"Отбасының ішкі ісіне шенділер қолын сұқпасын"
Білім және ғылым министрлігі "Балалардың әл-ауқаты индексін бекіту туралы" Үкімет қаулысының жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. Аты айтып тұрғандай, құжат Балалардың әл-ауқаты рейтингін қалыптастыруға бағытталған.
Бұл құжат қазақстандықтардың наразылығын туғызып отыр. Жұрт "әрбір бала мен ата-ананың жеке өмірінің бүге-шігесіне дейін білу билікке не үшін қажет болды?!" деп аң-таң.
"Электронды Үкіметтің" ашық Үкімет бөлімінде жобаға қатысты пікір білдірген азаматтардың пікірі олардың бірауызды екенін көрсетеді. Майя Байбусова бұл диалог алаңында шенеуніктер теріс комментарийлер мен дизлайктарды әдейі тазалап отыр деп реніш білдіреді.
"Мен бұл индекстің бекітілуіне және осындай нормативтік-құқықтық актінің қабылдануына түбегейлі қарсымын! Билік біздің халықты жан-жақтан қыса беруін доғаруы керек. Бізді де, балаларымызды да жайына қалдырсын!" – дейді ол.
Қоғам белсендісі Елена Кузнецова мұндай құжат "қарапайым бұқараға қарсы бағытталған" деген санайды екен.
"Егер балада компьютері, кітаптары және басқа да керек-жарағы болмаса, оны білу мемлекетке не үшін керек? Мемлекет дереу оған соны сатып әпере ме, сыйлай ма, әлде бала қолайсыз ортада өсуде деп оны отбасыдан алып қоя ма? Неге шенеуніктер осындай құжатты жариялай отырып, оның арты неге соқтыратынын, қандай іс-әрекетке негіз болатынын ашық айтпайды, түсіндірмейді? Ол болмаған соң, ата-аналар бұған қарсы. Сауалнама нәтижесі әлдебір ата-анаға қарсы қолданылмасына кепіл жоқ. Қазақстандықтардың үлкен бөлігінің жалақысы 42,5 мың теңге ғана екенін естен шығармауға тиіспіз. Көптеген ата-ана компьютер түгіл, кітап әпере алмайды", – деді Е. Кузнецова.
Оның байламынша, мемлекеттің қамқорлығына мұқтаж отбасыларды жауапты органдар онсыз да біледі, олар мемлекеттен көмек сұрап, өздері-ақ жүгінеді. Демек жағдайы қалыпты, тұрмысы түзу отбасылардың ісіне шенеуніктердің қол сұқпағаны жөн.
Сауалнама емес, тегін секциялар керек
"Балапан" дамыту орталығының педагогі Бибігүл Серік индекстің түсініксіз тұсы жеткілікті дейді.
"Баладан өмірге қанағаттанасың ба, күн сайын қанша көкөніс-жеміс жейсің, үйіңде компьютерің бар ма, мама-папаң үйде қосымша оқуға кітап сатып әпере ме, өзіңді өлтіргің келмей ме, психоактивті заттарды қолданасың ба деген сияқты сұрақтар қойылады дейді. Бұған қоса, министрлік жұмыспен жүктелуіне орай балаларына жеткілікті уақыт бөле алмайтын, жалдамалы үйде тұратын ата-аналарды анықтамақ. Ата-аналардың өз балаларының қажеттілігіне отбасы бюджетінен қанша шығыс бағыттайтынын әшкерелемек. Бұл не үшін керек? Осы сәрсенбіде Мәжіліс мақұлдаған жаңа бюджетте алдағы үш жылда білім беру саласына 7 триллион теңге шығындалады деп жоспарланыпты. Шенеуніктер сол аста-төк ақшаны игеру үшін әрнені ойдан құрастырып жатқан сияқты", – деп жорамалдайды педагог.
Бұл сұрақтарға жауап үй-үйді аралау тәсілімен де ізделмек: "халыққа сауалнама жүргізу интервьюерлердің үй шаруашылықтарына тікелей баруы арқылы сұхбат жүргізу әдісімен жүзеге асырылады" делінген құжатта.
Пікір білдіруші Оксана Саитова дұрысы, алдымен халықтың әл-ауқатын арттыру керек деген пікірде, ал мұндай кереғар индекстер жағдайды түзетпейді, керісінше, әлеуметтік кернеуді арттырады.
"Баланың әл-ауқаты ата-аналар лайықты жалақы алса ғана жақсы болады, бұл екеуін жеке бөліп қарастыруға болмайды. Ал шынында қазақстандықтардың басым көпшілігі мардымсыз, тиын-тебен айлық алады. Оның үстіне елде мысалы, балалар үшін ҰБТ-ға дайындайтын тегін курстар, әр саладағы тегін үйірмелер болуға тиіс. Ол жоқ, бәрі ақылы. Бала қалай дамиды", – дейді Гүлмира Жәркенова.
Пікір білдірушілер ата-аналардың балаларға қарым-қатынасын емес, бірінші кезекте мемлекеттің балаларға көзқарасын анықтап алған маңызды дейді. Мысалы, елде тегін үйірмелерге негізінен аз қамтылған немесе көп балалы отбасылардан шыққан балаларды ғана алады, олардың да көбі квотаға ілікпейді, орын тым шектеулі. Ал басқа балалар бұл игіліктен мүлдем қағылған. Ауыл-аймақта спорт секциялары негізінен ақылы: тегін секцияларда спорттың "әлқиссасын" ғана үйретеді де, ары қарай өсу, даму үшін ақылы бөлімге ауысу талап етілетін көрінеді. Елде осал топтағы емес, барлық балаға арналған тегін жазғы лагерлер жоқ.
Билік не дейді?
Біз ата-аналар қойған сауалды жауапты органға – Білім және ғылым министрлігіне бағыттадық. Ведомство индекс, сауалнама нәтижелері мемлекет тарапынан тиісті шара қабылдауға негіз болатынын мәлімдеді.
БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиевтің айтуынша, "Балалардың әл-ауқат индексі" Президент Қ. Тоқаевтың тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленді.
"Индекстің мақсаты – балалардың әл-ауқатына ұлттық мониторинг жүргізу және әртүрлі салада балалардың жағдайын жақсарту жөніндегі ұлттық саясаттың тиімділік дәрежесін 2 жылда 1 рет қадағалап отыру. Индекстің деңгейі әрбір келесі 2 жылда 3-5 балға өсуге тиіс. Индекс негізгі 4 бағыттан тұрады: "Бала", "Отбасы және қоғам", "Мемлекеттік саясат", "Елдегі жағдай". Онда денсаулық сақтау, білім беру, құқық қорғау, тұрмыстық жағдай, қауіпсіздік, таза ауа, ауызсу, қалалық және ауылдық инфрақұрылым мәселелері қарастырылған. Индекс, мониторинг жүргізу нәтижесінде аталған салалар жақсаруы үшін мемлекет шаралар қабылдайтын болады", – деді комитет төрағасы.
Жалпы индекс 56 индикатордан құралған.
Есенғазы Нұртөлеуұлының айтуынша, индексті енгізу Қазақстандағы балалардың жағдайы жалпы және жекелеген салалар бойынша қаншалықты қолайлы екенін анықтауға, сондай-ақ балалардың әл-ауқат деңгейіне қатысты өңірлік рейтингтерді жасауға мүмкіндік береді.
Ата-аналар сауалнама нәтижесі отбасыларға қарсы әлдебір жазалау шараларына түрткі болады деп қауіптенеді.
"Индексте қарастырылған сауалнамалар ата-аналар мен балалардың құқықтарын шектеуді көздемейді", – деп сендірді комитет басшысы.
Ол әзірлеу барысында, яғни биылғы мамырдан қазанға дейінгі аралықта аталған құжат әртүрлі алаңда талқыға салынғанын хабарлады. Біріншіден, 1 мыңнан астам сарапшы, үкіметтік емес ұйымдар, ата-аналар, мұғалімдер және меморгандар өкілдерінің қатысуымен онлайн және оффлайн талқылаулардың 2 раунды өтіпті. Ол 50-ден астам пікірталас алаңын қамтыған.
Екіншіден, индикаторларды енгізу және индекс әдістемесінің жобасын қайта қарау бойынша жұртшылықтан 120-дан астам ұсыныс қабылданып, пысықталған.
"Үшіншіден, ұсынылған көрсеткіштер бойынша барлық өңірден 18 мың адам қатысқан онлайн дауыс беру өткізілді. Төртіншіден, Қазақстанның 10 аймағында балалардың жалпы әл-ауқатын бағалау, түйткілді проблемалар мен тиісті ұсыныстарды анықтау үшін ата-аналармен 124 сұхбат жүргізілді. Бесіншіден, республиканың 17 аймағында 9 мыңнан астам респондент, яғни ата-аналар мен балалар арасында онлайн сауалнама жүргізілді", – деді БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Е.Иманғалиев.
Индекс БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының "Ешкімді шетте қалдырмау" қағидатын ескере отырып әзірленген.
Сауалнамалық деректер балалар мен олардың ата-аналарына сауалнама өткізу арқылы жиналады. Статистикалық деректер орталық меморгандарға, жергілікті атқарушы органдарға, сондай-ақ халықаралық және отандық зерттеу құрылымдарына сұрау жолдау жолымен қалыптастырылатын болады.
Жанат Ардақ
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!