Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының ұсынысымен, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі "Ата жолы" картасын беру жобасын жүзеге асыра бастаған еді.
Бұл туралы ақпарат құралдарында көп айтылды, "картаның иесі болатын қандастарға кең жол ашатын ғаламат жоба" деп, билік оның мақтауын келістіріп, жан-жақты дәріптеді.
Заң жүзінде бекітілген жобаның мәнісі мынада. "Ата жолы" картасын иеленген, шетелде тұратын және өзге елдің азаматы болып табылатын этникалық қазақтар соның арқасында Қазақстанға еркін кіріп, отбасымен 10 жыл мерзімге осында тұруға рұқсат ала алады.
"Бір ерекшелігі – басқа елдің азаматы бола тұра, олар Қазақстан Республикасының азаматтарымен және қандастарымен тең құқыққа ие болады. "Ата жолы" картасы – этникалық қазақтарға елімізде бизнес-кейстерін іске асыруға және елде тапшы мамандардың Отанға қызмет етуіне берілетін құжат. Карта иелеріне республика аумағында өзге ел азаматтықтарын сақтай отырып, 10 жылғы дейін тұрақты тұруға рұқсат беріледі", – делінген қауымдастық хабарландыруында.
Қағидаларға сәйкес, "Ата жолы" картасы Атажұртқа келген бизнесмен-инвесторларға не шетелде тұратын этникалық қазақтар қатарынан сұранысқа ие кәсіптері бар адамдарға мынадай санаттардың біріне сәйкес ұсынылады:
- Президенттің 2005 жылғы 6 маусымдағы №1587 Жарлығына сәйкес "ҚР азаматтығына қабылдаудың оңайлатылған тәртібі белгіленетін адамдар үшін кәсіптердің тізбесін және қойылатын талаптарға" сай, Қазақстан азаматтығына қабылдаудың оңайлатылған тәртібі белгіленетін мамандыққа ие болса (мысалы, белгілі әртіс, режиссер, археолог, сәулетші, биолог, дәрігер, мұғалім, инженер, ұшқыш және тағы басқасы);
- Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 20 ақпандағы бұйрығына сәйкес, үміткер Қазақстанда талап етілетін кәсіптердің біріне ие болса;
- Тұрақты тұратын елінде немесе азаматтығы бар елде тіркелген және жұмыс істеп тұрған бизнесі болса.
Яғни, осы үш санаттың біріне сәйкес келсе, шетелде тұратын этникалық қазақтарға "Ата жолы" картасы ұсынылады,
Бұл құжатты "Құтты мекен" мобильді қосымшасынан өтініш беру немесе Қазақстан елшілігіне жүгіну арқылы алуға болады.
Бір қарағанда, бәрі оңай. Картаға өтініш беру үшін Қазақстанға арнайы сапарлаудың, жергілікті мекемелердің табалдырығын тоздырудың қажеті жоқ. Өтінішті ұялы телефонға жүктелген арнайы қосымша арқылы бере салуға болады.
Тиісті өтінім небары 5 жұмыс күні ішінде қаралады. Содан кейін Еңбекмині сол қосымша арқылы үміткерді құжаттың ұсынылғаны туралы хабардар етеді.
Шынында, карта алғысы келгендер "дәстүрлі түрде" қазақстандық бюрократиялық "ну орманға" кіріп, сергелдеңге түсіп, ақыры адасып тынады. Араб елдерінің бірінде тұратын Баттал Сарым дүрмекке ат қосып, "Ата жолы" картасына қол жеткізуге ниеттеніпті. Алайда қойылатын талаптардың күрделілігі үркіткенін айтады.
"Карта иесі Қазақстанда ресми жұмысқа орналасып, жұмыс берушісі онымен арадағы келісімшартын "еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде" тіркеуге тиіс екен. Немесе Қазақстанда дара кәсіпкерлікті, заңды тұлғаны тіркеп, жобаны жүзеге асырыңыз дейді. Қылмыстық әлемге қатысымның жоқтығын біраз тексереді екен. Бірақ мен Қазақстанда қалып, жұмыс істеуді жоспарлап отырған жоқпын. "Ата жолы" шетелдегі қазақтарға арналған "гринкарта" болады дегені қайда?! Маған керегі – Атажұртқа визасыз еркін келіп-кетіп тұру мүмкіндігін иелену. Ниетім – алжирлік және қазақстандық бизнес арасында арағайын болып, түрлі жобаларды ілгерілету еді", – дейді Баттал.
Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының түсіндіруінше, "Ата жолы" картасы иегерлерінің оралмандардан басты айырмашылығы бар: олар басқа елдің азаматтығында қала отырып, Қазақстан азаматтарымен бірдей біраз құқыққа ие болады. Мәселен, оларға Қазақстан аумағында:
- жұмысқа орналасу құқығы;
- кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру құқығы,
- медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі;
- тегін орта білім алу;
- арнаулы орта немесе жоғары білім алу конкурсына қатысу немесе жеке оқу орындарында ақылы оқу мүмкіндігі беріледі.
Бұдан басқа, "Ата жолы" картасының иелері Қазақстан азаматтығын оңайлатылған тәртіппен ала алады.
Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова "Ата жолын" ала алғандар қатары тым аз екенін жасырмады.
Оның мәліметінше, бүгінгі таңда, 2023 жылдан бері бар-жоғы 55 өтінім ғана құпталған. 55 өтінім иесінің отбасы мүшелерін қоса санағанда жалпы саны 124 адам үшін карта беру мақұлданды.
Соның ішінде 67 адамға арналған 25 картаны бизнес-иммигранттар, қалған 57 адамға тиесілі 30 картаны – елімізде сұранысқа ие кәсіп иелері алды.
Мысалы, "сұранысқа ие мамандықтар" бойынша 11 елдің азаматтары карта иеленді. Тарата айтқанда, көбі Ресейден – 15 адам, Германиядан – 4 адам, Моңғолия мен ҚХР-дан – 2 адамнан, АҚШ, Израиль, Нидерланд, Өзбекстан, Қырғызстан, Финляндия және Австриядан – бір-бір адамнан.
"Бизнес-иммигрант" ретінде картаны 10 елдің азаматы саналатын қазақтар алды: ең көбі Ресейден – 12 адам, Ауғанстаннан – 3 адам, ҚХР мен Моңғолиядан – әрқайсысынан 2 адамнан, Австрия, Израиль, Германия, Түркия, Өзбекстан және Түрікменстаннан – 1 адамнан.
Вице-премьер "Ата жолы" картасын алу ісі неге қиындатылғанын түсіндірді. Әрбір үміткердің қылмыстық, лаңкестік ұйымдарға қатысының бар-жоқтығы тексеріледі.
Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Парламент ішкі істер органдарының аумақтық бөлімшелеріне "Ата жолы" картасын алуға өтініш білдірген үміткер туралы сол тұратын мемлекетке тиісті сауалдар жолдау құзырын ұсыну бөлігінде заңнамалық өзгерістер енгізіпті.
"Нақтылағанда, үміткердің террористік немесе экстремистік ұйымдарға жататындығын, тиісті өңірлердің ұлттық қауіпсіздік органдарында құқық бұзушылық жасағаны туралы айыптау мәліметтерінің бар-жоғын тексереді. 2024 жылдың 24 мамырында Үкіметте менің төрағалымыммен "Ата жолы" картасын алған азаматтармен кездесу өткізілді. Кездесу барысында біраз проблема айтылды. Картаны алу тетіктерін жетілдіру, жұмысқа орналасу, бизнестерін дамыту және басқа мәселелер бойынша олардың ұсыныстары тыңдалды", – деді Тамара Дүйсенова.
Вице-премьер карта иелеріне "бір өтініш" қағидаты бойынша тұрақты тұруға рұқсат алудың оңайлатылған тәртібін енгізу мәселесі пысықталып жатқанын жеткізді. Тиісті заңнамалық түзетулер қаралуда.
Айтпақшы, о баста бұл карта "Қазақ картасы" деген атау алған болатын. Алайда кейін "Ата жолы" деп өзгертілді.
Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса "Қазақ картасы деген атауды кім өзгертті?" деген сауалға жауап берді. Оның болжамынша, бұған Алтай Көлгіновтің ықпалы болуы мүмкін (Алтай Сейдірұлы Президенттің өкімімен 2024 жылғы 27 наурызда Қазақстанның Эстониядағы төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды).
"2022 жылы күзде мен күрделі жүрек отасымен ауруханада жатқанда, Парламентте қандастар мәселесі қаралған жиын өтті. Ауруханадан онлайн қосылғанмын, бір қарасам, сол кездегі Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің қандастарға қатысты “Қазақ картасы” деген атауға тиісіп отырғанын байқап қалдым. "Қазақ картасы деген не атау? Біз көп ұлтты елміз. Атын ауыстыру керек!" деп шүйлігіп отыр екен. Кейін 2022 жылғы 20 қарашадағы Президент сайлауынан кейін 2023 жылғы қаңтардың басында Үкімет ауысты да, Көлгінов қайтадан вице-премьер болып тағайындалуға Парламентке келісім алуға келді. Сонда осы әңгімені алдына тарттым", – деді мәжілісмен.
"Ұлттық идеологиямыз жолға қойылмай жатыр әлі күнге. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асса да, біздің шенеуніктер Кеңес империясы кезіндегідей ұлт десе, тіл десе, шекелері тырысып шыға келеді. Өткенде осы Парламентте қандастарға байланысты жиында Алтай Сейдірұлы, сіз “Қазақ картасына” байланысты: "Қазақ деп айтуға болмайды, көп ұлтты елміз" деп айтып қалдыңыз. Егер Үкіметтің идеологиялық сала бойынша вице-премьері “қазақ” деген сөзді айтуға болмайды” деп, ұлтымыздың атын атаудан қашып отырса, қайдағы ұлттық идеология?!" – деген еді Қ.Иса.
Алтай Көлгінов бұл ақпаратты сонда жоққа шығарды.
"Қазақ деген атау не?" деп айтқан жоқпын. Сіз дұрыс түсінбей қалған боларсыз", – деп жалтарды. Бірақ бәрібір ескі сүрлеуіне қайта түсіп: "Біз көп ұлтты ел екенімізді ұмытпайық!", – деп қайталады.
"Бұл жоба шетелдердегі этникалық қазақтарға арналғандықтан, “Қазақ картасы” деген атау нақты, сәтті қойылған еді. Тәуелсіздік алсақ та, сол баяғы көлеңкесінен қорқатын шенеуніктер ақыры атын ауыстырып тынды. “Қазақ” деген өз ұлтының, мемлекет құраушы негізгі ұлттың атын да атауға қорқып жүр", – деп қапаланады Қазыбек Иса.