Қорықшы жұмысы – елдегі ең қауіпті мамандықтардың бірі. Браконьерлер, есірткі тасушылар, қашқын қылмыскерлер айдалада ара түсер адам, қылмысын айғақтар куәгер болмайтындықтан жалғыз-жарым қорықшыны еш қаймықпай өлтіре салудан тайынбайды.
2012 жылғы 28 мамырда "Арқанкерген оқиғасы" кезінде 14 шекарашымен бірге қорықшы Руслан Ким де өлтірілгені белгілі.
2019 жылдың басында "Охотзоопром" инспекторы, журналистердің көптеген репортажының кейіпкері болуымен ел арасында танымал қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің Қорғалжың қорығында киіктерді қорғаймын деп браконьерлердің қолынан қаза табуы елді дүрліктірді.
Оның әріптесі Петр Ницык ауыр жараланған. Осы қастандыққа қатысы болған 3 адам өмір бойға бас бостандығынан айрылды.
2022 жылғы наурызда Шардара су қоймасында қорықшыға бірден 10 адам жабылып сабап кеткен. 2024 жылы Ұлытау облысында қорықшылардың өміріне қауіп төндірген төбелес тіркелді. Тере берсе мұндай оқиғалар тым көп.
"Қаскөйлер өз қылмысын жасыру үшін пара алмайтын, айтқанға көнбейтін адал, принципшіл қорықшыларды өлтіріп, иттерімен бірге көміп кеткен оқиғалар болды. Немесе аяусыз төмпештейді, көлігін өртеп, рациясын бұзып, өліп қалсын деген ниетпен қыс ішінде айдалада қалдырады. Сотта куәлік жасағаны үшін қорықшының үйін өртеп жіберген. Қазіргісін білмедім, бұрынғы жылдарда браконьерлердің бәрі бірдей лайықты жазасын ала бермейтін. Мысалы, Қарағандыда қорықшыны атып, жаралаған адам тиісті жауаптылықтан құтылып кетті. Жоғарыда мықты тірегі болса керек. Аңшы аңмен шатастырып, абайсызда атқан деді. Қорықшының жақын жерден атылғанын дәлелдеген сараптама жоғалып кеткен", – деп еске алады бұрынғы қорықшы Дмитрий Никитин.
Өткен жылы ел Үкіметі қорықшылардың жаңа лауазымдық еңбекақысын бекітіп, олардың айлығы екі еседей өсетініне сөз берген. Алай бұл орындалмады.
Осыған орай Сенаттың да, Мәжілістің де депутаттары қорықшыларды алдаудың дұрыс болмағанын нұсқап, Үкіметке депсауалмен жүгінді. Қос палата да Үкіметтен бюджетте тиісті қаражаттың табылмағаны туралы жалтарма жауап алды.
Сондай-ақ, жалақы көтеруден маусымдық жұмысшылар, техникалық персонал, жүргізушілер, радистер, механиктер және басқасы мүлдем қағылғаны анықталды. Олардың жалақысы 100 мың теңгеден көп алыс кетпейді. Ал, оларсыз бірде бір орман шаруашылығы, қорықшылық жұмыс істей алмайды.
Жалақысы жоғарылау деген қорықшылар, инспекторлар және олардың басшылары 160-400 мың теңге аралығында табады екен. Бұл қауіпті қызмет пен ауқымды еңбекке мүлдем сай емес. Жұмыс іздеу сервистерінде қорықшыларға үнемі "сұраныс" бар. Бірақ 200 мың теңге айналасында ғана айлық ұсынады.
Сонымен бір мезгілде қолданыстағы нормативтер бойынша бір орманшыға 250 гектар аумақ сеніп тапсырылады. Соны ол күні-түні, аптап ыстық пен сақылдаған аязда аралап, қорғауға тиіс. Содан бұл салада тек өз ісіне шын берілген және патриот азаматтар ғана қалады.
Бұл кәсіптегі кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне аңшылық саласы және жануарлар дүниесін сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасына бастамашы болды.
Заң жобасы қолданыстағы салалық заңның 33-1-бабының 1-тармағын жаңа 16) тармақшамен толықтыруды, яғни, маман даярлауды жаңа жолға қоюды көздейді.
"Жеткіліксіз дайындық қорықшылардың жануарлардың санын реттеуге қатысты қате шешімдер қабылдауына әкелуі, бұл табиғаттағы тепе-теңдікті бұзуы мүмкін. Қажетті білімсіз аңшылар заң талаптарын, аң аулау және табиғатты қорғау ережелерін білмеуі, соның салдарынан заңсыз әрекеттерге баруы мүмкін. Білімі төмен қорықшылар браконьерліктің және басқа да экологиялық қауіпті әрекеттердің алдын алуда тиімді әрекет ете алмайды", – деп түсіндірді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті.
Тиісті біліктіліксіз қорықшылар тіпті табиғатты қорғаудың маңыздылығы туралы халықты тиімді түрде хабардар етіп, сауатты түсініктеме жүргізе алмайтыны алға тартылды.
Ведомство қорықшыларды арнайы даярлауды, соның ішінде түрлі қару түрлерінен атып үйретуді "аңшылардың қоғамдық бірлестіктері қауымдастықтарына" сеніп тапсыруды жоспарлап отыр.
Аңшылар мен аңшылық шаруашылығы субъектілерінің қоғамдық бірлестіктерінің басын біріктіретін Республикалық қауымдастықтар "аңшылық алқаптарында жануарлар дүниесін қорғауды жүзеге асыратын аңшыларды арнайы даярлаумен" айналысатын болады.
"Аңшылар мен аңшылық шаруашылығы субъектілерінің қоғамдық бірлестіктерінің қауымдастықтары қорықшыларды ақылы негізде даярлайтын болады, бұл іс қауымдастыққа қосымша пайда әкеледі. Бір қорықшыны даярлауға 44 сағат қажет. Бұл шамамен 30 344 теңгені құрайды (ҚҚС есептемегенде). Елімізде 3 084 қорықшы бар, сондықтан бизнес үшін олардың бәрін даярлықтан өткізудің мүмкін болатын жалпы шығындары 93 млн 580,8 мың теңгеге жетуі мүмкін", – деп түсіндірді комитет.
Қорықшыларды даярлау үшін материалдық-техникалық жабдықтар, қауымдастық қызметкерлеріне еңбекақы төлеу қоры және оқу-әдістемелік материалдар қажет болады.
Бірақ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті қауымдастықтарға қорықшыларды жаппай даярлағаны үшін бюджеттен қанша қаржы берілетінін нақтыламады.
Онысы әзірге белгісіз. Жаңа заң қабылданып, тиісті нормативтік-құқықтық актілері қабылданғанда, Парламент бюджетте тиісті қаражатты бекіткенде ғана анықталады.
Дегенмен, биылғы "Жұмысшылар жылы" нағыз еңбеккер – қорықшылардың жалақысы көтерілмесе, дайындалған адамдар да артынша бұл ауыр да қауіпті кәсіпті тәрк етіп тастап кете беретін болады.