Жасы 60-тан асқан кемпірді өгей ұлы сабап тастады (Видео)

18594

Жасы 60-тан асқан кемпірді өгей ұлы сабап тастады (Видео)

Бұл жөнінде жәбірленушінің қызы өңірдегі тілшімізге телефон арқылы байланысқа шығып баяндады.

"Менің 1937 жылы туылған өгей әкем былтыр қайтыс болды. Оған дейін бір үйде 1958 жылы туылған анам екеуі ғана тұрған еді. Әкемнің өзге бала-шағасы бөлек тұратын. Олардың өз үйлері бар. Шалы қайтыс болғаннан кейін, анам ол үйде жалғыз қалды. Соны біліп анамның 1928 жылы туған шешесі қызын жалғызсыратпайын деп, баласының қолынан қызының қолына көшіп келді. Екеуі бірге тұратын. Осы 13 тамыз күні түнде сағат 22.00, 23.00-тер шамасында өгей ұлы терезені бұзып кіріп, үлкен таяқпен екеуін сабап кетіпті. Не себепті ұрғанын білмеймін. Ол кісі табылған жоқ. Анам мен әжемнің атынан арыз жаздық. Полиция жұмыс жасап жатқан жоқ. Күдіктіні әлі таппады. Іздесе тауып алар еді", – дейді қызы.

Қызының айтуынша, жәбірленуші мен күдіктінің арасында бұған дейін жанжал болған екен. Күдікті екі кемпірдің де басынан таяқпен ұрған. Жәбірленушілердің туыстары ауылдағы учаскелік полиция инспекторы да күдіктіні жасырып отырғанын айтады.

"Тергеушілерге бардым. Жас жігіттер екен. Айналып келгенде бұл істі отбасылық жанжалға тіреп отыр. Ол іс айналып келіп  учаскелік полиция инспекторына келмекші. Ал,  ол күдіктінің рулас туысы болып келеді. Кеше бұлар  учаскелік полиция инспекторына барып, жұмыс істемейсіңдер ме десе, ол қолдарыңнан келгенін қыл депті. Ешкімі жоқ деп басынған бұларды", – дейді жәбірленушінің інісі.

Бұл жайтқа қатысты Келес ауданының әкімдігі ақпарат беруден бас тартты. Ал, Түркістан облыстық полиция департаменті арнайы сұраныс хат жазуымызды талап етіп отыр. Тек, Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар екі әжейдің де аудандық емханада жатқанын растады.

"Жеңіл жарақат алған. Көбіне бастан соққы болған. Қос науқаста 2-3 күнде емханадан шығады" деп ақпар таратты.

Видео:

Арай Есенбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу