Метадонға заңмен тыйым салынады

2923

ІІМ көкнәр таратуға қатысты жазаны  қатайтпақшы.

Метадонға заңмен тыйым салынады

Ішкі істер министрлігі Президент Қасым-жомарт Тоқаевтың есірткіні таратқандарға қоладыналытын жазаны қатаңдату туралы тапсырмасын орындауға кірісіпті. Бұл туралы министр Ерлан Тұрғымбаев  үкімет басшысының атына жолдаған түсіндірме жазбасында айтты.

Қатаң жазаны қамтамасыз ететін үкімет қаулысының жобасын таныстырған министр құжатта метадонға тыйым салу қарастырылғанын айтты. Бұған дейін парламент депутаттары шетелдік тәжірибеге жүгіне отырып, метадон терапиясының  зиянды екенін, нашақорларды өте ауыр әрі заңдастырылған есірткіге еліктіретінін айтып, талай рет дабыл қаққан болатын. Перзидент пәрмен берілгеннен кейін, сақшылар бұл мәселеге де  мән беріп отыр.

"Құжатты қабылдау көкнәрдің заңсыз айналымына байланысты жасалған қылмыстар үшін жазаны күшейтуге, жазаның бұлтартпастық қағидатын сақтауға, сондай-ақ метадон айналымы үшін мемлекеттік бақылауды белгілеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – делінген ІІМ басшысы үкімет басшысы Асқар Маминге жолдаған түсіндірме жазбасында.

Ведомство басшысының айтуынша, қолданыстағы заңнама бойынша көкнәрдің салмағы 100 келіден асса ғана "ірі көлемде" есірткі тасмыалдау болып саналады. Қылмыстық-процессуалдық заңнаманы ізгілендіру шараларына сүйенген кейбір судьялар ондай қылмысқа бас тіккендерді сот залынан бостандыққа қоя беріп жүр.  Ал өңделген, дайын өнім ретінде марихуанамен ұсталғандарға қатаңырақ жаза шығарылады.

Көкнәрдің марихуанадан айырмашылығы сабағы болғанында ғана. Ал сол сабағы тетрагидроканнабинолдан тұрады. Онда неге жаза жеңілдеу болуға тиіс?

"Мәселен, 2019 жылы Жамбыл облысында көкнәр өсірген екі азамат ұсталды. Оларға қатысты Қылмыстық кодекстің 296-бабының 4-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тиісінше, әлгілерге 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілуі керек болған. Алайда олардан тәркіленген есірткі марихуана емес, көкнәр  деп анықталғандықтан, әрекет "қылмыстық теріс қылық" ретінде қайта жіктелді. Ал "қылмыстық теріс қылық" санкциясы бас бостандығынан айыруды қарастырмайды. Осылайша, марихуананы сақтаумен және тасымалдаумен айналысатын адамдардың соттарда осы практиканы жаппай қолдану қаупі бар", – делінген түсіндірмеде.

Бұған жол бермеу үшін үкіметтің жаңа қаулысымен есірткі заттарын "шағын, ірі және аса ірі мөлшерге жатқызу туралы жиынтық кесте" түзетіледі. Қолданыстағы кестеге сай кептірілген марихуананың шағын көлеміне 5 грамнан 50 грамға дейінгісі, ірі көлеміне 50 грамнан 1 келіге дейінгісі, ал аса ірі көлеміне 1 келіден жоғарғысы жатады.

Кептірілмеген марихуана бойынша 5-тен 200 грамм аралығы – шағын, 200 грамнан 5 келі аралығы – ірі, 5 келіден көбі аса ірі мөлшер деп табылады.

Енді дәл осы мөлшерлер көкнәрға да қолданылатын болады. Яғни, бір қап көкнәрмен ұсталғандар қылмысы "теріс қылық" деп танылып, еркіндікте сайрандауына жол берілмеуі керек.

Қаулы жобасында метадонның 0,01 грамын – шағын, 0,01–1 грамын – ірі, 1 грамнан артығын аса ірі деп танып, оны заңсыз тарату үстінде ұсталғандарды қылмыстық қудалау көзделген.

Ішкі істер министрлігі "метадонды есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар тізіміне және жиынтық кестесіне енгізу қажет" деген байлам жасады. Үкімет қаулысы жиынтық кестені жаңа есірткі түрлерімен де толтырмақшы. Мысалы, "қара тізімге" ацетил (этаноил) және ацетокси (ацетилокси) енетін болды.

Былтырдан бері "Вконтакте" секілді әлеуметтік желілерден, WhatsApp сияқты мессенджерлерден қазақстандықтарға, соның ішінде жастарға, тіпті оқушыларға курьер болып жұмыс істеуге шақырулар түсіп жатқаны да айтылған.

"Біз сізді үдемелі дамушы команданың мүшесі болуға, жеткізуші-курьер лауазымына шақырамыз. Сіздің міндетіңізге тауарды белгілі бір жерде қабылдап алып, өзіңіз таңдаған орындарға орналастыру, атқарылған жұмыс туралы есеп беру ғана кіреді. Жұмыс қосымша қаржы салуды талап етпейді, көп уақытыңызды алмайды", – деп қызықтырады ондай хабарламалардың бірі. Әрбір тауарға 1300 теңге төленеді. Аса белсенді курьерлерді ноутбук, саяхат секілді супербонустармен қызықтырады. Ал бұл "қызмет" үшін түрмеге отыру ықтимал екені жарнамада айтылмайды

Құқық қорғау органдары қазақстандықтарды бірер мың теңге үшін бүкіл өмірін құрбан етпеуге, қылмыс жолына түспеуге үндейді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу