Өйткені бұл жерде әңгіме Қазақстанда және бүкіл әлемде кең етек алған жаңа тренд туралы болып отыр. Соның нәтижесінде әуе қақпаларынан бірте-бірте чемодан атаулы ізім-ғайым "жоғала" бастады.
Бұлай бара берсе, чемодан сүйреген жолаушы болашақта сирек құбылысқа айналып кетуі мүмкін. Дүниежүзіндегі сияқты біздің елімізде де бір ғана қол жүгімен, жеңіл-желпі саяхаттайтын адамдар көбейіп келеді.
"Ия, чемодандары бар жолаушылардың азайғаны байқалады. Үлкен чемодандарды көбіне балалы отбасылар сүйреп жүреді. Өйткені ішін балалардың керек-жарағымен, дәрі-дәрмекпен, ауысым киімдерімен толтырады. Әрине, бір өзі 3-4 чемоданға дейін таситын ауқаттылар да жеткілікті, бірақ бұрынғыдай көп деп айту қиын. Біраз ұшақтың багаж бөлімі бұл тұрғыда бостау болады. Есесіне авиакомпаниялар оны коммерциялық жүкпен толтырады", – деді Астана халықаралық әуежайында істейтін Назгүл есімді авиакомпаниялық тіркеу агенті.
Оның пікірінше, бұл бетбұрыстарға біріншіден, қазақстандықтар мен шетелдік қонақтар арасында лоукостерлердің танымал болуы ықпал етті. Оларға егер артық жүгіңізбен, чемоданыңызбен кіргіңіз келсе, өзіңізге тиімсіз – жүгіңіз үшін бір адамның билет құнына дейінгі көлемде шығындалуыңыз мүмкін.
Екіншіден, сапар мен саяхаттан ақша үнемдейтін, тиісінше ауысып отыру (с пересадкой) рейстерін таңдайтын жолаушылардың бір бөлігі шабадандарынан жолай айрылып қалудан қорқады екен.
Үшіншіден, баратын еліне жүксіз аттанатын, тек сол жақта қаптатып заттар алса ғана чемодан сатып алып, кері тиеліп қайтатын жолаушылар түрі де пайда болыпты.
Қалай болғанда, тіркеу бағанының алдына шабадандары бар жұрт бірінші ұмтылып, ұзынсонар кезек түзіп, тіркеудің басталуын асыға күтіп тұрады. Дәл осы кезде екінші жартысы орындықтарда жайғасқан, кофе ішкен күйде отыра береді. Міне, жеңіл сапарлауға көшкен жаңа тренд өкілдері – осылар.
Арсен Ахмет лоукостерлермен жиі сапарлай бастағалы барлық заттарын бір рюкзакқа толтыруды үйренгенін айтады.
"Қызым екеуіміз Ыстанбұлға 30 мың теңгеге бара алдық. Бұл тәжірибе қатты ұнады. Басты керегі – құжаттарың, ақшаң, гаджеттерің, дәрі-дәрмек және басқа маңыздысы жолдорбаға сыйып кетеді. Үлкен отбасы болмаса, үлкен чемодан қажет емес деп санаймын. Туристер баратын әлемдегі кез келген ірі қалада арзан киім-кешек пен халық кең тұтынатын тауарлар сататын базарлар бар. Оның бәрін Қазақстаннан тасымай, сол жерде сатып алып, пайдаланып, тастап кетуге де болады. Авиабилеттен үнемдеген жүздеген мың теңге оны өтейді", – деді Арсен.
Оның айтуынша, жолқапшықпен ғана жеңіл саяхаттасаңыз, бойыңызда жеңілдік сезімі пайда болады.
"Ұшақ тоқтамай жатып, орындарынан ұшып түрегелетіндердің көбі тезірек шығып, жүгіне жеткісі келеді. Содан паспорттық бақылаудан өтсе, ары қарай лентаның алдында шабаданын сарыла күтіп тұрғаны. Ал, сен олардың жанынан желіп өтіп, көңіліңе желік бітіп, қалаға, жағалауға ұмтыласың! Бұрын чемоданымды тасып жүргенімде оны тастап кету үшін қонақүйге асығатынмын. Енді рюкзагымды арқаға лақтырамын да, жаңа туристік дестинацияны зерттеуге дереу кірісіп кетемін", – деп мақтанды Арсен.
Ол рюкзакпен саяхаттау көлікпен қозғалыс еркіндігін беретінін де әңгімеледі. Мысалы, кез келген туристік қалада ауыр шабадан көтергендерден әуежайдағы таксишілер көп ақы сұрайды. Ал, жүгі жеңілдері әрірек барып, автобус, жеңіл рельсті көлік, каршеринг не басқа көліктің қызметіне жүгіне алуы мүмкін.
Жалпы, сарапшылардың байламынша, чемодандардан арылу – саяхаттың бүкіл форматын өзгертеді. Сондықтан кейбірі мұны саяхаттаудың жаңа түрі деп атайды. Адамдарда авантюраға, жаңаны тануға, импровизациялауға деген ұмтылыс пайда болады.
Сонымен бірге, бұл формат жайлылық-комфортты қалайтындарға, жағдайды бақылауға ұстауға тырысатын адамдарға, сондай-ақ демалысын базар-дүкен аралауға шығындағысы келмейтіндерге жарай бермейді.
Бұдан бөлек, саяхаттан қайтқанда, қаптаған туған-туысқанға тағам, тәбәрік пен кәдесый таситын жандар да бұған мұрын шүйірері даусыз.
"Кейбір әуекомпаниялар арзандау багажсыз тариф ұсынады. Ол да жолаушылардың жүктен арылуына түрткі. Әсіресе, жастар, сонымен қатар бірер күнге ғана немесе көршілес елдерге саяхаттайтындар чемоданынан жиірек бас тартады. Осы арқылы олар уақыты мен ақшасын үнемдейді", – дейді журналист Ольга Артамонова.
Оның айтуынша, тіркелетін багажы жоқ жолаушылар саны халықаралық бағыттарда да белсенді өсуде. Ал, чемодан сүйретуші жолаушылар негізінен ірі авиакомпанияларда және чартерлік рейстерде шоғырланады.
Кейбір бағалаулар бойынша қазіргі кезде әлемде бірқатар рейстерде чемоданы жоқ жолаушылардың үлесі 70%-ға дейін жетеді.
Бұл тұрғыда шыңға шыға алған әуе тасымалдаушыларының бірі – RedWings авиакомпаниясы. Ол клиенттерін чемодансыз сапарлауға ынталандырғаны, тіпті кей жағдайда мәжбүр еткені сонша, 2025 жылдың бірінші тоқсанында оның барлық жолаушыларының 61%-ы тіркеуден өтетін жүктен бас тартқан. Салыстырсақ, 2022 жылы бұл көрсеткіші небары 36% болыпты.
S7 авиакомпаниясының хабарлауынша, бүгінде оның клиенттерінің де үштен екісінен астамы ең құрығанда бір бағытқа жеңіл-желпі саяхаттауды қалайды. Өйткені бұлардың бір бөлігі кері бағытта рейске тіркелу кезінде багаж алып өту мүмкіндігін таңдайтын көрінеді.
"Туристас" порталының тұжырымдауынша, багажсыз тарифтердің танымалдылығының артуы бірінші кезекте тұтынушылық мінез-құлықтың өзгеруімен байланысты болса керек. "Өзіме керектінің бәрін өзіммен ала жүремін" дейтін құнтты аға ұрпақ азайып барады.
Қазіргі заманғы саяхатшылар, әсіресе, жас ұрпақ өздерін ешқандай артық заттармен жүктегісі келмейді. Олар тіпті өзге үшін жауапкершілік алмау мақсатында жалғыз жүреді, "соло-туризм" белең алды.
Бұған қоса, жолаушылардың өзімен бірге чемодан алмауы – авиакомпанияларға тиімді. Бұл олардың багажды өңдеу шығындарын азайтады, жүкшілердің қызметінен бюджет үнемдеуіне мүмкіндік береді.
Бұдан өзге, ұшақпен коммерциялық жүктерді, мысалы, үйлерінде отырғандардың маркетплейстерден тоқтаусыз сатып алып жатқан тауарларын көбірек тасуына жол ашады.