Трамадол тұншықтырған тағдырлар

4706

Жасөспірімдер онкологиялық ауруға қарсы пайдаланылатын психотропты препараттарды дәріханалардан сатып алып жүр.

Трамадол тұншықтырған тағдырлар

Былтыр елімізде есірткі және психотропты заттарды жарнамалаған сонымен қатар оның таратылуына ықпал еткен 5 мыңға жуық сайт бұғатталған. Бұған қоса есірткі тарататын мессенджерлердің электронды мекенжайы жазылған 2,5 мыңнан астам граффити жазба жойылып, осы істі атқарған 12 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Арыстанғали Заппаровтың сөзінше, жүйкеге қатты әсер ететін психотропты препараттардың дәріханаларда еркін саудалануы есірткі бизнесінің айын оңынан туғызып тұр.

"Астана қаласындағы білім беру мекемелерімен, қоғамдық қорлармен бірлесіп, есірткіге және есірткі бизнесіне ымырасыз күрес жариялап жатырмыз. Мақсатымыз – синтетикалық есірткілер мен дәріханаларда кез келген адамға дәрігердің рұқсатынсыз бейберекет сатыла беретін психотропты препараттардың таратылуына тосқауыл қою", – деді департамент басшысы журналистерге.

Өз кезегінде "Свободные  люди" қоғамдық қорының директоры Ольга Агапова ақшаға құныққан кейбір фармацевтер ересектерге дәрігердің рұқсатымен ғана сатылатын дәрілерді жасөспірімдерге жасырын сатып, олардың өміріне балта шауып жатқанын айтты.

"Дәріхана қызметкерлері өрімдей жастардың ағзасын улап, оларды трамодол сияқты психотропты препаратқа тәуелді етуден тайынар емес. Фармацевтердің көкейін ақша тескен, олар біреудің баласының тағдырына, ұлттың болашағына бас қатырмайды", – деп ашынды қор директоры.

Оның түсіндіруінше, трамодол – онкологиялық ауруға қарсы пайдаланылатын дәрі. Оны 1-2 рет қолданған адам, одан бас тарта алмай қалады. Алғашында трамодолдың 5 таблеткасын пайдаланған жас адам уақыт өте келе күніне 50 таблеткадан ішетін болады. Сөйтіп өзін-өзі өлімге әкеледі.  

"Трамодолдың адам ағзасына кері әсері героинмен бірдей. Ресей мен Беларусьте трамадол есірткі қатарына жатқызылып, қолдануға мүлдем тыйым салынған. Қазақстанда дәрігердің рұқсатымен ғана тұтынылады. Бірақ мұны фармацевтер ескеріп жатқан жоқ", – деді Ольга Агапова.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу