Ауғанстанда 300-ге жуық қауіпсіздік қызметкері сақал өсірмегені үшін жұмыстан босатылды

2293

Үш жыл бұрын елді басып алған тәліптердің мораль министрлігі олардың бейнесін шариғат заңдарына қайшы деп тапқан. 

Ауғанстанда 300-ге жуық қауіпсіздік қызметкері сақал өсірмегені үшін жұмыстан босатылды Фото: reuters

"Талибан" қозғалысының Мораль министрлігі сейсенбіде қауіпсіздік күштерінің 280-нен астам қызметкерін сақал өсірмегені үшін қызметтен босатты. Және де Ауғанстанда өткен жылы "азғын әрекеттері" үшін 13 мыңнан астам адам қамауға алынған.

Арсыздықтың алдын алу және ізгілікті насихаттау (мораль) министрлігі жыл сайынғы баяндамасында мәлімдегендей, ұсталғандардың жартысына жуығы 24 сағаттан кейін босатылған.

Осы министрліктің жоспарлау және заңнама департаментінің директоры Мохибулла Мохлис баспасөз мәслихатын өткізіп, тиісті органдардың өткен жылы 21 328 музыкалық аспапты жойып, мыңдаған компьютерлік оператордың "әдепсіз және этикаға қайшы" фильмдер сатуына жол бермегенін де атап өтті.

Сонымен қатар, Мохлис қауіпсіздік күштерінің 281 қызметкердің сақалсыз жүргенін анықтап, олардың ислам заңдарына сәйкес жұмыстан шығарылғанын хабарлады.

Дегенмен, 2021 жылы тәліптер билікке келгеннен кейін Кабулде таратылған әйелдер министрлігінің ғимаратына жайғасқан Мораль министрлігінің өзін адам құқығын қорғау ұйымдары мен Біріккен Ұлттар Ұйымы әйелдерге шектеу қойып, сөз бостандығын тежеді деп талай сынға алды.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Ауғанстандағы миссиясы осы министрлік шенеуніктерін мұсылманша киінбеді деп, әйелдерді кейде бірнеше сағатқа тоқтатып, қамауға алды деп айыптады.

"Талибан" тағылған кінәні жоққа шығарып отыр.

"Жоғары лидердің нұсқауы негізінде әйелдердің хиджабын (исламдық киімін) сақтау жоспарының жобасы әзірленіп, бекітілді", - дейді Мохлис. 

Бұған дейін Мораль министрлігі әйелдердің бетін жабуы немесе толығымен орап тұратын паранжа киюі қажет екенін, ал бұл талап орындалмаса, қыз-келіншектердің өздері емес, олардың отбасындағы ерлер қудаланатынын мәлімдеген еді.

Ауғанстандық әйелдердің көпшілігі консервативтік елді "Талибан" басып алғанға дейін жұрт алдында шаштарын жауып жүрді, бірақ кейбіреулері, әсіресе Кабулде, әдетте бетін жаппайтын немесе паранжа кимейтін.

Тағы бір сөзінде Мохлис 200-ден астам әйел сату әрекетіне және әйелдерге қатысты 2600-ден астам зорлық-зомбылыққа тосқауыл қойылғанын айтып өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу