Атырауда масамен күреске 126 миллион теңге бөлінді

1496

Қаражат жыл сайын тұрақты бөлінеді.   

Атырауда масамен күреске 126 миллион теңге бөлінді

Атырауда масамен күреске биыл тағы 126 млн теңге бөлінген. Бірақ одан әлі не жойылып, не азайып кеткен қансорғыш көрінбейді, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.  

Атырау қалалық баспасөз қызметінің мәліметінше "AG Disinfektion services" ЖШС масаны улау жұмыстарын 19 наурызда бастаған. Алғашқы кезекте қалдық сулар, кәріз сулары төгілетін бес аймақта дезинсекция жүрмек. Одан кейін көпқабатты үйлердің жертөлелері, кірмедәліздері, сосын елдімекендер қолға алынады. Мердігер мекеме залалсыздандыру жұмыстарына 5 бригада, 23-30 қызметкер, 8 автокөлік пен арнаулы техника-құрылғыларды жұмылдырылып отыр. 

Айта кетейік, масаны улау шарасы жыл сайын дәстүрлі түрде жүргізіледі. 2019 жылы бұл жәндіктің бетін қайтару үшін бұған дейінгі ең үлкен қаражат – 130 млн теңге бөлінгенін жазған болатынбыз. "Zertteu Research Institute" ҚҚ жүзеге асырған "Open Budget Fellowship" жобасының аясында "Атырау өңірінде масамен күреске бөлінетін қаржының тиімділігі" тақырыбын зерттеген қала тұрғыны Әйгерім Досқалиеваның ашық дерек көздеріндегі мәліметі бойынша, масаға қарсы күрес жұмыстарын жүргізу үшін үш жыл ішінде, яғни 2017, 2018, 2019 жылдары Атырау облысында бюджеттен 130 000 000 теңге бөлінген. 

Белгілі болғандай, мұнайлы өңірдің географиялық жағдайы мен климат ерекшелігіне сәйкес, берекені кетірген масаны мүлдем жойып жіберу мүмкін емес. Сол себепті, онымен күресті сапалы жүргізуге назар аударып, жәндіктің көбейіп кетпеуіне күш салып отыру керек. Бұл үшін маса ерте көктемде, күн ысып кетпей тұрғанда залалсыздандыруға тиіс. Алайда тендердің кеш өтуі себепті бұл жұмыстың кеш жүргізілетіні, сондай-ақ масаға әсер етпейтін болғандықтан дезинсекциялау құралдарының қайта-қайта жетілдіріліп отырғаны – жыл сайын айтылып келе жатқан жайлар. 

Осы орайда, мұнайлы өңірдегі жағдайды масамен күресіп отырған Нұр-Сұлтан, Павлодар облыстарымен салыстырып қараған Әйгерім Досқалиева мынадай деректерді назарға ұсынады. 

"Республикада масамен күрес жұмыстарына ең көп қаржы бөлінетін аймақ Павлодар облысы. Ондағы айырмашылық  масамен күрес жұмыстары үшін жұмсалатын қаражат бір бөлек, масаны улауға қажетті инсектицидті аппараттарға қаржы бір бөлек және масасы көп аймақтарды зерттеуге арналған білікті мамандардың жұмысына қаржы бір бөлек қаралады екен. Өкінішке қарай, Атырау облысында жағдай мүлдем басқаша болып тұр. Мұнда бір 130 млн теңге көлеміндегі қаржыға уы да, еңбек күші де, зерттеу жұмыстары да кіргізілген. Павлодар облысындағы мәселе бойынша "сіздер не себептен әр қызметті бөлек қаржы бөліп қарастырғансыздар" деген сауалға басқармада отырған мамандар масаны зерттейтін мамандар емес екендігі, әр адам өз ісімен айналысуы тиіс екенлігі айтылған.

"Масамен күрес" жұмыстарының техникалық ерекшеліктерінде де мына нәрсеге мән бердім. Біріншіден, павлодарлықтар нақты қандай жерге улау жұмыстарын жүргізу керектігін жазған, нақты көрсеткен, ал атыраулықтардың техникалық ерекшеліктерінде Атырау қаласының бір селолық округінің атауы ғана тұр. Екіншіден, павлодарлықтар жұмыстың орындалу нәтижесі 80 пайыздан төмен болса, мердігер өз есебінен жұмысын жалғастырады деген тармақты енгізген, ал атыраулықтардың келісімшартында мұндай тармақ жоқ. Үшіншіден, павлодарлықтар заманауи техникалардың болуы (авиа) керектігін алға тартқан, ал атыраулықтар мұндай талап қоймаған. Мысалы, улау жұмыстарына әуе машиналары пайдаланылса, сәйкесінше, бұл – масаның азаюына ықпалы мол болар еді", – дейді Әйгерім Досқалиева. 

Осы орайда тағы бір проблеманың бары анықталды. Ол – жәндіктерді зерттеумен айналысатын энтомолог маманның жоқтығы. "Бізде биолог мамандар өте көп, ал энтомолог мүлдем жоқ. "AG Disinfektion services" ЖШС директорының орынбасары Нұрлыбек Ахмедияров энтомолог маман қажет екенін айтып отыр. Егер "тауық сойса, да қасапшы сойсын" деген қағиданы ұстанатын болсақ, мұнайлы өңірге маса жәндігін кәсіби тұрғыдан зерттейтін маманның қажет екендігі көзге ұрып тұр.

Құралай Қуатова


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу