Қолданыстағы заңнама бойынша Республикалық деректер банкіне жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар туралы мәліметтер ол бала анықталған кезден бастап енгізіледі. Жергілікті атқарушы органдар РДБ-дағы балалардың досьелерін тұрақты негізде жаңартып және толықтырып отырады", – деген сенімде комитет төрағасы.

"Бүгінгі таңда Республикалық деректер банкінде қазақстандық азаматтардың отбасыларына орналастыруға жататын 3 мыңнан астам баланың жеке мәліметтері бар. Бала асырап алуға тілек білдірген адамдарды есепке қою мәселесі бойынша кеңес алу үшін жергілікті білім басқармасының мамандарымен байланысу қажет", – деп қысқа қайырды Есенғазы Иманғалиев.

Қалай болғанда, Қазақстанда бала асырап алу қиын екен. Қаптаған қағаз толтырып, құжат жинау керек. Содан кейін кандидат атанып, кезекке тұру, бюрократиялық әртүрлі кедергілерді еңсеру қажет. Қорғаншылық және қамқоршылық органдары баланы "кім көрінгенге бермейді". Оның үстіне ресми статистика бойынша жетім баланы алып кеткен отбасылардың 20 пайыздайы кейін оны қайтарып тастайды.

Ал шынында бала бағуды аңсаған адамдар ақша төлеуге даяр. Салдарынан, әлеуметтік желіде жаңа дүниеге әкелген сәбиінен бас тартқысы келетін "көкек аналарды" іздеген отбасылардың хабарландырулары арагідік бой көрсетіп қалады. Бұл ретте Қылмыстық кодекске сәйкес, тек бала сатқандар ғана емес, сатып алғандар да қатаң жазаланатынын, тіпті бар мүлкі тәркіленуі мүмкін екенін еске салған артық болмас.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу