Ауғанстанға "нарко-мемлекетке" айналу қаупі төніп тұр

5723

Апиын өсіру ауғандық фермерлердің негізгі табыс көзі.

Ауғанстанға "нарко-мемлекетке" айналу қаупі төніп тұр

Ауғанстанның оңтүстігіндегі Қандағар провинциясында фермерлер апиынды ештеңеге алаңдамай өсіріп жатыр.  Соған қарағанда АҚШ-тың бұл мемлекетте сан жылдар бойы миллиардтаған доллар шығындап жүргізген есірткіге қарсы күресінің нәтижесі мардымсыз болған.

"Мен ешкімнен қорықпаймын. Маған кім тиіседі? Өзгелер де мен тәрізді көкнарды алаңдамай өсіріп, жинап жатыр", – дейді "Рейтер" агенттігіне берген сұхбатында қандағарлық диқан Мохаммад Ахмади.

Қазір Ауғанстанда 18 жылға созылған соғысты қарудың күшімен емес, саяси жолмен тоқтатуды талап еткен қысым күшейіп келеді. Осындай шақта есірткі саудасы елге төнген негізгі қауіпке айналып отыр. АҚШ конгресінің Ауғанстанды қалпына келтіру жөніндегі арнайы инспекторының жақында жариялаған баяндамасына қарағанда, осылай кете берсе, бұл ел "нарко мемлекетке" айналып кетуі мүмкін.

Теория бойынша, апиын өсіру Ауғанстанда қылмыс саналады. Соған қарамастан, 14 адамды бағып отырған Ахмади тәрізді ондаған мың фермер үшін көкнар - негізгі табыс көзі. Олар осы өсімдіктің қоңыр түсті, жылбысқы сөлін героин жасаушыларға сатады.

Бүгінде Ауғанстанда есірткіге баламалы жол іздестіріліп жатыр. Мысалы кейінгі жылдары ауыл тұрғындары шафран өсіруге ден қоя бастады. Алайда жаңа кәсіп наркобизнестің өркендеуіне кедергі бола алмады.

"Мен оқуымды жалғастырғым келеді. Алайда экономикалық ахуал оған мұрша берер емес. Ал үкімет басқа мамандықты игеруге жағдай жасамай отыр", – дейді Ахмади.

Ол көкнар жинау маусымында бір ай жұмыс істеп, 135 доллар табады. Ауғанстанның әкімшілік реформалар мен мемлекеттік қызмет жөніндегі тәуелсіз комиссиясының есебінше, бұл – соншалықты төмен табыс емес. Өйткені елдегі жылдық орташа жалақы - 760 доллардың төңірегінде.

АҚШ әкімшілігі 2002 жылдан бері мұнда есірткі өндірісі мен оны заңсыз саудалауды тоқтатуға 8,9 млрд доллар жұмсаған. Соған қарамастан Ауғанстан жылдар бойы апиын өсіруден әлемде бірінші орынды ешкімге бермей келеді.

Шенеуніктер көкнар өсірушілермен, есірткі сатушылармен күрес жүргізіп,  экономиканы ынталандыру шараларын қолға алғанмен, көлеңкелі бизнесті тоқтатуға дәрменсіз екендерін мойындап отыр.

"Бізде бүкіл ел аумағында көкнардың тамырына балта шабатын қаржы да,  мүмкіндік те жоқ", – дейді Қандағардың есірткімен күрес дирекциясының басшысы Гүл Мохаммед Шүкран.

БҰҰ есірткімен, қылмыспен күрес кеңсесінің дерегінше, 2018 жылы Ауғанстанның 34 провинциясының 24-дегі 263 мың гектар жерде 6400 метрикалық тонна апиын өндірілген.

Осы ұйымның өзге бір мәліметіне жүгінсек, өткен жылы Ауғанстанда көкнар алқаптарын жою жұмыстары нақты нәтиже бермеген: небары 406 гектар аумақ көкнардан тазартылған. Бұған бір жағынан "Талибан" қозғалысының елдің басым бөлігін басып алуы себеп болған.

Бомба және тыйым                                                                                                     Зерттеулерге қарағанда, Ауғанстан апиынының жартысына жуығы көтерілісшілердің, билікке қарсы соғыстың белсенділігі күшті аудандарда өндіріліп жатыр.

"Көкнар алқаптарын жою атыс-жарылыс пен тәліптердің есірткі жайлаған провинцияларды бірте-бірте өз қарамағына алуына байланысты қиындап барады", – дейді Ауғанстан ішкі істер министрінің апиынды жою істеріне жауапты орынбасары Мохаммад Хашим Ауртақ.

Оның сөзінше, есірткі өндірісін бомбалау операциялары ғана шектей алады. 2017 жылдың соңынан бері АҚШ әуе күштері наркобизнесті  негізгі табыс көзіне айналдырған тәліптерді қаржыдан айыру мақсатында есірткі өңдейтін орындарды шабуылдап келеді. Алайда бұл операциялардың тиімділігі шамалы болып тұр.

2017 жылдың қараша айынан 2018 жылдың мамырына дейін АҚШ-тың әскери авиациясы есірткіні қайта өңдейтін орындарды бомбалағанда, "Талибан" қозғалысы 86 млн доллар табысынан, шикізатынан, жабдықтарынан айрылған.

Дегенмен, былтыр ауғандық фермерлер есірткі саудасынан 600 млн доллар тапты. Бұл – Ислам Республикасының заңды экономикалық өндірісінің 30 пайызына тең көрсеткіш.

Өз кезегінде, өткен ғасырдың соңында елдің басым бөлігін  басып алған тәліптер 2000 жылы апиын өсіруге тыйым салды. Радикалдық ұйым егер бейбіт келіссөз сәтті аяқталса, көкнар алқаптарын тағы да жоятынын мәлімдеді.  

Әзірге тәліптер көкнәр өсірушілер мен заңсыз есірткі саудагерлерінен жиналған қормен күнелтіп отыр. Олар Ахмади тәрізді фермерлердің табысына кедергі жасап, халықты өзіне қарсы қоюдан қауіптенеді.

"Біз көкнәр өсіруге тыйым салмаймыз да, оны қолдамаймыз да.  Егер бұл шаруашылыққа шектеу қоятын болсақ, жергілікті кедей халыққа қарсы шыққан боламыз. Дәл қазір фермерлерді нәпақадан айыра алмаймыз ", –  дейді "Талибанның" баспасөз хатшысы Забиулла Муджахид.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу