Атмосфера да, мұхиттар да, құрлықтар да бұрынғыдан жылырақ. Кім кінәлі?

3621

Зерттеушілер тобы климаттың өзгеруіне қатысты ең толық есебін жариялады.  

Атмосфера да, мұхиттар да, құрлықтар да бұрынғыдан жылырақ. Кім кінәлі?

3000 мың беттік құжатқа сенсек, жаһандық жылыну бақылаудан шығып кетуге жақын, деп жазады inbusiness.kz. Ал, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерреш жаңа есепті "адамзат үшін қызыл код" деп сипаттады. Баяндаманың ең негізгі тұстарына тоқталсақ, олардың қысқаша мазмұны төмендегідей:

Адамзат кінәлі

Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық топ (IPCC) өзінің ең күшті терминдерін қолдана отырып, климаттың өзгеруіне адам себепші екенін растау үшін жаңа баяндамасын жария етті. Оның қысқаша мазмұны мынадай: "Атмосфераның, мұхиттардың, құрлықтардың жылынуына адамзат ықпал еткені сөзсіз".

Осылайша, IPCC бұрынғы есептеріндегідей климаттағы өзгерістерге өнеркәсіп кінәлі болуы "бек мүмкін" деген пайымдардан бас тартып, экологиялық проблема үшін адамды тікелей айыптауға кірісіп отыр.

"Бұл сөйлемде белгісіздік жоқ. Себебі ғаламдық жылынуға адамның іс-әрекеттері мен қазба отынды жағуы кінәлі екеніне күмән қалмады", - дейді тарихи баяндама авторларының бірі және Оксфорд университетінің климатолог-ғалымы Фредерике Отто.

Температура көтеріле бермек

Баяндамада әлем атомосфераға тарайтын улы қалдықтарды қаншалықты төмендететініне байланысты болашақтың қандай болатыны сипатталған.

Бірақ, тіпті сол қалдықтар мейлінше қысқартылса да, ғаламдық температураның Цельси өлшемі бойынша 1,5 градусқа дейін жылынуын тоқтату екіталай. Екінші жағынан, қалдықтар дереу азайтпаса, осы ғасырдың соңына дейін сынап бағанасы қалыпты деңгейден 2 градусқа асып кетуі ғажап емес. 

Сонымен қатар, ғалымдар бұрын болуы екіталай, бірақ, бәрібір орын алуы мүмкін оқиғаларды да қарастырып, Артикадағы мұздықтардың жоғалуы мен ормандардың жойылуы тәрізді шешуші факторлардың адамзатқа үлкен зардабы тиетінін жоққа шығармаған баяндамада.

Ауа райы экстремальдық сипат алып барады

Бір кездері сирек кездесетін немесе бұрын-соңды болмаған ауа райы құбылыстары кеңінен етек алып барады. Бұл үрдіс әлемнің жылынуын 1,5С-ке дейін шектесе де жалғаса береді.

50 жылда бір рет болатын аптап ыстық толқындар қазір шамамен он жылда бір мәрте қайталанатын болды. Тропикалық циклондар болса, күшейіп барады. Көптеген аудандарда бір жылда жаңбыр немесе қар әдеттегіден әлдеқайда көбірек түседі. Қатты қуаңшылық қалыпты жағдайдан 1,7 есе жиі кездесетін болды. Ал, өрт маусымдары баяғымен салыстырғанда ұзарып, күшейе түскен.

Соңғы онжылдықтағы ғылыми жетістіктер ғалымдарға климаттың өзгеруі ауа райының нақты құбылыстарын тудырғанын немесе сол ауа-райын нашарлатқанын анықтауға көмектесіп отыр.

"Бұрын адамдар жекелеген оқиғалар туралы ештеңе айта алмаймыз деуші еді. Қазір біз ауа райының төтенше жағдайлары туралы сандық мәлімдеме жасай аламыз", - дейді Калифорниядағы Лоуренс Беркли ұлттық зертханасының климаттанушысы және IPCC баяндамасы авторларының бірі Майкл Вехнер:

Арктикалық жаз мұзсыз өтуі мүмкін

IPCC-тің ең оптимистік сценарийі бойынша, Артиканың жазғы мұзы 2050 жылға қарай кем дегенде бір мәрте толығымен жойылады. Бұл теңіз - жер шарындағы ең жылдам жылынып жатқан аймақ  - ол ғаламның өзге аймақтарымен салыстырғанда орта есеппен екі есе тез жылынып жатыр.

Арктикадағы мұздың деңгейі жыл бойы өзгеріп отырғанымен, оның жазда азаюы 1970 -ші жылдардан бері байқалып, қазір мың жылдағы ең төменгі деңгейге дейін қысқарып кеткен. Бұл ерудің нәтижесінде шақырайған мұздың орнын басқан қара су күн радиациясын жұтып алып, ғаламдық жылынуды тіпті күшейтіп отыр.

Теңіздер көтеріле бермек

Теңіз деңгейлері жүздеген немесе мыңдаған жылдар бойы көтеріле беретіні сөзсіз. Тіпті жаһандық жылыну 1,5С -та тоқтатылса да, мұхиттардың орташа деңгейі әлі шамамен 2-3 метрге немесе одан да жоғарылайды деген болжам бар.

Теңіздердің биіктеу жылдамдығы артып отыр. Өйткені, полярлық мұздар еріп, мұхит суы жылынып жатыр. 1960-шы жылдардан бері жағалаудағы көптеген аудандарда су тасқыны екі есеге жиілеп, бұрын бір ғасырда көтерілетін жағалау толқындары 2100 жылға қарай жылына бір мәрте тулап отырмақ. Ғалымдардың өзге бір болжамынша, 2300 жылға қарай теңіздер суының көтерілу биіктігі 15 метрден де асып кетуі ықтимал.

Уақыт аз қалды

Париж келісімінде көрсетілген ғаламлық жылынуды 1,5С-ке дейін шектеу мақсатына жету үшін "көміртегі бюджетін" ұстану қажет.  Әлем бұл бюджетті шамамен он жылда жұмсауға дайын.

1800 жылдардың ортасынан бері атмосфераға климатты жылытатын 2,4 триллион тонна СО2 (көмірқышқыл газы) таратылып, ғаламдық орташа температура 1,1С-ке көтерді. Аталған бюджет таусылғанға дейін ауаға тағы 400 миллиард тонна улы зат қосылады деген қауіп бар. Қазір ауаға жылына 40 миллиард тоннадай зиянды қалдық жайылып отыр.

Бір үміт

Есепте адамдардың планетаға әсері мен болашақта тартатын зардабы туралы қайғылы суреттер бейнеленген. Алайда,  IPCC  мұздықтардың күйреуі мен мұхит ағындарының күрт баяулауы тәрізді қауіптерді жоққа шығармаса да, оларды "болу ықтималдығы төмен" апаттар деп сипаттаған.

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу