/img/tv1.svg
RU KZ
Есірткі табылған университет басшылығы жауапкершіліктен қашуда

Есірткі табылған университет басшылығы жауапкершіліктен қашуда

Шымкент қаласындағы жоғарғы оқу орындарының бірінде ұстаз спорт залда есірткі притонын ұйымдастырған.

16:50 22 Шілде 2019 8344

Есірткі табылған университет басшылығы жауапкершіліктен қашуда

Автор:

Арай Есенбек

Оны Шымкент қаласы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында анықтаған.

Осы жайт бойынша, ҚР ҚК 302-бабы 1-бөлігімен «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді тұтыну үшiн притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау, сол сияқты осы мақсаттар үшiн үй-жайлар беру» сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде екен.

Осыған орай, ҚР Білім және ғылым министрінің көмекшісі Ерболат Мұхамеджан өзінің Facebook парақшасында мәлімдеме жасады.

«Қазақстанның бірнеше бұқаралық ақпарат құралында Шымкент қаласы университеттерінің бірінің спорт кешенінде жедел іс-шаралар жүргізу кезінде есірткі притоны табылғаны туралы жаңалық жарық көрді. Аталған факті бойынша ол жекеменшік оқу орны екенін хабарлаймыз. Жоғарғы оқу орнына мемлекеттік білім беру тапсырысы берілмеген», - деп жазады ол.

Десе де, күдікті 14 жыл қызмет еткен Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінің ректоры дене шынықтыру пәні мұғаліміне жақсы мінездеме беріп отыр. Ондағылар тіпті ол есірткі притонын ұйымдастырды дегенге сенбейді екен.

«Қылмыс орын алар күннен 4 күн бұрын жұмыстан кетуі жөнінде өз еркімен арыз жазған. Басшылық тарапынан бұйрық та шыққан. Ал сол ұсталған күні ол университеттің спорт залынан қалған заттарын әкетуге келген екен. Міне, сол сәтте қолға түсіп құрықталғаны, рас. Алайда ол қазіргі уақытта біздің қызметкер болып саналмағандықтан, біз мұны жауапкершілігімізге ала алмаймыз. Сенесіздер ме, мен бүгінге дейін ол адамның бойынан ешбір жаман қасиет байқаған емеспін. Спирттік ішімдік ішпейтін, темекі де тартпайтын. Мінезі де өте салмақты. Отбасылы адам. Сондықтан бұл қылмысқа сол барды дегенге еш сенбеймін. Мүмкін емес», – дейді Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінің ректоры Сандыбай Боранбаев.

Видео: 

Арай Есенбек

Биыл 25 университеттің жабылу қаупі бар

05 Қыркүйек 2020 16:30 4223

Комитетке ЖОО-ларды лицензиясынан айыру құқы берілген.  

Диплом «басып шығарумен» айналысатын жоғары оқу орындарын жабуды Президент Қасым Жомарт Тоқаев былтырғы жылғы жолдауында тапсырған болатын. Ал биылғы жолдауында Мемлекет басшысы осы мәселені тағы қозғап, білім сапасы нашар оқу орындарын жабуда қиындықтар жоқ емес екенін айтты. Қазір бұл мәселені Премьер-Министр ерекше бақылауына алды.

Білім және ғылым министрінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова диплом «басып шығарумен» айналысатын жоғары оқу орындары қалай анықталып, оларға қандай шара қолданылатынын айтты. Биыл 25 университетке тексеріс жүргізілген.

«Білім және ғылым министрі мен Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы бұйрығына және кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, негізі білім беру жүйесінің тәуекелдері дәрежесін бағалаудың өлшемдері әзірленді. Яғни белгіленген критерийлерге байланысты мемлекеттік бақылау шаралары жоспарланып, тексерілетін оқу орындары анықталады. Олардың ақпараттық жүйелеріндегі деректер негізінде заң бұзушылық дәрежесін анықтау үшін тексерістер жүргізіледі. Егер өрескел заң бұзушылық анықталса, жоғары оқу орнына барып, профилактикалық бақылау жүргіземіз. Мәселен, биылғы жылы 25 ЖОО-ға қатысты профилактикалық бақылау мен жоспардан тыс тексеріс жүргізілді», – деді білім саласын бақылау комитетінің басшысы.

Гүлзат Көбенова университеттер тарапынан білім беру процесінің сапасына нұсқан келтіретін қандай заң бұзушылықтар жиі кездесетінін айтып өтті.

«Оқытушы-профессорлық құрам біліктілік талаптарына сай келмей жатады. Сондай-ақ, оқыту процесі, материалдық-техникалық жарақтандыру, рұқсат беру құжаттары және т. б. талаптардың бұзылуы да кездеседі. Оқу-әдістемелік құжаттамасын және білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қойылатын талаптар орындалмай, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын сақтамауда. Бірқатар университет өз түлектерін жұмысқа орналастыру, ғылымды дамыту тәрізді үлгілік қағидаларын бұзған. Жүргізілген бақылау нәтижелерін талдай келе, жоғары білім беру мекемелерінде бақылаудың әлсіз екенін байқадық. Өйткені заң бұзушылықтардың басым бөлігі сапаны қамтамасыз ету жүйесінің тиісті деңгейде жұмыс істемеуіне байланысты болып отыр», – деді БҒМ өкілі.

Комитет төрайымы білім және ғылым саласындағы бақылау комитетіне «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 730-бабына сәйкес жоғары оқу орындарының қызметін тоқтатып, лицензияларынан айыру құқығы берілгенін мәлім етті.

«Кодекске сәйкес, профилактикалық бақылаулар алдын ала ескерту арқылы жүзеге асады. Ал бақылау қорытындысы бойынша жоғары оқу орындарына заңсыздықтарды жою туралы нұсқама беріледі. Нұсқамада көрсетілген мерзім өткеннен кейін ЖОО тексеріледі. Заңсыздықтар жойылмаса немесе берілген нұсқама орындалмаса, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 462-бабының 3-бөлігі бойынша іс қозғалып, сот қарауына жөнелтіледі. Жоспардан тыс тексеру барысында анықталған құқық бұзушылықтар үшін комитет іс қозғап, жаза қолдану туралы қаулы ұсынады. Қаулыда көрсетілген мерзім өткеннен кейін тексеру қайта жүргізіледі. Егер заңсыздықтар әлі де жойылмаса рұқсат беру құжатынан айыру мәселесі қарастырылады», – деп түсіндірді Гүлзат Көбенова.

Комитет басшысының айтуынша, профилактикалық бақылау жүргізу жоспарланған университеттердің барлығы тәуекел тобына жатады. Сондықтан тексерілетін кез келген ЖОО-ның бақылау шаралары нәтижесінде жабылып қалу қаупі бар.

Нұржан Көшкін

Метадонға заңмен тыйым салынады

20 Қазан 2019 21:27 1660

ІІМ көкнәр таратуға қатысты жазаны  қатайтпақшы.

Ішкі істер министрлігі Президент Қасым-жомарт Тоқаевтың есірткіні таратқандарға қоладыналытын жазаны қатаңдату туралы тапсырмасын орындауға кірісіпті. Бұл туралы министр Ерлан Тұрғымбаев  үкімет басшысының атына жолдаған түсіндірме жазбасында айтты.

Қатаң жазаны қамтамасыз ететін үкімет қаулысының жобасын таныстырған министр құжатта метадонға тыйым салу қарастырылғанын айтты. Бұған дейін парламент депутаттары шетелдік тәжірибеге жүгіне отырып, метадон терапиясының  зиянды екенін, нашақорларды өте ауыр әрі заңдастырылған есірткіге еліктіретінін айтып, талай рет дабыл қаққан болатын. Перзидент пәрмен берілгеннен кейін, сақшылар бұл мәселеге де  мән беріп отыр.

«Құжатты қабылдау көкнәрдің заңсыз айналымына байланысты жасалған қылмыстар үшін жазаны күшейтуге, жазаның бұлтартпастық қағидатын сақтауға, сондай-ақ метадон айналымы үшін мемлекеттік бақылауды белгілеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – делінген ІІМ басшысы үкімет басшысы Асқар Маминге жолдаған түсіндірме жазбасында.

Ведомство басшысының айтуынша, қолданыстағы заңнама бойынша көкнәрдің салмағы 100 келіден асса ғана «ірі көлемде» есірткі тасмыалдау болып саналады. Қылмыстық-процессуалдық заңнаманы ізгілендіру шараларына сүйенген кейбір судьялар ондай қылмысқа бас тіккендерді сот залынан бостандыққа қоя беріп жүр.  Ал өңделген, дайын өнім ретінде марихуанамен ұсталғандарға қатаңырақ жаза шығарылады.

Көкнәрдің марихуанадан айырмашылығы сабағы болғанында ғана. Ал сол сабағы тетрагидроканнабинолдан тұрады. Онда неге жаза жеңілдеу болуға тиіс?

«Мәселен, 2019 жылы Жамбыл облысында көкнәр өсірген екі азамат ұсталды. Оларға қатысты Қылмыстық кодекстің 296-бабының 4-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тиісінше, әлгілерге 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілуі керек болған. Алайда олардан тәркіленген есірткі марихуана емес, көкнәр  деп анықталғандықтан, әрекет «қылмыстық теріс қылық» ретінде қайта жіктелді. Ал «қылмыстық теріс қылық» санкциясы бас бостандығынан айыруды қарастырмайды. Осылайша, марихуананы сақтаумен және тасымалдаумен айналысатын адамдардың соттарда осы практиканы жаппай қолдану қаупі бар», – делінген түсіндірмеде.

Бұған жол бермеу үшін үкіметтің жаңа қаулысымен есірткі заттарын «шағын, ірі және аса ірі мөлшерге жатқызу туралы жиынтық кесте» түзетіледі. Қолданыстағы кестеге сай кептірілген марихуананың шағын көлеміне 5 грамнан 50 грамға дейінгісі, ірі көлеміне 50 грамнан 1 келіге дейінгісі, ал аса ірі көлеміне 1 келіден жоғарғысы жатады.

Кептірілмеген марихуана бойынша 5-тен 200 грамм аралығы – шағын, 200 грамнан 5 келі аралығы – ірі, 5 келіден көбі аса ірі мөлшер деп табылады.

Енді дәл осы мөлшерлер көкнәрға да қолданылатын болады. Яғни, бір қап көкнәрмен ұсталғандар қылмысы «теріс қылық» деп танылып, еркіндікте сайрандауына жол берілмеуі керек.

Қаулы жобасында метадонның 0,01 грамын – шағын, 0,01–1 грамын – ірі, 1 грамнан артығын аса ірі деп танып, оны заңсыз тарату үстінде ұсталғандарды қылмыстық қудалау көзделген.

Ішкі істер министрлігі «метадонды есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар тізіміне және жиынтық кестесіне енгізу қажет» деген байлам жасады. Үкімет қаулысы жиынтық кестені жаңа есірткі түрлерімен де толтырмақшы. Мысалы, «қара тізімге» ацетил (этаноил) және ацетокси (ацетилокси) енетін болды.

Былтырдан бері «Вконтакте» секілді әлеуметтік желілерден, WhatsApp сияқты мессенджерлерден қазақстандықтарға, соның ішінде жастарға, тіпті оқушыларға курьер болып жұмыс істеуге шақырулар түсіп жатқаны да айтылған.

«Біз сізді үдемелі дамушы команданың мүшесі болуға, жеткізуші-курьер лауазымына шақырамыз. Сіздің міндетіңізге тауарды белгілі бір жерде қабылдап алып, өзіңіз таңдаған орындарға орналастыру, атқарылған жұмыс туралы есеп беру ғана кіреді. Жұмыс қосымша қаржы салуды талап етпейді, көп уақытыңызды алмайды», – деп қызықтырады ондай хабарламалардың бірі. Әрбір тауарға 1300 теңге төленеді. Аса белсенді курьерлерді ноутбук, саяхат секілді супербонустармен қызықтырады. Ал бұл «қызмет» үшін түрмеге отыру ықтимал екені жарнамада айтылмайды

Құқық қорғау органдары қазақстандықтарды бірер мың теңге үшін бүкіл өмірін құрбан етпеуге, қылмыс жолына түспеуге үндейді.

Жанат Ардақ