Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров көктемгі егіс науқаны туралы мәлімдеді

8677

Көктемгі дала жұмыстары кезінде санитарлық-эпидемиологиялық нормалар қатаң сақталады.  

Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров көктемгі егіс науқаны туралы мәлімдеді

Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаровтың сөзінше, коронавирус пандемиясының салдарынан елімізге енгізілген төтенше жағдайға байланысты министрлікке көктемгі-егіс жұмыстары кезіндегі қауіпсіздік шараларына байланысты көп сұрақ келген. 

"Министрлік төтенше жағдай кезеңінде рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесіне көктемгі дала жұмыстарын жүргізуді қамтамасыз ету мәселелерін енгізуді, сондай-ақ көктемгі дала жұмыстарын техникамен, тыңайтқышпен, қосалқы бөлшектермен және мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударуды сұрап, облыс әкімдеріне хат жолдады", – деді ол. 

Вице-министрдің мәлімдеуінше, көктемгі дала жұмыстарын атқару барысында ауыл шаруашылығы басқармалары мен өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшыларын төтенше жағдай жөніндегі штаб құрамына енгізуді, сондай-ақ адамдар мен техниканың кедергісіз ауданаралық қозғалысын қамтамасыз етуді көздейтін бірыңғай алгоритм әзірленген. 

Айдарбек Сапаровтың айтуынша, көктемгі дала жұмыстары кезінде санитарлық-эпидемиологиялық нормалар қатаң сақталады. 

"Дихандар мен сервистік компаниялардың қызметкерлерді жеке қорғаныс құралдарымен және антисептикпен қамтамасыз етіледі. Бұл мәселені Алматы, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының әкімдіктерімен шешіп қойды. Басқа облыстар бұл іспен айналысып жатыр", – деді Айдарбек Сапаров. 

Бұдан кейін ол тұқым дайындау мен оның сапасы және тыңайтқыш сатып алуға бөлінген қаржы туралы сөз қозғады. 

"...Бүгінгі күні 1 млн тонна тұқым тексерілді, оның 95%-ы кондицияға сай. 47 мың тонна немесе 5% тұқым кондициялық емес деп танылды", – деді вице-министр. 

Оның сөзінше, жоғары өнім  алу үшін тыңайтқыш қолдану маңызды рөл атқарады. Бұл үшін жергілікті бюджеттен 23,3 млрд теңге қарастырылған. Бұл ақшаға 480 мың тоннаға жуық минералды тыңайтқыштар сатып алуға болады. 

Айдарбек Сапаров биыл дихандар дизель отынының 1 литрін 165 теңгеден сатып алатынын, бұл нарықтағы бағадан 13-15%-ға арзан екенін айтты. 

"Арзандатылған дизель отынын әділ бөлу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Министрлік пен әкімдік мәселені бақылауда ұстап отыр", – деді Айдарбек Сапаров.

Сөз арасында ол "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы бойынша көктемгі егіс жұмыстарына қосымша 100 млрд теңге бөлінгенін баяндады.  

"Субсидиялауды есепке ала отырып, соңғы сыйақы мөлшерлемесі қарыз алушылар үшін жылдық 6%-ды құрайды. Бұл шаруаларды айналым қаражатымен, тұқыммен, тыңайтқышпен, қосалқы бөлшектермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – деді Айдарбек Сапаров.

Вице-министрдің мәлімдеуінше, көктемгі егіс жұмыстары басталған кезде ауыл шаруашылығы техникасы 100% науқанға дайын болады. 

"Облыс әкімдіктерінің дерегіне сәйкес, 7 сәуірдегі жағдай бойынша көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге ауыл шаруашылығы техникасының 98%-ы әзір

Жұмыс басталғанға дейін техниканың дайындығы 100%-ды құрайды деп болжанып отыр. Көктемгі егіс жұмыстарын уақытында жүргізу үшін ақпан-маусым айларына 387 мың тонна дизель отыны бөлінді. 8 сәуірдегі жағдай бойынша бекітілген кесте бойынша жоспарланған 387 мың тоннаның 119 мың тоннасы бойынша шарт жасалып, 103,4 мың тонна дизель отыны тиелді", – деді Айдарбек Сапаров.

Вице-министр ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі туралы сөз қозғап, биыл  қарақұмық алқабы ұлғайтылатынны мәлімдеді. 

"Қарақұмық алқабы 30 мың гектарға ұлғайтылады. Осылайша осы дақылға деген қажеттілік толық жабылады", – деп қорытты сөзін Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі. 

Қанат Махамбет
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу