"Атамекен" палатасының жаңа рөлі айқындалды

4774

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұлттық кәсіпкерлер палатасына жаңа өкілеттіктер беруді ұсынып отыр.

"Атамекен" палатасының жаңа рөлі айқындалды Фото: ашық дереккөзден

Атап айтқанда, "Кәсіптік біліктіліктер туралы" заңы аясында ҰКП "біліктілікті тану орталықтарын" (БТО) аккредиттеуді жүргізбек және олардың қызметінің сапасына бақылауды жүзеге асыратын болады.

"Осы арқылы жұмыс берушілердің өкілдері тиісті талаптарды ескере отырып, осы мәселені өздері реттейтін болады. Бұл жұмыс берушілердің біліктілікті тану туралы сертификаттарды мойындау процесін жеделдетеді", – деп түсіндірді министрлік.

Елдері ереуілдердің артуына еңбек саласының тиісті дәрежеде реттелмеуі де ықпал етуде. Еңбек ведомствосы елде жұмыссыз жүргендердің нақты саны қанша екенін білмейді. Еңбек министрі Серік Шәпкенов 2021 жылдың қорытындысында ресми жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды құрайтынын хабарлады. Алайда ауылда, шағын қалаларда тұрғындардың көбі лайықты жұмыс таба алмай жүргені жасырын емес.

Мысалы, пандемия салдарынан жұмыссыздық көрсеткіші Арменияда 20,2%-ға, Грузияда 12,1%, Украинада 9,5%, Грекияда 16,9%, Испанияда 15,7%, Түркияда 13,9%, Еуропаның өзінде 7-9 пайызға дейін шарықтады. Ал Қазақстанның шенеуніктері болса, пандемия кесірінен жұмыссыздық 2020 жылы 2019 жылғыдан небәрі 0,1 пайызға өсті (4,9%) деп, елді алдарқатты. 

Президенттің Мәжіліс отырысында және отандық ірі бизнесмендермен кездесуінде айтқан қатаң сынынан кейін шындықтың шет-жағасын аша бастағандай. Меморган бірнеше мәселеге назар аудартты.

"Елде білікті мамандардың жетіспеушілігі байқалады. Ал білім беру ұйымдары жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келетін мамандарды дайындай бермейді. Сондай-ақ Қазақстанда жұмыс берушілер мен жұмыскерлер тарапынан сенімге ие, біліктілікті тануға толық маманданған орган әлі күнге жоқ", – деді Еңбек министрлігі.

Оның ұсынуынша, саланы реттеу құзыретін ҰКП-ға толық беру керек.

Қағазы жоқтар қағажу қала бере ме?

Айта кететін жайт, бұған дейін төл бастамасы аясында "Атамекен" өз жанынан Біліктілікті тану орталықтарын құрған еді. Олар жұмыс берушілер өзіне қажетті кадрды таба алуы үшін мамандарды сертификаттаумен айналысады және тиісті сертификатқа ие мамандардың тізілім-реестрін қалыптастырады.

"Алайда біліктілікті тану, соның ішінде бейресми-формальды және информальды білімді (жұмыскердің курстарды бітіріп, өз бетінше алған біліктілігін) тану мақсатында осы бағытта кең ауқымды жұмысты жүзеге асыру үшін ұлттық палатаның жеткілікті нормативтік және өкілеттік базасы болмады. Сондай-ақ жекеменшік сертификаттау орталықтарының қызметі қазіргі уақытта еш реттелмейді. Қазақстанда біліктілікті тану орталықтарының қызметі сапасына мониторинг жүргізуге және олардың қызметін үйлестіруге жауапты орган да жоқ", – деп проблемаларды атады Еңбек министрлігі.

Салдарынан, мұндай орталықтар берген сертификаттарға жұмыс берушілер сенбейді.

Негізі, Қазақстанда қандай да бір кәсіптің оқуын бітірмеген. Бірақ оның қыр-сырын өз бетінше үйренген шебер мамандар бар. Олардың бәрінің біліктілігін осындай орталықтар жақсылап сынап, бағалап, мәртебесі ЖОО дипломымен теңесетін сертификат берсе, ол адамдар беделді компанияларға жұмысқа орналаса алатын еді. Олай болмаған соң, қанша жерден білікті маман болса да, тиісті дипломы жоғын білгенде, жұмыс берушілер одан теріс айналады. Оларды да түсінуге болады. Бизнес субъектісі түрлі тендерге қатысып, сатып алулардан ақша-ауқат жинауы үшін персоналының біліктілігін дипломдарымен растауға тиіс.

Мысалы, Жаңаөзен қаласының тұрғыны, тәуелсіздіктің түлегі, 30 жасар Арман өз бетімен жаңа мамандық игеріпті. Оның алдында жұмыссыз жүрген соң, әкесінің көлігін пайдаланып, таксиші болып қызмет етеді. Алайда қылмыскерлердің құрығына түсіп қалған екен.

"Біреулердің кесірінен істі болдым. Таксиші болып ақша табайын деген едім, ал клиенттердің ұрлыққа барғанын білмедім. Сот: "қылмысты біле тұра жасырдың" деп 3,5 жыл шартты мерзім кесті. Таксилетуді тоқтатуға тура келді. 2017 жылы мемлекеттік қысқа мерзімді курсты оқып, стропальщик мамандығын игердім. Содан Ақтауда "Kazakhstan Caspian Offshore Industries" компаниясында жарты жыл жұмыс істедім. Одан кейін 2018 жылы Құрық елді мекеніндегі ERSAI компаниясына қарасты "СтамГазСтройда" мамандығым бойынша вахталық тәсілмен қызмет еттім. 2019 жылғы сәуірде компанияда қысқарту жүріп, жұмыстан босатылдым. Қазіргі таңға дейін тұрақты жұмыста болмадым!", – дейді Арман.

Оның отбасында жалғыз әкесі ғана ресми жұмыс істейді екен. Үйінде анасы, інісі, үш қарындасы және келіншегі тұрады. Ол "ӨзенМұнайГазда" штатқа болмаса да, аутсорсинг арқылы жұмыс істегісі келеді. Қазіргі кезде тұңғыш сәбиін күтіп отыр. Сондықтан өз мамандығы бойынша тұрақты жұмыс істегісі келеді. Ол былтыр Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаровқа өтініш жазыпты. Алайда әкімнен ешқандай хабар болмағанын айтады.

"Әке-шешемнен ұят болды! Масыл болғым келмейді!", – дейді ол.

Тоқаев тапсырған еді...

Аяқ-қолы балғадай, бірақ біліктілігі құжат жүзінде мойындалмағандықтан қалаған жұмысына қол жеткізе алмай жүрген азаматтар жетерлік.

Еңбек министрлігінің ұстанымынша, сертификаттау орталықтарының сапасына мониторинг жүргізу – олардың мамандардың біліктілігін бағалауға деген дайындығын айқындауға мүмкіндік береді. Мониторинг барысында орталықтардың теориялық және практикалық емтихандар өткізу үшін қажетті материалдық базасының, қажетті құралдарының, жабдықталған кабинеттерінің және басқаларының болуы тексеріледі.

Министрліктің пайымдауынша, реформа нәтижесінде: қызметкерлер, жұмыссыздар және жұмыс іздеушілер тез әрі сапалы жұмысқа орналасу, жоғары табыс табу мүмкіндігіне ие болады. Жұмыс берушілер қызметкерлердің кәсіби жарамдылығы деңгейін нақты әрі тәуелсіз бағалаумен және білікті мамандармен қамтамасыз етіліп, компанияларда еңбек өнімділігі артады.

Жалпы елдегі жұмыссыздықтың тамыры тереңде, ол ЖОО, колледж қабырғасынан басталады. European Training Foundation әзірлеген "кәсіби даярлық шолуына" жүгінсек, оқу орындары сапалы блім бермегендіктен, Қазақстандағы түлектердің 35,5%-ы өздерінің дипломында көрсетілген біліктілігіне сай мамандық бойынша жұмыс істемейді. Оның үстіне түлектердің 40%-дан көбі оқу бітіргеннен кейінгі бірінші жылы жұмыс таба алмайды.

Әрине, түрлі тәртіпсіздікке ұласуы мүмкін ереуілдерге түрткі болатын проблемаларды жалғыз біліктілікті тану орталықтарының жұмысын жетілдірумен шешуге болмас.

Бірақ бұл іс те маңызды рөл ойнайды. Атап айтқанда, 21 қаңтарда отандық бизнес өкілдерімен кездескен Президент Қ. Тоқаев кәсіпорындарға шетелден маман тартуға тоқтау салынатынын жеткізіп, енді отандық кадрларды барынша жұмылдыруды жүктеді. Мемлекет басшысының айтуынша, тек Қазақстанда шынымен жоқ, тар салалы және нақты бейіні бар мамандарды ғана шақыруға рұқсат етіледі.

Ендеше отандық кәсіпорын-компанияларға енді жалақысы жоғары лауазымдарға біліктілігі жоғары мамандар көптеп қажет болуы мүмкін. Ол орындарға оқу орнын жаңа ғана бітірген түлектер алынбасы анық. Демек білікті мамандар тапшылығы мәселесін қолданыстағы жұмыскерлерді сертификаттау және біліктілік-машығын тану арқылы да шешуге болады. Осы тетік сондай-ақ қатардағы жұмысшыларды еңбек нарығында сұранысқа ие болу үшін біліктілігін арттыруға ынталандырмақ.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу