Ауылдағы ағайынның малын жаяр жері жоқ

Бұған не себеп және мәселе қалай шешілмек? 

Ауылдағы ағайынның малын жаяр жері жоқ Фото: massaget.kz

Павлодар облысындағы елді мекен тұрғындарына қорасындағы азын-аулақ малын бағуға жайылым жетпейді. Ауылдықтар онсыз да тарығып отырған тұста елді мекен аумағына кіретін бірнеше учаске жеке инвестордың пайдалануына беріліп, төрт түлікті бағатын бірде-бір гектар жер қалмады. Амалы таусылған ағайын Президентке бейнеүндеу жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Дау неден басталды?

Тараптар арасында туындаған даудың "тарихы" 2018 жылдан басталады. Сол жылы конкурстық комиссияның шешімімен ауылға іргелес жатқан 256 гектар және 966 гектар аумақ "Кронос Павлодар" ЖШС-не 10 жылға уақытша пайдалануға берілген. Өткен жылы аталмыш кәсіпорын тауарлы сүт фермасы жобасын жүзеге асыруды қолға алды. Биыл көктемде осы фермадағы ірі қараны азықпен қамту үшін жер жыртуға, екі мың гектар аумақты суармалы алқапқа айналдыруға кірісіп кетті. Инвестициялық идеяны іске асыруға 14 млрд теңге құйылмақ. Мұндай қомақты сомаға 1893 басқа арналған ферма салынып, Германиядан асыл тұқымды ірі қара әкелінеді.  

Фото: massaget.kz

"Шаруашылықта барлығы 3500 бас ірі қара болады. Тауарлы сүт фермасындағы әр бастан жылына 9125 литр сүт, жалпы фермадан бір жылда 14,5 млн литр сүт аламыз", - дейді "Кронос Павлодар" ЖШС бас инженері Константин Ибрагимов.

Кәсіпорын 160 жаңа жұмыс орнын ашып, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуды көздейді. Сондай-ақ, қызметкерлерге екі пәтерлі 20 баспана салу ойда бар. Жоспарға сәйкес, ферма 2025 жылы іске қосылуы керек.

Алайда бұл жобаның кесірінен көпшілік жайылымсыз қалды. Жолқұдық, Ребровка және Қаракөл ауылдарының азаматтары мал бағатын өрістерін қайтарып беруді сұрайды. Бұған дейін ірі қараны шығарып келген аумақты бүгінде кәсіпорын басшылығы иемденіп алған. Ребровка ауылында балық шаруашылығын дөңгелетіп отырған "Колос" кәсіпорнының басшысы Александр Веретенников да инвесторға жердің берілуімен келіспей, құзырлы органдарға шағым түсірді.

Айта кетейік, елді мекенде барлығы 176 адам тұрады. Мұндағы 41 ауланың 16-сы мүлде мал ұстамайды. Қалған 25 үйдің қорасында барлығы 85 бас ірі қара, 500 қой, 250 жылқы бар. Олардың ішіндегі сауынды сиырларды жаю үшін кем дегенде 800 гектар жер керек. Алайда бүгінде оның бір гектары да жоқ.

Жер заңсыз берілді ме?

Аталмыш іске облыстық жер ресурстарын басқару департаменті араласты. Департамент басшысы Бағдат Нәлібаевтың сөзінше, Ребровка ауылы тұрғындарының шағымы негізінде жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде Ақсу қаласының жер қатынастары бөлімі мен Алғабас ауылдық округі жалпы аумағы 1200 гектардан асатын жерді заңсыз берді деген байламға келді. Сөйтіп, аталмыш мемлекеттік мекемелерге бір ай аралығында олқылықты жоюға қатысты ескертухат жолданды. Соған сәйкес, инвестордың басқаруына өтіп кеткен учаскелер елді мекенге тиесілі жер болғандықтан, 256,8 және 966 гектар аумақты пайдалануға беру туралы келісімшартты бұзу жөнінде шаралар қабылдануы керек. Бірақ жергілікті билік мұндай шешіммен келіспейді.

Фото: ӨКҚ

"Департаменттің ескертухатында елді мекен аумағындағы жайылымды жеке меншікке және жерді пайдалануға (аренда) беруге қатысты заңнама талабы бұзылды деп көрсетілген. Десе де, бұл талап тек 2022 жылы жер заңнамасына енгізілді. Ал учаскелер 2018 жылы берілген. Осыны ескеріп, мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа ескертухаттың күшін жоюға қатысты шағым түсірдік. Сот оны қанағаттандырусыз қалдырды. Департаменттің талабын орындау үшін алдымен келісімшартты емес, оны жасауға негіз болған конкурстық комиссия отырысы мен жеңімпазды анықтау хаттамасының күшін жою керек. Әйтпегенде, ертеңгі күні инвестор біздің әрекетімізді заңсыз деп танып, сотқа арыздануы мүмкін", - дейді Ақсу қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұрбек Әбішев.

Сондай-ақ, Нұржан Әбішев Ребровка ауылының тұрғындары үшін шалғайдағы жайылымда 800 гектар жер резервте тұрғанын айтты. Жылқы, қой-ешкі мен сауынды емес ірі қараны сол аумақта бағуды ұсынды. Алайда көпшілік бұған келіспейді. Біріншіден, жер шалғай. Екіншіден, жоғарыда аталған "Кронос Павлодар" жайылымға барар жолды жыртып тастаған көрінеді. Таяуда ғана жергілікті шаруашылықтар мен тұрғындар бас көтерген соң мал айдайтын, ені небары 10 метр болатын дәліз жасап берді.

Фото: massaget.kz

Енді қайтпек керек?

Құрамына Ребровка ауылы кіретін Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсембинов барлығын қолында уыстап ұстап қалуды қалайтын сыңайлы. Олай дейтініміз – әзірге ескертухаттағы талапты орындап, инвестормен келісімшартты бұзуға асықпай отыр. Шағым түсірушілердің бірі – "Колос" шаруашылығының басшысы Александр Веретенниковпен әлі де соттасып жатыр.

Фото: ӨКҚ

"Біз инвестормен бірден келісімшартты бұзып, жобаны осы жерден аяқтаймыз деп айта алмаймыз. Себебі 14 млрд теңгелік жобаға қазірдің өзінде қырауар қаржы құйылды. Жалпы, жобаның әлеуметтік-экономикалық әсері жақсы болуы керек. Тұрғындардың да жағдайын түсінеміз. Сол үшін "Кронос Павлодар" кәсіпорнымен келіссөз жүргіздік. Нәтижесінде 400 гектарды ауылдықтарға қайтарып беретін болды. Одан бөлек, жер түгендеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз", - деді қала басшысы.

Өзіміздің өнімге қайтіп жаримыз?

Түптеп келгенде, жайылымдық жер мәселесі тек ақсулықтарды алаңдатып отырған жоқ. Облыс бойынша айтарлықтай тапшылық байқалады. Жергілікті жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитов оны жою үшін жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтады. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын 282 мың гектар жайылым тапшы болса, бүгінде тапшылық 124 мың гектарды құрайды. Жыл басынан бері 9,5 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Тек қайтару кезінде құжаттамалық жұмыстар әжептеуір қол байлайды. Мысалы, мақсатсыз пайдаланып жатқан немесе мүлде игерілмеген аумақты кері алу үшін 1-2 жыл уақыт кетеді.

Фото: ӨКҚ

"Тағы бір мәселе – көпшілік ауылдан алыс жерде мал баққысы келмейді. Ал негізі елді мекен маңындағы жайылымда тек сауынды сиырлар жайылуы керек. Жылқы мен қой-ешкіні жайлауға апарған дұрыс. Ол жерде 500 мың гектар жер бар", - дейді Мұрат Хамитов.

Өкінішке қарай, кейбір ауылдарда сол сауынды сиырдың өзі таңнан кешке дейін жайылып келетін жер жоқ. Кезінде шаруашылықтар мен кәсіпорындардың пайдалануына беріліп кеткен аумақтарға ауылдықтар аяқ баса алмайды. Мұндай мәселелерден титыққан жұртшылық мал басын азайтуға мәжбүр. Жайылым жағдайы шешілмесе, отандық ауылшаруашылығы өнімдеріне қайтіп жаримыз?!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу