Ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдары бойынша Қазақстанның импортқа тәуелділігі жоғары

1956

Жағдайды түзету үшін Үкімет қыруар қаражат шығындайды. 

Ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдары бойынша Қазақстанның импортқа тәуелділігі жоғары

Оның көбі бір алпауытқа тимек.

Тұқыммен қамтамасыз ету – елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей ықпал етеді. Алайда тәуелсіздіктің өткен онжылдықтарында бұл сала жарға жығылған көрінеді. Оған кім жазықты екенін қазір табу қиын. Тек салада ауыр ахуал қалыптасқанын билік те мойындауға мәжбүр.

"Бүгінде Қазақстанның тұқым шаруашылығы жүйесі бұзылған. Осы салада жұмыс істейтін кәсіпорындардың арасында үйлесімділік жоқ, бытыраңқы. Ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдары бойынша Қазақстанның импортқа тәуелділігі жоғары. Тұқым өндіруде шетелдік сорттар кең таралған. Дақылдар топтары бойынша тұқымдардың жыл сайынғы қажеттілігі дәнді дақылдар мен дәнді-бұршақты дақылдар бойынша – 2 млн тоннаны, картоп бойынша – 289 мың, майлы дақылдар бойынша – 87 мың, азықтық дақылдар бойынша – 23 мың тоннаны құрайды. Жүгері, жеміс дақылдары, жеміс-жидектер, жаңғақты дақылдар, күздік қара бидай, көкөніс, бақша, картоп және қант қызылшасы сияқты дақылдар бойынша отандық селекцияның төл тұқымымен қамтылуы 10%-дан да төмен", – деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Яғни Қазақстанның осал жері белгілі болды. Демек, осы талмау тұсынан санкциялық соққы жасалса, немесе қандай да бір шектеуге іліксе, онда ауыл шаруашылығы құрығалы тұр. Тіпті бидай сияқты ең танымал дақылдар бойынша отандық селекцияның ауыл шаруашылығы дақылдары сорттарының тұқымдары себілген егіс алқаптарының үлесі 51%-дан аспайды.

Сонда отандық селекционерлер қайда, не бітіріп отыр?

Ресми мәліметке жүгінсек, республикамызда өздерінің бірегей және элиталық тұқымдарын жасайтын 284 аттестатталған өндіруші жұмыс істейді. Қазақстанның Селекциялық жетістіктерінің мемлекеттік тізілім-реестрінде ауыл шаруашылығы дақылдарының отандық селекциясының 1 385 сорты тіркелген.

Бұған қоса, республикада ауыл шаруашылығы дақылдарын іріктеумен 27 селекциялық мекеме айналысады, оның ішінде 18 ұйым – "Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы" (ҰАҒБО немесе НАНОЦ) КЕАҚ-ның еншілес ұйымдары болып табылады.

Осы аталған мекемелерде 51 селекционер отандық сорттарды өсірумен айналысады.

Министрліктің байламынша, қордаланған проблеманы шешу үшін біріншіден, ауыл шаруашылығының өзге де дақылдарының өндірісін кеңейту қажет. Әйтпесе, қазіргі кезде шаруашылықтардың басым көпшілігі тек бидай дақылдарының тұқымын жасаумен ғана шектеледі.

Екіншіден, Қазақстандағы тұқым шаруашылықтарының материалдық-техникалық жарақтандырылуы нашар: жарамды техникасының үлесі небары 36%. Тұқым шаруашылықтарының 60%-дан астамында техниканың қызмет ету мерзімі 10 жылдан асып кеткен, яғни жаңа техникасы жоқ. Олардың техникасын жаңартуына мемлекет қолдау көрсетуі керек.

Өйткені АШМ мамандарының түсіндіруінше, моральдық және техникалық тұрғыдан ескірген техникалық құралдар еңбек өнімділігінің төмендеуіне, оларды жарамды күйде ұстауға жұмсалатын шығындардың артуына, жанар-жағармайдың артық жұмсалуына, өнімнің сапалық және сандық шығындарына соқтырады. Осының бәрі отандық өнімнің өзіндік құнының қымбат болып шығуына түрткі болады. Тіпті ескі техникамен жаңа, сапалы тұқым ойлап табу немесе барын жетілдіру күрделі.

Үшінші ірі проблема – кадрдың тапшылығы. Салада жалақы аз. Сонымен бірге білікті маманға ауылдық жерлерде, егістікте жұмыс істеуге тура келеді. Оған жастар қызықпайды. Салдарынан кадрлардың қартаюы қарқынды жүруде: селекция, тұқым шаруашылығы бойынша кадрлардың, соның ішінде селекционерлердің орташа (!) жасы – 61 жаста.

Жалпы, егер ретін таба білсе, жұмысын дұрыс жолға қойылса, бұл – өте табысты индустрия. Оның үстіне отандық тұқым шаруашылығын табысты дамытуға қажетті алғышарттардың бәрі елде бар. Суармалы жерлер жетерлік, ішкі нарықтың көлемі қомақты әрі сұраныс та ауқымды. Мемлекет ыңғайлы логистикалық, көлік торабында орналасқан: дайын өнімді Ресей, Орталық Азия ғана емес, континенттегі кез келген елге жеткізуге болады. Селекция саласы үшін маңызды әртүрлі климаттық аймақтар да бір Қазақстаннан табылады.

Елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, импортқа тәуелділікті азайту және негізгі стратегиялық маңызды ауыл шаруашылығы дақылдарын тұқым материалымен қамту үшін Үкімет тұқым, питомник шаруашылығын дамытудың кешенді тәсілдерін пысықтап жатыр.

Осы мақсатта Президенттің тапсырмасымен АШМ "Қазақстанның ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамыту жөніндегі 2023–2027 жылдарға арналған кешенді жоспарының" жобасын әзірледі. Құжат тәжірибелік шаруашылықтар базасында бастапқы тұқым шаруашылығын дамыту, олардың жабдықтарын жаңарту және аграрлық ғылымды ынталандыру міндеттерін шешуге тиіс.

"Кешенді жоспарға Қазақстанның селекциясы мен тұқым шаруашылығының барлық кезеңдерінде орын алған жүйелі проблемаларды шешуге бағытталған шаралар қосылды. Селекциялық мекемелерді, тәжірибелі шаруашылықтар мен тұқым өндірушілерді техникалық қайта жарақтандыруға және өндіріс құралдарымен қамтамасыз етуге ықпал ететін бірқатар шаралар енгізілді. Тұтастай алғанда, тұқым өндіру схемасы реформаланатын болады", – деп мәлім етті министрлік.

Селекционерлерді алаңдататын басты бір мәселе шешімін табады деп күтілуде: олардың ойлап тапқан тұқымдарын фермерлер заңсыз пайдаланады, өз беттерінше көбейтуі мүмкін, ал селекционер табысынан қағылады. Сондықтан музыкалық шығармалар үшін авторлық құқық бойынша қаламақы жинауға ұқсас жүйе жолға қойылғаны жөн. АШМ кешенді жоспар аясында селекциялық мекемелердің сорттарын пайдаланғаны үшін сыйақы жинау мәселелері шешілетініне уәде берді.

Бесжылдық аталған бағдарламаның іс-шараларын іске асыруға 116,3 миллиард теңге қажет болады. 2023 жылы – 24,7 млрд, 2024 жылы – 43,3 млрд, 2025 жылы – 40,8 млрд, ал 2026 жылы – 7,5 млрд теңге талап етілмек. Бірақ келесі жылдың республикалық бюджетінде әзірге жоба күйіндегі осы құжатқа қаражат қарастырылмаған. Дегенмен жоспар қабылданса, республикалық бюджетті кезекті нақтылау аясында қарастырылуы мүмкін. Әзірге салаға бөлінген қаражат жұмсалады.

Қаражаттың көбі Қазақстанның аграрлық саласының ғылыми-білім беру мекемелерінің мемлекет және бизнеспен тұрақты өзара әрекеттесуінің бірыңғай операторы саналатын "ҰАҒБО" (НАНОЦ) КЕАҚ еншісіне тиеді. Мысалы, оның еншілес ұйымдарын базалық қаржыландыру көлемін ұлғайтуға – 17,8 млрд теңге, "Жарғылық капиталды толықтыру арқылы селекцияны және бастапқы тұқым шаруашылығын дамыту үшін "ҰАҒБО" КЕАҚ-ын материалдық-техникалық жарақтандыру үшін бюджет қаражатын бөлу жөніндегі уәкілетті органға ұсыныстар енгізуге" – 60 млрд теңге бөлу ұсынылған.

Ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттарын сынау жөніндегі мемкомиссияны қажетті селекциялық, тұқым өсіру техникасымен және жабдықпен жарақтандыруға – 16 млрд теңге, ал 2024–2026 жылдары бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы мен гендік қорын дамыту жөніндегі ғылыми-техникалық бағдарламаларға – 22,5 млрд теңге беру ұсынылды.

АШМ сендіруінше, жоспарды іске асыру арқасында 2027 жылға қарай отандық селекциядағы дақылдар сорттарының тұқымдары себілген егіс алқаптарының үлесі 51%-дан 77,3%-ға дейін жеткізілуге тиіс.

Қазақстанның тұқым нарығы жылына 250–300 млн долларға (шамамен 145 млрд теңгеге) бағаланады.

"Бірақ отандық нарықтың басым бөлігін шетелдік, ресейлік компаниялар өз бақылауында ұстап отыр: шетелдік селекциядағы тұқымдарды да солар жеткізеді. Ал қазақстандық тұқымшылар өз өнімін өткізуден небары 65 млн доллардай табыс табады. Бір жағынан бұл шетелден озық генетиканың елге келуіне мүмкіндік береді. Екінші жағынан, ұлттық қауіпсіздікке қатысты қауіп-қатер туындауы ықтимал. Себебі, басқасын айтпағанның өзінде, жеткізуде, логистикада кедергілер туындаса, бағалар күрт өсіп шыға келсе, отандық фермерлер тұқымсыз қалады ғой. Онда қымбатшылық та дүрк көтеріліп, бүкіл халықты қинауы, экономиканы тоқыратуы мүмкін. Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрлігінің ішкі нарықты отандық тұқымдармен молықтыру бастамасы қолдауға тұрарлық. Қазақстан өзін тұқыммен 80% қамтуға тиіс. Бұл отандық селекционерлердің қолынан келеді", – деді жетекші селекциялық орталықтың бірі саналатын Қарабалық ауыл шаруашылығы тәжірибелік станциясының басқарма төрағасы Дамир Қалдыбаев.

Жалпы мемлекет елде қолданылатын барлық тұқымды субсидиялайды. Оған жылына он миллиард теңгеден астам қаражат шығындалады. Егер өз егісіміз өз тұқымымыздан өнсе, бұл қаржылар да елде қалар еді.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу