Ауылдық квота абырой әперді ме

10027

Ауылдық квотамен оқыған студенттерге мемлекеттік тапсырыс қаражатын "еңбекпен өтеуде" жеңілдік берілді. 

Ауылдық квота абырой әперді ме

Биылғы жылы білім қуған жастар университеттерде жоғарғы білімді тегін ала алуы үшін 56 мың білім гранты бөлінді. Соның 30%-ы не 16,8 мыңы "тек ауыл жастары арасынан шыққан Қазақстан азаматтары" арасында үлестірілді. Кезінде ауылдық квота 10 пайыз болатын. Ел Үкіметінің 2021 жылғы 21 сәуірдегі №256 қаулысымен 30 пайызға дейін ұлғайтылды. Сонда да ауыл-аймақта маман тапшылығы күшейіп барады.

Осы орайда Семейдегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Үкіліайым Оспанова Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке сұрақпен қайырылды.

"Біріншіден, ауыл мектептерінің түлектеріне "ауылдық квота" арқылы жеңілдік берілуінің мақсаты неде? Екіншіден, осы бағдарлама мемлекет үшін қаншалықты тиімді? Үшіншіден, ауыл және қала мектептеріндегі білім беру сапасын теңестіру мүмкін бе? Қалай? Осы мақсатта қандай жұмыстар атқарылуда?", – деп сұрады Үкіліайым.

Министр Асхат Аймағамбетов ауылдық квота тек университеттерге ғана емес, колледжге түсушілер үшін де берілетінін еске салды. 2021-2022 оқу жылында 435 мемлекеттік және 170 жеке колледж арасында 97 мың мемгрант орналастырылды. Үкіметтің қаулысына сәйкес, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарға бағытталған бұл гранттардың да 30 пайызы – "ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын мамандықтар бойынша ауыл жастары арасынан шыққан азаматтарға" ұсынылды.

Дегенмен ауыл жастарының білімі нашарлау екені байқалады.

"2021 жылы жалпы саны 32 419 ауыл мектебін бітірген түлек ҰБТ-да сынақ тапсырды. Соның 22 063-і ауыл квотасы бойынша конкурсқа қатысқан. Оның ішінде тек 5 471 түлек ауылдық квота бойынша грант алғанын хабарлаймыз. Ауылдық квота ауыл жастары үшін жоғары оқу орындарына түсудің қолжетімділігін арттыру мақсатында жүзеге асырылады", – деді БҒМ басшысы.

Бұл ретте "Білім туралы" заңына сәйкес, "ауылдық квотаның" жауапкершілік-талабы бар. Оның көмегімен педагогтік, медициналық, ветеринариялық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша оқуға түскен ауыл жастары университет немесе колледж бітіргеннен кейін мемлекет шығынын ауылдық жерде орналасқан білім беру, денсаулық сақтау, ветеринария ұйымдарында, ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын меморгандар бөлімшелерінде және меншік нысанына қарамастан аграрлық бейіндегі ұйымдарда кемінде 3 жыл жұмыспен өтеуге міндетті.

Ауыл мектебін бітірген биылғы 32,4 мың түлектің бәрі бірдей ауылдық квотаға тапсырмауының бір астары осында. Олардың ауылға қайтуға ниеті жоқ. Тиісінше, ауылға оралып, 3 жыл еңбек ету міндетін арқалағысы келмейді.

Квотаға қатысты кереғарлықтар түзетілуде

"Ауылдық квотаның" кереғар тұстары да бар. Мысалы, жас маман жұмыс істеп, мемлекеттің оқытқан ақысын өтейін десе, ауылында жұмыс табылмайды. Оқуға кеткендер түгіл, ауылда қалғандарға да жұмыс жоқ. Ал 3 жыл жұмыспен өтемесе, миллиондаған ақша мойнына ілінбек.

Жастарды біраз жыл мазалап келген бұл мәселе тек биыл шешілді. Білім беру мәселелері жөніндегі ұлттық заңнамаға жоғары және ЖОО-дан кейінгі білім деңгейлерін қамтитын түзетулер енгізілді. Заң мемгрантпен оқуға түскен студенттердің оны жұмыспен өтеу шарттарын жеңілдетті.

Оған сәйкес, енді түлектер тек мемлекеттік мекемелерде ғана емес, жекеменшік ұйымдарда да жұмыс істеп, гранттарын өтей алады. Басты шарт – дайындық бағыты, яғни мамандығы бойынша жұмыс істеуге тиіс және ол мекеме ауылдық жерде орналасуы керек.

"Бұл мәселені түлектер жиі көтеретін. Жаңа норма түрлі ұйымдағы кадр мәселесін шешуге септігін тигізеді. Сондай-ақ түлектердің жұмыспен қамтылу мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады. Мысалы, студент ауылдық квотамен фармацевтика бағыты бойынша оқуын аяқтады делік. Кейін ол ауылға барып, өз мамандығы бойынша мемлекеттік ұйымда жұмыс істеуге міндетті болатын. Ал ауылда мемлекеттік дәріхана жоқ болса ше? Түлектің қиын жағдайға тап болатыны анық. Сондықтан бұл мәселе шешімін тапты", – деді министр Асхат Аймағамбетов.

Демек түлекке жекеменшік дәріханада істеуіне де рұқсат етілмек. Сондай-ақ қазір мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жекеменшік балабақшалар, мектептер мен ауруханалар салынуда. Ауылдық квота түлектері соларда да еңбек ете алады.

"Ендігі кезекте грантпен оқыған түлек өз дайындық бағыты бойынша жекеменшік ұйымдарда еш кедергісіз жұмыс істей алады", – деп сендірді БҒМ басшысы.

Аяқталып қалған жылы Білім және ғылым министрлігі студенттердің бір алаяқ схемасына ақыры тосқауыл қойды. БҒМ дерегінше, кейбір грант иегерлері мемлекет шығынын жұмыспен өтеу рәсімін айналып өтудің амалын тапқан: олар грант арқылы 3-ші курсқа дейін тегін оқып, үш жыл бойы стипендия алады. Содан кейін мемгрантты жұмыспен өтемеу үшін 4-курста ақылы бөлімге ауысып кетеді. Бұрын олар осы арқылы ауылға қайту міндетінен босатылатын. Алайда 2021 жылы жаңа заң талабы күшіне енді. Ауылдық квотамен оқыған шәкірт ақылы бөлімге ауысса, алдыңғы курстардағы оқу ақысын – мемлекет шығындарын бәрібір ауылдағы жұмыспен өтеуге тиіс болады. Дәл осы норма ақылы бөлімнен мемгрантқа ауысқан ауыл студенттеріне де қатысты.

"Еңбекпен өтеуден" қандай түлектер азат?

Ауылға барғысы келмейтін түлектер бұл міндеттен кей жағдайда босатылады. Елорда тұрғыны Күнбала Сәкенқызы Қарағанды облысындағы ауылдың тумасы. Тиісінше, ауылдық квота бойынша Қарағанды мемлекеттік медицина университетіне түсіп, 2018 жылы бітіреді. Бірақ "жалпы тәжірибе дәрігері" мамандығы бойынша ары қарай оқуын жалғастырады. Өткен жылы оны аяқтаған соң, пандемияның ушығып тұрған тұсында ауылдық квотамен Түлкібас аудандық орталық ауруханасына жұмыс істеуге жіберіледі.  

Алайда ол осы кезде Нұр-Сұлтан қаласының тұрғынына тұрмысқа шығыпты. Ізінше елордада жұмысқа тұрды.

"Бітірген университетімді ескерте отырып, қажет деген құжаттарды тапсырдым, Нұр-Сұлтандағы қалалық емханалардың біріне жұмысқа орналастым. Алайда 3 ай ғана толық жұмыс істей алдым. Маған Қарағанда қаласындағы оқу орнынан бөлім бастығы хабарласып, "қалалық жерде сізге қызмет етуге болмайды!" деді. Жолдасыммен елордада тұрамыз, ол осындағы Шарын базарында кәсібін жүргізеді. Алайда ауылдық квотаға қатысты қысым салдарынан жұмыстан шығып, жұмыссыз отырмын", – дейді түлек.

Ол Жұмыспен қамту орталығына жүгініпті, оның қызметкерлері ең жақын орын ретінде Ақмола облысының Ақмол ауданына жолдапты.

"Мен ол жаққа қаладан қатынап жұмыс істей алмаймын, барып келуге 80 шақырым жол жүру керек. Оның үстіне жүктілігіме байланысты ешқандай жұмыс орны жұмысқа алмай жатыр", – дейді Күнбала.

Бармаса, заң бойынша оқытуға кеткен республикалық бюджет шығыстарын – миллиондарды өтеуі шарт. Бірақ бұдан кейбір санаттар босатылады: Үкіметтің 2012 жылғы 30 наурыздағы №390 қаулысымен бекітілген "Маманды жұмысқа жіберу, бюджет қаражаты есебінен шеккен шығыстарды өтеу, өз бетінше жұмысқа орналасу құқығын беру, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған Қазақстан азаматтарын жұмыспен өтеу жөніндегі міндетінен босату немесе олардың міндетін тоқтату қағидаларының" 27-тармағына сәйкес, жас мамандарды дербес бөлу жөніндегі комиссияның шешімімен мына санаттар жұмысты өтеу жөніндегі міндеттен босатылады:

1) Жұбайы тұратын, жұмыс істейтін немесе қызметін өтеп жатқан елді мекенде бос жұмыс орны болмаған жағдайда;

2) I және II топтағы мүгедектер;

3) Одан әрі оқуға магистратураға, резидентураға, докторантураға түскен адамдар;

4) Жүкті әйелдер, 3 жасқа дейінгі баласы бар, сондай-ақ баланы жалғыз тәрбиелеп отырған адамдар.

Ендеше мемлекеттің талабы да, жеңілдігі де әділетті болса керек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу