Атырау облысында жүргізілген аудиторлық тексерулер 2 млрд теңгеге бағаланған заң бұзушылықтарға жол берілгенін көрсеткен, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. Оның ішінде, қаржылық заң бұзушылықтар 574,3 млн теңге, тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражатының сомасы 1 022,4 00 млн теңге, тиімсіз жоспарланған бюджет қаражатының сомасы 316,7 млн теңгені құрайды. Бұл жөнінде облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясы төрағасының уақытша міндетін атқарушы Асылан Құмаров мәлім етті.
Аталған соманың 574,3 млн теңгесі қалпына келтіруге жататын қаржылық бұзушылықтар санатына кіреді, қазіргі күні одан 312,7 млнтеңге өтелген. Жүргізілген аудиторлық іс-шаралардың нәтижелері бойынша 166 тұлға жауапкершілікке тартылған, оның ішінде, 114 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты.
Асылан Жұмабиденұлының айтуынша, соңғы кездері кейбір мекемелерде бюджет қаражатын жымқыру деректерінің жиі кездесуі байқалған. Құқық қорғау органдарына жолданған материалдарға сәйкес, бюджеттен ұрланған қаржының көлемі 417 млн теңгеге жуықтаған. Оның нақты бюджетке өтелгені 88 млн теңге, қалған соманы өндірумен сот орындаушылары айналысуда.
Осы ретте аудан, ауыл басшылары тарапынан болған қаржылық заң бұзушылықтар назар аударуды қажет етеді. Бұған дейін де айтылғандай, олардың заң тетіктерін дұрыс білмеуі көбінесе көпе-көрнеу заң бұзушылықтарға алып келіп отырған. "Кей ауылдық әкімдер электрондық қолтаңбаларын есепшілеріне беріп қояды, жасалған жұмыстарды қағаз жүзінде де тексеріп отыру керектігін ескермейді", – деп атап көрсетті А.Құмаров.
Атап айтсақ, Қызылқоға ауданы Мұқыр ауылдық округінің әкім аппаратының бас маман-есепшісі қызметкерлердің атынан өзінің жеке кәртішкелік шотына еңбекақы және іссапар шығындарынан 22 млн теңгеге жуық аса ірі көлемдегі бюджет қаржысын аударып алғаны анықталып, сот үкімімен 7 жылға бас бостандығын айырылып, өмір бойы мемлекеттік қызметте есеп саласында жұмыс істеуіне тыйым салынған. Сондай-ақ, Исатай ауданының Тұщықұдық ауылдық округі әкімінің аппаратының бас маман-есепшісі 2017-2020 жылдар аралығында тура осындай жолмен 10 млн теңге бюджет қаражатын иемденіп алады. Алайда кінәлі тұлғаның қайтыс болуына байланысты іс қысқартылған. Махамбет ауданына қарасты бір мектептің екі есепшісі 50 млн теңгеге жуық бюджет қаржысын ұрлап, 6 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылып, өмір бойы мемлекеттік қызмет есеп саласында жұмыс жасауға тыйым салыныпты. Мақат ауданына қарасты спорт және мәдениет бөлімінің де мемлекет пен жеке қалтасын шатастырып, өзіне 2 млн теңгеден астам қаржыны аударып алған есепшісінің ісі бүгінде сотта қаралуда. Мұндай деректер қалада да кездеседі. Биыл сотқа жолданған материалдардың бірі Атырау қаласындағы балабақшалардың біріне қатысты. Ондағы есепші 26 млн теңгені өзінің есепшотына алаңсыз аударып алып, алшаң басып жүріпті.
Облыс бойынша түсімдер мен салықтар бойынша мемлекеттік аудит жүргізіліп, нәтижесінде 225 млн теңге қаржылық және 24 рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар анықталған. Мәселен, Атырау қаласының жер қатынастар бөлімінде 152 млн теңгеге жуық қаржының бюджетке түспегендігі белгілі болды. Себебі жер сатып алушы тұлғалар жалған түбіртектер жасап алған, яғни қолдарында төлем құжаты бар, бірақ, салық органдарында түсім жоқ. Бұл материалдарды құқық қорғау органдары терген жатыр", – деді Асылан Құмаров.
Бұдан бөлек, Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының өкілі аудиторлық іс-шараларға тоқталып өтті. Оған сәйкес, облыста дағдарысқа қарсы бөлінген қаржының 37 млрд теңгеден астамына аудит жүргізіліп, нәтижесінде 714 млн теңгеге жуық түрлі құқық бұзушылық фактілері анықталыпты. 108 рәсімдік сипаттағы құқық бұзушылықтарға жол берілген.
Талдау жергілікті атқарушы органдардың жобаларды іріктеу кезінде облыс деңгейіндегі қала және аудандардағы жұмыссыздар санын және өндірісі бар аумақтардағы жұмыссыздық динамикасын есепке алмай болжамдар жасағанын анықтап отыр. Бекітіліп іріктелген жобалардың ішінде 4 жоба тиісті сараптамадан өтпей тұрып енгізілген, 6 жоба бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы хабарлама талонын алмай тұрып, құрылыс-монтаж жұмыстары басталып кеткен, 17 жоба бойынша құрылыс жұмыстары уақытылы аяқталмаған, 29 жоба бойынша 2020 жылдың мамыр-тамыз айлары аралығында жалданған мердігерлер мен жұмыс істеген мыңнан астам жұмысшыларға зейнетақы аударымдары түспеген. Индер аудандық тұрғын-үй шаруашылық бөлімінде бір жоба бойынша күрделі жөндеу жүргізудің орнына, ағымдағы жөндеу жұмысын жасаған және коммуналдық меншікте жоқ нысанға 161 млн.теңгені тиімсіз жоспарлапты. Бұдан басқа, денсаулық сақтау саласына қарасты емхананың лауазымды адамдары тарапынан бекiткен сметалар сомасынан асырып қабылдау жөнiнде шешім қабылдап, 14 млн.теңгеге бюджет қаражатын асырып, артық жасақталғаны анықталып, аудит барысында бюджетке қайтарылған.
Сондай-ақ, пандемия кезінде денсаулық сақтау басқармасының медициналық қолғап, басқа да антисептик тауарларын нарықтық бағадан едәуір қымбатқа алғандығы және өнімді ұсынушыларға артықшылық көрсеткені мәлім болып отыр. Елімізде орын алған пандемия кезінде дәрігерлердің қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілу дәрежесін анықтау мақсатында кейбір бөлімшелердің медицина қызметкерлерінің арасында сауалнама жүргізілген, 106 дәрігер қатысқан сауалнама нәтижесінде пандемия тұсында басшылықтың медициналық бетпердемен, ансептикпен, арнайы қорғаныс костюмімен медициналық қызметкерлерді толықтай қамтамасыз етпегені белгілі болған.
Осы жайларды аймақ депутаттарының қаперіне берген Асылан Құмаров бюджет қаражатының тиімсіз пайдалануын, басқа да заң бұзушылықтардың алдын алу және болдырмау мақсатында бірқатар шараларды қолға алу жөнінде ұсыныстар берді. Олардың қатарында жергілікті бюджетке түсетін түсімдер бойынша әрбір төленген түбіртектерді уәкілетті органдармен салыстырып отыру; барлық мекеменің бірінші басшыларының, әсіресе, білім саласы мен селолық округтерде электрондық қолтаңбаны өзі пайдалану және электронды нұсқасымен қағаз түріндегі төлемдер бойынша әрбір бюджеттен жұмсалған қаражатты жеке тікелей бақылауға алып, тексеріп отыру; есепші қызметкерлерге семинар кеңестер ұйымдастыру мәселелері бар.
Құралай Қуатова
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !