Цифрлық экономикаға көшу үшін 310 млрд теңге жұмсаймыз

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
9550

"Қазақстанда соңғы екі-үш жылда IT саласында қабылданған шешімдерде нақтылық  аз".

Цифрлық экономикаға көшу үшін 310 млрд теңге жұмсаймыз

Алматыда өткен "K-Tech Technology Summitінде" технологиялық революция нәтижесінде алдағы бес жылда қазақстандық компаниялардың 40%-ы нарықтан шығып, тек бәсекеге төтеп беретіндері ғана қалатыны мәлім болды. 

Қазақстан экономикасын цифрлық жүйеге көшіруге жұмсалатын шығын 310 млрд теңге екен. Үкімет соның  169  млрд  теңгесін квазимемлекеттік сектор мен қаржы институттарынан, 141 млрд теңгені ел бюджетінен алуға ниеттеніп отырған көрінеді.   

Басқосу барысында  үкіметтің атынан ресми баяндама жасаған ақпарат және коммуникация вице-министрі Қайрат Балықбаев  экономикасын цифрлық жүйеге көшіруге белсене кіріскен елде жұмысқа смартфонмен кіруге тиым салынғанын сөз етіп, жиналған жұрттың езуіне күлкі үйіріп алды.

"Әзірге цифрлық жүйеге көшудің нәтижесі жоғары деңгейде емес. Бірақ  болашақта біздің елде  цифрлық жүйеге көшудің нақты нәтижесін көретін болады", – деді вице-министр.  

Пленарлық отырыста модератор Руслан Погорелов  вице-министрге : "Цифрлы  Қазақстан" бағдарламасының басты мақсаты – Астананың технологиялық хабын қалыптастыру. Аталмыш хаб  "Алатау" технологиялық паркінің күйін кешпей ме, сіздер бұған дейінгі тәжірибені назарға алдыңыздар ма", – деп сауал қойды. Вице-министр жауап ретінде: "Біз Алматыдағы технологиялық паркті қалыптастырған жүйені сақтаймыз. Себебі осы жүйе арқылы қыруар жұмыс атқарылды. Мүмкін біз күткен деңгейде емес шығар, дегенмен ілгерілеу болды", – деп тіл қатты.

"ЦИСКО Казақстан"  ЖШС бас директоры  Дмитрий Шустовтың айтуынша,  еліміздегі өндіріс орындарындағы жұмыстың 40%-ы адамның қол күшіне тәуелді. Басшылықтың уақыты сынып қалғанды жөндеу немесе ауырып қалған жұмысшының орнын алмастырумен өтеді.

"Біз бүгін немесе ертең экономиканы цифрлық жүйеге көшіреміз де  қол күшін қолданыстан шығарамыз деуден аулақпыз. Цифрлық жүйеге балама бола алатын жұмыс тәсілін бүгіннен бастап ойлауымыз керек", – деді Дмитрий Шустов.

"IBM Казақстан" компаниясының бас директоры Денис Петров әріптесінің пікірін қолдайтын болып шықты. Оның пайымдауынша,  сандық жүйеге көшуіміздің нәтижесінде  компаниялардың басым көпшілігі IT қызметінің жұмысын әртараптандыруға мәжбүр болады. Мысалы Қазақстанда тіркелген ұялы телефон компанияларының операторлары тек "Қазақтелекомға" бәсекелес болып, интернет қызметін ұсынады немесе бренд-телефондарды сатумен айналысады.  

"Қазір Қазақстанда блокчейн тақырыбы трендке айналды. Транзакция уақытын тек бірнеше секундпен шектеп немесе киберқауіпсіздіктің алдын алуға шамамыз жетеді. Біз сандық технологияға тұтас көшкенге дейін өз қызметімізді соған балама қызмет ретінде ұсына аламыз. Қара тізімге түсіп қалған 40% компанияның қатарында болмау үшін, дайындықты бүгіннен бастауымыз керек", – деп түйді сөзін Денис Петров. 

Оның пікірінше, блокчейнді игеріп алсақ, біз таңғажайыпқа толы цифрлы өмірге тап боламыз.

"Біз блокчейннен кейін жасанды интеллекті айналымға жібереміз. Жасанды интеллекті тұсында жоғарыда сөз болған 40%  емес, 60% компанияның қызметі ешкімге керек болмай қалады. Қазір Қазақстанда  жасанды интеллектінің  жұмысы денсаулық сақтау саласында қолданыла бастады.  Бұған қоса біз осы арқылы қосымша құн салығының дәл мөлшерін анықтап бере алатын болдық", – деді ол.

Өз кезегінде "Oracle" компаниясының  Ресейдегі және Шығыс Еуропадағы бөлімінің жетекшісі Дмитрий Юдин бізде барлығы керемет емес екенін кесіп айтты.

"Қазақстанда соңғы екі-үш жылда IT саласында қабылданған шешімдерде нақтылық  аз.  Экономиканы цифрлық жүйеге көшіру бүкіл әлемде трендке айналғанына біраз болды.  Жапония  мен  Оңтүстік Кореяда бұл үрдіс  өткен  ғасырдың алпысыншы жылдарында басталып кеткен. Олар осыдан жарты ғасырдан көп уақыт бұрын басталған реформасының пайдасын тек 2010 жылдан бергі уақытта көре бастады. Қазақстанның осы бағытта жасап жатқан жұмысына көңілім тола бермейді. Үкімет технологияны дамытқысы келеді,   бірақ сонымен қатар "шығынды азайтыңдар, біз сол кезде сендерге төлейтін  қаржыны үнемдейміз" дейді. Мұндай тәсілмен тек сіздерге ғана сандық жүйеге көшуге болатын шығар. Бірақ оның оң нәтижесіне ешкім кепілдік бере алмайды" , деді  Дмитрий Юдин.

Оның ойынша, Қазақстан цифрлық жүйеге көшуді бастамас  бұрын экономиканың менталитетіне бейімделген  IT мамандарды дайындап алған дұрыс.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу