Ауыл шаруашылығы нарықтары "Астана ЭКСПО-2017"-ге беріледі

6275

Төтенше жағдайға орай билік тосын шешім қабылдады. 

Ауыл шаруашылығы нарықтары "Астана ЭКСПО-2017"-ге беріледі

Үш жыл бұрын елордада EXPO жаһандық көрмесі аяқталғасын, оны ұйымдастыру үшін сонау 2013 жылы құрылған ұлттық компания да жабылуға тиіс еді. Өйткені көрме кешені орнында мемлекет есебінен мүлдем басқа ұйым – Қайрат Келімбетов басқаратын "Астана" халықаралық қаржы орталығы құрылды.

Алайда ел басшылығы көрме компаниясын жоюға бармады. "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы" АҚ-ы жұмысын жалғастырды. Тіпті оның 2024 жылға дейінгі даму стратегиясы жүзеге асырылды.

Дегенмен, атының өзі көзге оғаш, құлаққа тосын екенін түсінсе керек, ел Үкіметі 2019 жылғы 20 желтоқсанда өз қаулысымен оның атауын "QazExpoCongress" ұлттық компаниясы" АҚ-ы етіп өзгертті. Оның миссиясы ретінде бұлыңғырлау бағыт – "Қазақстанда қаржы, білім беру салаларында, конгрестер мен көрме өткізуде, инновациялық қызметте озық тәжірибелерді ілгерілететін заманауи іскерлік кеңістік құру" белгіленді. Шыны керек, жұртшылық ұстап тұруға қыруар ел қаржысы жұмсалатын осы компанияның немен айналысып жүргенін білмейді.

Енді оның миссиясына "Қазақстанда сауда инфрақұрылымын дамыту" міндеті қосылатын болды. Бұл мақсатта "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының даму стратегиясын бекіту туралы" қолданыстағы қаулыға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Үкіметтің жаңа қаулысы әзірленіп отыр.

Сауда және интеграция министрлігінің түсіндіруінше, Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия 23 сәуірдегі отырысында ұлттық компанияға қатысты осындай шешім қабылдапты. Нәтижесінде, компания бюджеттен жүздеген миллиард жаңа қаражат тасқынына қол жеткізеді.

"Бұл өзгерістер көтерме-тарату орталықтарының (КТО) тауар өткізу желісін құруға бағытталған. КТО-лар ауыл шаруашылығы өндірушілерінің өндірістік емес шығындарын азайтады, өнімнің уақтылы сатылуына кепілдік береді және тиімсіз көтерме делдалдарды жояды. КТО желісін құру ауыл шаруашылығы өнімдерінің дистрибуциясын, оны сақтауды, тасымалдауды және өткізуді қамтамасыз етеді. Бұл фермерлерге егіс кезінде жеміс-көкөніс өнімдерінің көлемі мен түрлерін неғұрлым сапалы жоспарлауға, сондай-ақ өз өндірісін дамытуға мүмкіндік береді", – дейді сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.

Нәтижесінде, жаңарған стратегияға сәйкес, "QazExpoCongress" елдегі жаңа стратегиялық саланы – сауда инфрақұрылымын басқарушы компания ретінде дамытылатын болады. Бұл ретте ұлттық компанияға тек Қазақстан аумағындағы ғана емес, елден тыс жерлердегі, шетелдегі ұлттық тауар өткізу жүйесі табысталмақ.

Компания енді ауыл шаруашылығы нарықтарын "көтерме-тарату орталықтары" (КТО) деп аталатын ірі мамандандырылған орталықтарға біріктіруі қажет. Соның негізінде көп функционалды инфрақұрылымдық сауда-логистикалық кешендер пайда болуы тиіс. Ол кешендер сақтау, тарату, сату және әмбебап (бәрін қоса атқарады) сияқты бағытына қарай бірнеше түрге бөлінеді.

Министрліктің ұсынуынша, КТО құрамына қоймалар, павильондар, сонымен қатар азық-түлік тауарларын сатып алу, дайындау және сатуға арналған құрал-жабдықпен жабдықталған басқа да орын-жайлар кіреді. Бұлар отандық және шетелдік нарықтарда ауыл шаруашылығы өнімдерін көтерме сатуға жұмылмақ. 

Сауда ведомствосының байламынша, қазақстандық ауыл шаруашылығы тауарлары жаһандық "қара базарда" бәсекеге қабілетсіз, мұның бірнеше себебі бар, бұлар – саланың инфрақұрылымнан тапшылық көруі, өткізу жолындағы делдалдар кесірінен шығынының өсуі, нарықтардың қолжетімді болмауы.

Ал КТО-лар желісі арқылы өтетін барлық тауар ағыны міндетті түрде цифрландырылады және оны сату үшін отандық және халықаралық электронды сауда алаңдары пайдаланылады. Басқаша айтқанда, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері мен базарлары ғаламторға көшіріледі.

"Әр КТО 1 паллетке дейінгі дәлдікпен әр тауар есебін жүргізуге, сондай-ақ тауардың орналасқан жері мен көлемін қадағалауға мүмкіндік беретін интеграцияланған автоматты ақпараттық жүйемен жарақтандырылатын болады", – делінген жаңарған стратегияда.

Тиісінше, енді ЭКСПО компаниясына осындай кешендер құрылысын жүргізу құзыреті беріледі. Барлық өңір әкімдіктері 2022 жылға дейін КТО тұрғызуға 24 жер учаскесін іріктеп алып, "QazExpoCongress" ұлттық компаниясының меншігіне тапсыруға міндеттеледі.

Жобаның жалпы құны 237,5 миллиард теңгеге бағаланып отыр.

Құрылыс 3 кезеңмен жүреді. Бірінші кезеңде кемінде 9 КТО салынбақ. Соның ішінде алғашқылары қатарында Түркістан облысында – 1, Павлодар облысында – 2 және Алматы облысында – 2 орталық бой көтереді. Бұған республикалық бюджеттен 30 млрд теңге шығындалады.

Екінші кезеңде бұрын басталған КТО құрылысын аяқтау және кемінде тағы 10 орталық құрылысын, соның ішінде Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында қолға алу жоспарланған. Бұл кезең құны екі есе қымбат: кем дегенде бюджеттен 60 миллиард теңге шығындалады.

Үшінші кезеңде даму институттарының 147,5 млрд теңге мөлшерінде ақша қаражатын тарту көзделіп отыр. Ақырғы кезеңде бұрын басталған құрылысты бітіру, жаңа 5 КТО-ны пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонда жалпы саны 24-ке дейін жеткізілуі тиіс.

"QazExpoCongress" неге жаңа құзырға ұмтылып отырғанын оның стратегиясынан аңғаруға болады. Құжатта ұлттық компания басқаруындағы ЭКСПО-2017 мұрасы – "Нұр-Әлем" сферасына келушілер қатарының азаюына байланысты табыстың төмендегені; орташа чектің арзандауы есебінен кірістің кемігені; сфераның зақымдануына байланысты ұстап тұру шығынының артқаны айтылған.

Жанат Ардақ

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу