Ата-аналар баласын мектепке жіберуге дайын ба?

4115

Жаңа оқу жылының басталуына 1 айдан аз уақыт қалды. Алайда еліміздің басым бөлігі "қызыл аймақта" тұр, коронавирус жұқтырғандар саны азаяр емес.

Ата-аналар баласын мектепке жіберуге дайын ба? Фото: astana.gov.kz

Биыл 1 қыркүйекте 3,5 млн-нан аса оқушы мектепке барады. Олар қандай форматта оқиды, білім ордасында сабақтар қалай өтеді, ата-аналар баласын мектепке жіберуге дайын ба? Бұл сұрақтарға inbusiness.kz тілшісі жауап іздеді.

"Балаларымның мектепте білім алғанын қалаймын"

Елорда тұрғыны Дәурен Маратұлы коронавирусқа қарсы екпе алуды жоспарлап отырғанын, балаларының дәстүрлі форматта оқитынын жеткізді.

"Отбасымның қауіпсіздігі үшін алдағы аптада вакцина аламын. Биыл 2 балам бірінші сыныпқа барады. Олардың дәстүрлі форматта оқығанын қалаймын. Себебі балаларым үйде білім алса, бізге еркелеп, тілімізді алмауы мүмкін. Ал мектепте оқыса, оқуға ынтасы оянады. Олардың сапалы білім алғанын қалаймын. Менің ойымша, негізгі білімнің фундаменті бастауышта қаланады", - деді ата-ана.

Бұл пікірді астаналық ата-ана Еркін Шәкір де қолдады.

"Менің ойымша, бала бастауыш сыныпта оқыса, оның мектепке барғаны дұрыс. Өйткені бала сыныптағы оқушылармен араласып үйренуі керек. Ол мектепке бармай, ұялы телефон немесе компьютер алдында отырып, онлайн білім алса, ол айтарлықтай нәтиже бермейді. Тіпті білімге деген құштарлығын, қызығушылығын жоғалтып алуы мүмкін. Сондықтан былтыр біз пандемияға қарамай ұлымыз Әлиханды бірінші сыныпқа бердік. Ол мектепке барып оқыды, карантин талабын қатаң сақтады", - деді астаналық тұрғын.

"Білімнен гөрі денсаулық маңызды"

Алматы тұрғыны Өмірәлі Әйміш қызын мектепке жібергісі келмейтінін, білімнен гөрі баласының денсаулығы маңызды екенін атап өтті.

"Биыл қызым екінші сыныпқа барады. Былтыр ол бірінші сыныпты онлайн бітірді. Коронавирус пандемиясы кезінде оқушылардың онлайн білім алғаны дұрыс деп ойлаймын. Мектепке барып, оқу да маңызды. Бірақ қазіргі таңда білімнен гөрі денсаулық маңызды болып тұр. Мектепте сақтық шаралары 100% сақталады деп ойламаймын. Сондықтан эпидемиологиялық ахуал тұрақталғанша балам онлайн оқиды деп шештім. Баланың оқуға ынтасы болса, ол ештеңеге қарамайды", - деді ата-ана.

"Олардың денсаулығына кім жауап береді?"

Көпбалалы ана Бұлғын Сүлейменова коронавирус жұқтырғандар саны азаймаса, балаларын ешқайда жібермейтінін айтады.

"Биыл тұңғышым сегізінші сыныпқа, екінші балам бесінші сыныпқа, қызым бірінші сыныпқа барады. Ал тағы екі баламды өзім үйде бағып

отырмын. Күзде коронивирус жұқтырғандар саны азаймаса, балаларымды мектепке жібермеймін. Олардың денсаулығына кім жауап береді? Өйткені көпбалалы үйде бір бала ауырса, ол вирусты барлығына жұқтырады. Салдарынан оларды уайымдап, оқу жайында қалады", - деді астаналық тұрғын ағынан жарылып.

"Мұғалімдердің басым бөлігі екпе алды"

Жаңа оқу жылына мектептердің қалай дайындалып жатқанын білу үшін Нұр-Сұлтан қаласы №54 мектеп-лицейі директорының міндетін атқарушы Есмағзам Есмұхановты әңгімеге тарттық. Ол білім ордасындағы мұғалімнің басым бөлігі екпе алғанын жеткізді.

"Мектепте барлығы 160 мұғалім бар. Оның 140-ы коронавирус қарсы вакцинаны толық алды. Қалған 20 мұғалімде екпе салуға қарсы көрсетілім болды. Қазіргі таңда біз дәстүрлі форматта оқуға дайындалып жатырмыз. Бірақ барлығы эпидемиологиялық ахуалға байланысты", - деді директор.

Оның пікірінше, оқушылар мектепте білім алуы керек.

"Бұл мәселеге қатысты жеке пікірімді білдірейін. Мен балалардың мектепте білім алғанын қалаймын. Себебі, онлайн оқу білім сапасына кері әсерін тигізіп жатыр. Оны барлығы айтуда. Індетті тоқтатудың жалғыз жолы – вакцина салдыру. Мұны ата-аналар түсінсе екен", - деді Есмағзам Есмұханов.

"Оқыту форматы туралы шешімді ведомствоаралық комиссия қабылдайды"

1 қыркүйекте оқушылар қандай форматта оқиды, мектепте сабақтар қалай өтеді деген сұрақтарға жауап табу үшін Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне хабарластық.

"Білім беру ұйымдарын дәстүрлі форматқа қайтару елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты болады. Оқыту форматы туралы шешімді коронавирустың пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия, Қазақстанның бас санитар дәрігері және өңірлердің бас санитар дәрігерлер қабылдайды", - деді баспасөз қызметінің өкілі.

Сондай-ақ ведомство білім ордаларында төмендегі талаптар сақталу керегін атап өтті: барлық мектепте қызметкерлер мен оқушылардың температурасын өлшеу;

қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, кабинеттердің ауасын зарарсыздандыру (кварцтау) және дезинфекциялау;

білім беру ұйымдарын дезинфекциялау құралдарымен қамтамасыз ету;

шектеу шаралары кезінде оқу орындарының сыйымдылық қуаты мен білім алушылардың санына қарай ауысым мен жұмыс режимін алдын ала анықтау;

әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, оқу процесін ұйымдастыру;

балалардың дәліздер мен буфеттерде жиналуын болдырмау үшін үзілістерді әртүрлі уақытта өткізу;

білім алушылар мен қызметкерлер арасында маска тағу режимін сақтау;

бір сынып бір кабинетте оқуға тиіс.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу