Ауыл кәсіпкері ондаған миллиард ақшаның астында қалды

1423

Ауыл шаруашылығы министрлігі жыл басынан бері ауыл бизнесмендері арасында қанша қаражатты үлестіргенін жариялады. 

Ауыл кәсіпкері ондаған миллиард ақшаның астында қалды Фото: ortcom.kz

Атап айтқанда, қазақстандық фермерлердің есепшоттарына 2023 жылы 56,5 миллиард теңге субсидия аударылды. Бұл ретте тыңайтқыштарды субсидиялауға өтінімдердің саны бес есеге өскен.

"Биыл қазақстандық фермерлерге 56,5 млрд теңге субсидия төленді. Gosagro.kz жүйесінде өтінімдерді қабылдау ашылғалы бүкіл ел бойынша 25,3 мың өтінім берілді. Порталдағы барлық деректерге еркін қолжеткізуге болады. Бұдан бөлек, жүйеде пайыздық ставканы субсидиялау бағытында қаржы институттары 15,2 млрд теңгеге өтінім қабылдап, олар бойынша да ақша берілді. Тағы 21,3 млрд теңгенің өтінімі бойынша төлем күтіліп отыр", – деп хабарлады АШМ.

Тыңайтқыштарды субсидиялауға келсек, өтінімдер саны былтырғыдан бес есеге артыпты. Соңғы мәліметтер бойынша 5 832 фермер өтінім беріп үлгерген. 2,1 млрд теңгенің өтінімдері мақұлданды. Күрт өсуге агрохимиялық картограммаларды пайдалану жөніндегі талапты жою, сондай-ақ "Қазақстан Ғарыш Сапары" ұлттық компаниясы арқылы жыл соңына дейін өрістерді цифрландыруды кейінге қалдыру, яғни қатаң шараларды кейінге ысыру ықпал етті. Мұның жақсы әлде жаман екені күзде белгілі болады. Бәрін егін орағының нәтижелері паш етпек.

Әйтпесе, Қазақстан ауыл шаруашылығы саласында дамыған елдер түгіл, ТМД елдерінен арттап қалып, қор болды. Сала деградация құрдымына құлап барады. Үкімет саланы ақшаны аяусыз төгу арқылы жандандырмақ ниетте.

Саланы тәртіпке келтіруге тиіс шаралардың неге кейінге қалдырылғанына қатысты салалық ведомство ақталды. Бұған биліктің өзі кінәлі екенін ауыл шаруашылығы бизнесі нұсқаған болатын. Мұны министрлікке де мойындауға тура келді.

"2023 жылдың 1 қаңтарында агрохимиялық картограммалардың болуына қатысты талаптар күшіне енген. Өңірлердің ауыл шаруашылығы басқармалары олардың жоқтығын алға тартып, сондай-ақ егістіктердің цифрландырылмауына қатысты кейбір проблемаларға байланысты тыңайтқыштарды сатып алу кезінде фермерлерді мемлекеттік қолдаудан жаппай бас тартып жатты. Сондықтан өтінім берудегі жекелеген қиындықтарға байланысты әлгіндей шешім қабылданды. Бірақ бұл уақытша шара. Фермерлер жыл соңына, 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін өз егістіктерінің мәліметтерін соған құқығын белгілейтін құжаттарына сәйкес келтіріп, міндетті түрде түзетіп шығуы қажет. Тиісті кестені АШМ "Қазақстан Ғарыш Сапары" ҰК" АҚ-мен бірлесіп дайындап жатыр", – деп түсіндірді Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Сондай-ақ кейбір өңірлер, оның ішінде Алматы, Атырау, Маңғыстау, Абай, Батыс Қазақстан және Ұлытау облыстары тыңайтқыштарды субсидиялаудың тізбелері мен нормалары туралы қаулыларды бекітуді тым кешіктірді.

Пестицидтерді субсидиялау бағдарламасы бойынша өтінімдер тек екі өңірде – Қостанай және Павлодар облыстарында уақытында қабылданған. Ал Қарағанды облысында өтінімдерді қабылдау 4 мамырда ғана басталыпты.

Бірақ 56,5 миллиард – ауыл шаруашылығы өндірушілеріне берілген жалғыз көмек емес. Одан да қомақты сома биылғы көктемгі егін науқаны барысында таратылды. Әңгіме 140 миллиард туралы болып отыр.

"Көктемгі егінді қаржыландыруға бағытталған "Кең дала" бағдарламасы аясында фермерлерге 133,8 миллиард теңге төленді. Тағы 6,2 млрд теңгенің өтінімдері бүгінде қаржыландыру сатысында тұр.  Осылайша, бағдарламаның жалпы бюджеті 140 миллиард теңгені құрады. Бұған дейінгі жылдары осы қаржы тек наурыздан кейін беріліп келсе, биыл алғаш рет қаңтардан бастап аударылды", – деп мәлім етті Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Форвардтық сатып алу жалғасады

Былтыр Үкімет басшысының тапсырмасымен мемлекет шаруалардан әлі өспеген "жемісін" сатып алды: билікпен мәмілелескен егіншіге бюджеттен миллиондаған қаражат тасқыны жылдың бірінші бөлігінде бағытталады. Осы қаржыға диқан тиісті дақылдың түрін өсіріп, баптап,  күзде соны мемлекеттің қамбасына тапсыруы шарт.

Биыл Үкімет бұл тәсілден бас тартпақ болған, себебі маусымаралық кезең туды, алайда тіпті көкөністен де тапшылық байқалмайды. Әйткенмен, АШМ фермерлердің қоймай-қоймай қолқалауымен, "жоғары сұранысын ескере отырып" деген сылтаумен форвардтық сатып алу бағдарламасын жалғастырды.

Тиісінше, ауыл кәсіпкерлері бұл бағытта да ондаған миллиард қаражатқа кенеледі. "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" 2023 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуға және тауарлық кредиттер беруге кемінде 70 миллиард теңге бағыттайтын болды. Осы арқылы билік егіс науқаны кезеңінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдаудың қосымша құралын іске қосты.

Бұл "шашудың" халық пен экономикаға қайтарымы қандай екенін, қаражаттың ұстағанның қолында, тістегеннің аузында босқа кеткен-кетпегенін тағы да күз көрсетеді.  

Әзірге "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" ұлттық компаниясы форвардтық сатып алу бағдарламасына шығындалатын жетпіс миллиардтың 20,3 миллиард теңгесін шаруаларға беріп те қойды. Бірақ қанша шаруа алғанын жарияламады.

"Бұл қаражаттар әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға қайтару бойынша тиісті кепілдіктер берген фермерлік шаруашылықтардың шоттарына аударылды. Осылайша, қазіргі уақытта 280,1 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін алдын ала сатып алу жөнінде келісімшарт жасалды. Оның көп бөлігі бидай, арпа және күнбағысқа тиесілі. Азық-түлік корпорациясы биыл бидай, арпа, сұлы, қарақұмық, күнбағыс, майлы зығыр, рапс және сояны форвардтық сатып алуға келісім бекітті. Алғаш рет Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы өндірушілерінен 1,2 миллиард теңгеге 6 мың тонна күріш жармасын форвардтық сатып алдық", – деп хабарлады корпорация.

"Тауарлық несие" дегеніміз не?

Бұдан бөлек, билік бидай мен арпаның нысаналы тауарлық несиесі деген құралды енгізді. АШМ сендіруінше, ол да "сұранысқа ие" көрінеді. Бірақ шынында оны ала алғандар саны жүзге де жетпейді.

Нақтыласақ, 72 ауыл кәсіперінен 83 өтінім ғана келіп түскен. Олар жалпы көлемі 566 мың тонна көлеміндегі тауарға тауарлық кредит беруді сұрапты. Соның ішінде 500 мың тоннадан астам астықтың өтінімдері мақұлданды. Қалғандары қаралып, облыстардың үйлестіру кеңестеріне бекітуге жіберілді.

Фермерлер бұл тетіктің күрделі тұсына назар аудартады: олар астықты кредитке ала алу үшін әкімдіктерге бағынатын әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың кепілдіктерін алуы шарт. Ал әрбір аймақта әрбір ӘКК-нің фермерлер арасында өз "қалаулылары" бары құпия емес.

Ең қиын асу – тиісті құжаттарды жинап, өтінімді қабылдаттыру. Тауарлық кредит беруге өтінім қабылданса, онда оның мақұлдану үлесі жоғары: шамамен 97% көрінеді.

АШМ айыпты фермерлердің өзіне аударды: "өтінімдердің қабылданбауы әлеуетті контрагенттердің қанағаттанарлықсыз қаржылық жағдайына байланысты болды" дейді.

АШМ түсіндіруінше, тауарлық кредит фермерлерге өндірістік жоспарларын жүзеге асыру, яғни егін егу үшін "Азық-түлік келісімшарт корпорациясының" астығын пайдалануға мүмкіндік береді. Осы арқылы олар тұқымға өз ақшаларын шығындамайды. Бұл жерде тек бидай мен арпа ғана беріледі. Күзде фермер сол алғанын корпорацияға кері қайтаруы шарт.

Міндеттемелерді орындау мерзімі – 2023 жылғы 1 қарашаға дейін деп бекітілді.

"Госагро" кәсіпкерді заржақ етті

Жалпы алғанда, Gosagro.kz жүйесі фермерлерді бір жағынан қуантып, екінші жағынан "қанын ішіп, қуартып" отыр. Қуантатыны, ондағы барлық қызметтер фермерлер үшін де, өтінімдерді қарайтын меморгандардың қызметкерлері үшін де тегін. Әйтпесе, субсидиялау саласын артында кімнің тұрғаны белгісіз әлдебір квазимемлекеттік құрылымдар уысында ұстап, бизнесті қанап келді.

Биылғы жыл басында ғана енгізілген осы мемлекеттік ақпараттық жүйе басқа мемлекеттік органдардың дерекқорларымен интеграцияланған. Бұл субсидиялауға өтінімдер беру процесін едәуір жеңілдетеді және субсидияны әрбір фермерге берудің орындылығын растау үшін қажетті құжаттар топтамасы тізімін қысқартады.

Қынжылтатыны сол, шабан шенеуніктер әп-әдемі идеяны жарға жыға жаздауда. Мысалы, Қызылорда облысының Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов Gosagro.kz порталының жұмысына қатысты ауыл шаруашылығы өндірушілерінен де, қаржы ұйымдарынан да өте көп шағым түсетінін жеткізді. Мысалы, цифрлық жүйенің жұмысында техникалық қателер өріп жүр. Олар айналып келгенде, фермерлердің алдынан туындайтын кедергіге айналады.

Салдарынан, биылғы жыл басында көптеген кәсіпкер банктен алған кредитіне мемлекеттік субсидия ала алмады. Бұл ауыл кәсіпкерлеріне кредиттерін өте жоғары пайызбен өтеуіне соқтырды. Олар бұл шығынын қайтару үшін өнімнің бағасын көтеруге мәжбүр болады.

Яғни, шенеуніктердің шалағай істері елде қымбатшылық тудырып, қазақстандықтардың әл-ауқатының төмендеуіне түрткі болады. Оның үстіне, өңірлік палата басшысының айтуынша, біраз ауыл бизнесмені кредиттік тарихын бүлдіріп алыпты. Бұл олардың болашақта мемлекеттен арзан несие алуына, сонымен қатар субсидияға өтінімінің мақұлдануына теріс әсер етуі мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу