Ауыл шаруашылығы жерлері жеке тұрғын үй салушыларға берілмек

7775

Алматының аумағынан екі еседей үлкен жер қажет, сондықтан шаруалардың жерлерін мемлекеттің қажеттілігі мен мемлекеттік резервке беру талқыланып жатыр.

Ауыл шаруашылығы жерлері жеке тұрғын үй салушыларға берілмек

Кезекте тұрғандарға жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін уәделі 10 сотық жерді беруге 150 мың гектар жер керек. Бұл Алматының аумағынан 2,2 есе үлкен жер. Әкімдіктің иелігінде мұндай көлемде жер жоқ, осыған орай ауылшаруашылығы министрлігі (АШМ) қажетті гектарларды іздестіруге кірісті. Бұл туралы орталық коммуникация қызметінде өткен баспасөз жиынында ауылшаруашылығы министрлігінің жер ресурстарын басқару жөніндегі комитетінің төрағасы Ермек Карентаев мәлім етті.

"Бізде жеке тұрғын үй құрылысы (ЖТҚ) үшін жер жетіспейді. Кезекте тұрғандардың саны 1,3 млн адам. Осыған байланысты қажет болған жағдайда әкімдікке ЖТҚ-ға беру үшін белгілі бір жерлерді сатып алуға жатқызу құқығын ұсынамыз. Кезекте тұрғандардың қазіргі саны, әрине, тым көп. Сараптама жүргіздік. Кезекте тұрған адамдар бар. Жер қажет болмаса да әлі күнге тізімде тұрған адамдар бар. Сондықтан, шын мәнісінде, кезекте тұрғандардың саны әлдеқайда аз болады", – деп атап өтті комитет басшысы.

Ол ЖТҚ-ға жетпей жатқан жер көлемі бүгінде 97 млн гектарды құрайтын жер резерві есебінен қамтылатынын айтты. Сондай-ақ шаруалардан ауыл шаруашылығына пайдаланатын жерлерін сатып алу тетігі де қолданылатын болады. Бұл жағдайда аумақтардың құны нарықтық талаптар бойынша белгіленеді. Жерді бағалау, оның құнын есептеу әдісі және шаруалардан жерді алу географиясы әзірге пысықталуда. Бұл мәселені abctv.kz назарда ұстайтын болады.

"Қорда тұрған жерді пайдалануды ұсынып отырмыз. Бізде ЖТҚ-ға арналған қаланың белгілі бас жоспары немесе арнайы орналастыру жоспары бар. Сол бойынша кент немесе қаланың қай жаққа салынатын айқындалады. Әрине, бұл жерлер елдімекендердің игілігіне беріледі. Демек олар ЖТҚ-ға беріледі деген сөз. Егер ол жерлер біреуге жалға берілген болса, онда олар сатып алынады немесе шаруаға екіжақты келісім бойынша басқа жерден осындай жер беріледі. Әртүрлі жолдары қарастырылуда. Біздің міндетіміз – шаруаға қысым жасамау, яғни оның мүддесі қорғалуға тиіс. Егер жер қордан пайдаланылатын болса, онда еш кедергі болмайды", – деп түсіндірді ауылшаруашылығы министрлігі жанындағы жер комитетінің басшысы.

Мемлекеттік статистика комитетінің мәліметіне сәйкес, 2017 жылы Қазақстанда 4,2 млн шаршы метрге тұрғын үй салынған, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 18%-ға аз. Өңірлерде көрсеткіш айтарлықтай өскені байқалып отыр. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында ЖТҚ көлемі 40%-ға өскен, ол жерде 225 мың шаршы метр пайдалануға берілген. Ақмола облысында 29%-ға, яғни 224 мың шаршы метрге артық тұрғын үй салынған. Ақтөбе облысындағы көрсеткіш 15%-ды құрап, 323 мың шаршы метрге дейін жеткен.

Өткен жылы ЖТҚ құрылысы бойынша Алматы облысы көшбастап, 512 мың шаршы метр үй салған. Алайда 2016 жылмен салыстыратын болсақ, халықтың тарапынан жүргізілген құрылыс көлемі өңірлерде екі есе төмендеп кеткен.

Осы арада, ЖТҚ-ны дамыту "Нұрлы жер" тұрғын үй бағдарламасы аясында қарастырылып жатқанын айта кету керек. Осының негізінде бағдарламаға қатысушылар "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ желісі бойынша құрылыс салушыдан жеке баспананы несиеге рәсімдей алады.

2017 жылы бағдарлама аясында 70 мың жер теліміне инженерлік желілер тартылған, оның 54 мыңы бұрын берілген болса, ал 16 мыңы жаңадан берілген жер телімдері. Желілерді тартуға былтыр бюджеттен 80 млрд теңге бөлінді.

Гүлназ Ермағанбетова, Карина Алимова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу