Ауыл тұрғындары интернет үшін сай кезіп, төбе жағалап жүр

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
24403

Министрдің мақтауын "асырғаны", кемшілігін "жасырғаны" екен. 

Ауыл тұрғындары интернет үшін сай кезіп, төбе жағалап жүр

Сәуір айының 11- інде "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы аясында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды жетілдіру бойынша жұмыс тобы құрылды. 18 сәуірде министр Асқар Жұмағалиевтің төрағалығымен жұмыс тобының алғашқы онлайн отырысы өтті. Ал 23 сәуірде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, білім және инновация комитетінің төрағасы Болат Башеевтің жетекшілігімен жұмыс тобы екінші рет онлайн режимде кездесті. Салалық министрліктің қауырт қимылдауына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын сынауы себеп болды.

Естеріңізге салайық, 4 наурызда "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға арналған кеңесте Мемлекет басшысы Smart Data Ukimet жобасы аясында осыған дейін Білім және ғылым, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Қаржы министрліктері мен "Ұлттық ақпараттық технология" АҚ  атқарған жұмыстар жоспарланғандай нәтиже бермегенін баяндады.  

"Үкіметке барлық мемлекеттік органды жұмылдыра отырып, Smart Data Ukimet жобасын қысқамерзімде іске қосуды тапсырамын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ақпараттық технология дамыған заманда мемлекеттік цифрлы қыз­меттер кез келген қарапайым адамға тү­сінікті және қолжетімді болуға тиіс еке­нін жеткізіп, қандай да бір қызмет түрлерін іске қосар алдында әр­түрлі санат­тағы азаматтардан құралған топ жа­сақ­талып, оған халықты  қатыстырып, кеңесу қажеттігін ескертті.

"Бизнес пен азаматтар тара­пынан жоғары сұранысқа ие, бірақ сыбайлас жемқорлық жиі болатын салаларда цифрландыру өте баяу жүргізілуде. Бұл жер телімдерін беру, табиғи монополиялардың қызметтеріне қосылу, қоғамдық көлікте жолақы төлеу жүйесі және басқа да салаларда көп кездеседі. Жергілікті атқарушы органдар аталған мәселеге қатысты белсенді жұмыс істейді деп сенемін. Цифр­лық даму министрлігі бұл жұмысты тиісті деңгейде жолға қоюы тиіс. Президент әкімшілігіне бақылауға алуды тапсырамын", – деді Қазақстан басшысы.

Президент қала мен ауыл тұрғындары ара­сында "цифрландыру алшақтығы" бар екенін де тілге тиек етті.

"Бұл жай ғана алшақтық емес, әлеуметтік теңсіздік. Үкіметке "цифрлы алшақтықты" реттеу жұмысын жандандыру қажет", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқару жүйесіне цифрлық технология енгізілсе де, құжат айналымы толық электронды форматқа көшпегенін атап өтті.

"Қазіргі кезде талап ететіндей, құжаттарды қағаз жүзінде де, электронды түрде де дайындап, тапсыру дұрыс емес. Құжаттардың қағаз нұсқаларына біртіндеп тыйым салынуы керек, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев IT саланы жаңа сапалық деңгейге көтеру қажеттігін алға тартып, 2021 жыл "Цифрлан­дыру жылы" болатынын және бұған бюджеттен қаржы қарастырылмайтынын мәлімдеді.

"Қазіргі тәжірибеге сүйене отырып, "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын қосымша қаржы шығындарынсыз қайта қарау керек", – деді Мемлекет басшысы.

Қаржы дегеннен шығады, "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға бюджеттен жарты трлн теңге бөлінген. Қомақты қаржының 238 млрд теңгесін биыл жұмсау көзделген.

Обалы не керек, мемлекеттік бағдарлама мемлекеттік қызметтерді автоматтандырып, телекоммуникациялық инфрақұрылым мен инновациялық экожүйені дамытты. Ұлттық экономиканы цифрландырып, халқымыздың IT сауаттылығын арттырды. Дегенмен ол осыған дейін жүзеге асыруға тиіс болған  міндетін атқара алмады.

Министр Асқар Жұмағалиев: "Еліміздің 117 қаласы мен 3 324 ауылы кең жолақты интернетпен қамтылған. Оның ішінде 3 169 ауылға 3G және 4G мобильді кең жолақты интернет тартылған. 250-ден асатын тұрғыны бар елдімекендердің барлығына жыл соңына дейін жоғары жылдамдықты мобильді интернет жеткізіледі", – деп бағдарламаның мақтауын асырып жүрді. Былықтың барлығы төтенше жағдай кезінде су бетіне шықты. Сөйтсек, министрдің "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасының мақтауын "асырып" жүргені, кемшілігін "жасырып" жүргені екен.

Елімізге төтенше жағдай енгізілгенде "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы бірден сыр берді. Кеден, шекара, көші-қон қыз­меті және денсаулық сақтау саласы арасындағы байланыс жыларман жағдайда екені, олардың ортақ деректер базасы қалыптаспағаны әшкереленді. Салдарынан құқық қорғау қызметкерлері мен дәрігерлер елімізге қай уақытта, қанша адам кіріп шыққанын дер кезінде анықтай алмады. Бір сөзбен айтқанда, біздің ел  "Цифрлы Қазақстан" атты мемлекеттік бағдарламасы бола тұра, коронавирусқа қарсы күресте жоғары тех­ноло­гияның  мүмкіндігін пай­далана алмады. Бар тындырғанымыз, пандемия туралы ақ­­парат тарата­тын сайт пен Telegram-ботты іске қостық.

"Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы Білім және ғылым министрлігін  онлайн сабақ өткізу туралы жоспарға өзгеріс енгізуге мәжбүрледі. Ауылдағы оқушыларды сарсаңға салған әлсіз интернет қаладағы оқушылардың да жүйкесін жұқартты. Себебі интернеттің мүмкіндігі желі  қолданушыларының сұранысын қанағаттандыра алмады.

Қашықтықтан оқытуға көшкен кезде де жағдай жақсарып кеткен жоқ. Күні бүгінге дейін ауыл тұрғындары интернет үшін сай кезіп, төбе жағалап  жүр.

Министр Асқар Жұмағалиев тілге тиек еткен ауылдағы кең жолақты интернет жақсы жұмыс істегенде, Білім және ғылым министрлігі ауылдағы оқушыларға пошта қыз­­­меті арқылы тап­­­сыр­ма таратып, "Ел арна", "Балапан" телеарналары бейнесабақ өткізбес еді.

Бұл туралы төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның 10 сәуірдегі  отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: "Карантин режиміндегі қашықтықтан оқыту кезінде мектептер мен университеттердің интернет-жүйесі сынақты, былайша айтқанда стресс-тесті көтере алмады. Жүйелік олқылықтар анықталды. Білім министрлігі телеарна арқылы сабақ беруге мәжбүр. Көп жарнамаланған E-Learning жүйесі, әзілкештер айтатындай "сынып" қалды. E-gov жұмысында да кідіріс байқалады. Поствирустық кезеңде осы жағдайлардан сабақ алып, асыра сілтеушілік пен есептеу сараптамасын дайындау керек", – деді.

Карантин кезінде Egov порталының да сапасы сын көтермеді. Халық 42 500 теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақы алуға электронды тапсырыс бере алмай қиналды. Мәселені шешу үшін ҚР Президентінің цифрландыру және инновациялық технологиялар жөніндегі кеңесшісі Бағдат Мусин бастаған топ 42500.enbek.kz деген жаңа сайт ойлап табуға мәжбүр болды.  Ал Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев сасқан жоқ. Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік жәрдемақыны алу шарт­ын күрделендіріп жіберген дей салды.

Ақпараттық технологиялар маманы Нұрлан Құлымбетовтың айтуынша, Канада, Жаңа Зеландия мемлекеттерінде бірыңғай жүйе жұмыс істейді. Ақпараттық-коммуникациялық технология  әлеуметтік көмекті кімге беру қажет екенін автоматты түрде анықтайды да, жәрдемақы тағайындайды.

"Бізде жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлінетін электронды үкімет порталы бұл міндетті атқара алмады. Адамдар не тіркеле алмады, не өзіне қажет ақпаратты таппады. Бұл осы уақытқа дейін "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы іспен емес, сөзбен орындалғанын көрсетеді", – деді ол.

"Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы қолма-қол ақшасыз есеп айырысу жүйесін де жеріне жеткізбегені карантин кезінде анықталды.

Мем­лекет басшысы төлем карталарын та­ратуға техникалық инфрақұрылым ғана емес, сонымен қатар нормативтік-құ­қық­тық актілер, меморгандардың бизнес-про­це­сі де дайын болмағанын сынап, атқарушы билікке 3 күн ішінде төлем карталарын қашықтықтан алу мәселесін шешуді тапсырды. Сол-ақ екен  жылдар бойы шешілмей жүрген мәселе оңтайлы орайластырыла қойды.

Халыққа қызмет көрсету орталықтарында да кемшілік жоқ емес екен. Төтенше жағдай кезінде жаңа көлік сатып алған азаматтар оны онлайн жағдайда есепке қоя алмай, дал болды. Шу шыққаннан кейін ғана Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, жаңа автокөліктерді онлайн тіркеу сервисін іске қосты.

Біреу білер, біреу білмес, осыдан 3 жыл бұрын "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы бір қайнауы ішінде болғандықтан, қабылданбай кері қайтарылған. Кейін пысықталды, толықтырылды, жетілдірілді делінген соң, ел игілігі үшін қолданыcқа берілген. Түсініп отырғаныңыздай, бұл әу бастан бағы жанбаған бағдарлама. Оның жүзеге асырылу мерзімі 2018-2022 жылдар аралығын қамтиды. Бағдарламаның екі жылы артта қалды. Алда тағы екі жыл бар. Өткен жылдардың нәтижесі жоғарыдағыдай. Болашақта қалай болатыны белгісіз. Ал біздің қолымыздан алдағы екі жылдың нәтижесі бұған дейінгі екі жылдың нәтижесіндей емес, одан жүз есе жақсы болса екен деп тілеу ғана келеді.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу