Үкімет жолаушыларды ығыр еткен автобус контролерларына қатысты шешім қабылдады

10571

Депутаттардың криминалды елдердегі сияқты автобус жүргізушілерін жолаушылардан толық оқшаулау туралы ұсынысы өтпей қалды.

Үкімет жолаушыларды ығыр еткен автобус контролерларына қатысты шешім қабылдады Фото: gov.kz

Қоғамдық көліктерге қатысты дау-жанжалдар тыйылмай тұр. Оларға түрткі болатын "тамыздық" факторлар – негізінен екеу: біріншіден, шет-шегі жоқ бақылаушылар легінің әрбір аялдамадан мініп, жолаушылардың жолақысын төлеген-төлемегенін бірінен соң бірі тексеріп, жұртты әбден мезі етуі. Екіншіден, жолаушылардың автобус жүргізушілерімен қақтығысуы.

Соңғысына септесетін бір себепті жою үшін Үкімет 2024 жылғы 25 қаңтардағы №34 қаулысымен жолаушыларға қоғамдық көліктің кез келген есігінен кіруге рұқсат етті. Бұл қаулы Астанада жолаушыларды және жүкті автомобиль көлігімен тасымалдау ережесін бекіткен ел Үкіметінің 2007 жылғы 8 қарашадағы №1061 қаулысының күшін жойды.

Өйткені 16 жыл бұрынғы қаулы арқылы билік автобустарда электронды төлемді бірінші болып енгізген елордада жолаушыларды тек алдыңғы есіктен кіруге мәжбүрлеген еді. Осы арқылы шенеуніктер салонға өтіп кетіп, жолақысын төлемейтін жолаушылармен күресті. Кейіннен бұл теріс тәжірибені қоғамдық көлікте электронды төлем енгізген өзге өңірлер де қабылдады.

"Жолаушыларды автокөлік құралына отырғызу және түсіру мынадай ретпен жүргізіледі: 2) екі және одан да көп есігі бар автобустарда жолаушыларды отырғызу алдыңғы есік арқылы жүргізіледі", – делінген болатын биыл күшін жойған ережеде.

Мұның соңы жолаушылар мен автобус жүргізушілері арасындағы шиеленістің өршуіне соқтырды. Өйткені жүргізушілер алдыңғы есіктен барлық жолаушы мініп, жолақысын төлеп болғанша, артқы есіктерді ашпайтын, жұмысына асыққан адамдарды автобустан түсірмейтін.

Бірақ қоғамдық көлік қызметкерлері мен жолаушылар арасындағы тайталасқа, тіпті төбелеске себепкер болатын басқа жағдайлар қалды.

"Автобустарда бақылаушылар тым көбейіп кетті. Ашу туғызатыны сол, олар тексерістерін өзара үйлестірмейді. Мысалы, мен елордадағы ең ұзын маршрутпен – №45 автобуспен қатынаймын. Автобус "Астана" тұрғын үй кешеніне дейін 60 шақырымды басып өтеді. Осы бағыт бойында автобусқа орта есеппен оншақты рет тексеруші кіріп, қайта-қайта билетті тексереді. Бір контролер түсіп жатқан аялдамадан екіншісі кіріп жатады. Жаңа ғана тексергенін айтсақ, оның басқа фирманың тексерушісі екенін айтады. Қаптаған қандай фирма?", – деп қапаланады қала тұрғыны Екатерина Соколова.

Ол автобустардағы бақылаушылардың санын азайтқан және тексеру ісін ретке келтірген жөн екенін айтады. Әйтпесе, бейберекет тексеріс онсыз да тұрмыс тауқыметінен титықтаған тұрғындардың көңіл-күйін одан ары нашарлатып, әлеуметтік кернеуді арттыра бермек.

Алайда Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр халықтан жолақысын толық өндіру үшін бақылаушылар саны қысқартылмайтынын білдірді. Ол ол ма, әрбір көлікте жолаушыларды билеттейтін тұрақты контролерлар отыратын ескі тәжірибе қайта оралуы мүмкін. Автобус парктерінің иелеріне тиісті құқық беріліпті. Тұрақты бақылаушы ұстау-ұстамауды енді олардың өздері шешеді.  

Р.Скляр жолаушыларды қоғамдық көлікпен, оның ішінде автобустармен тасымалдау тәртібі "Автомобиль көлігі туралы" заңымен және "Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларымен" регламенттелгенін еске салды.

"Кезінде билет ақысын тұрақты бақылаушыларға қолма-қол ақшамен төлеу кезінде көлеңкелі айналым болды. Сондықтан тасымалдау нарығының ашықтығын қамтамасыз ету үшін елде жол жүру ақысын төлеудің электрондық жүйесі енгізілді. Бұл жүйе бүгінде республикалық маңызы бар барлық қала мен облыс орталықтарында жұмыс істейді. Қоғамдық көлікте жол ақысын төлеудің электрондық жүйесін кеңінен енгізуге байланысты тұрақты бақылаушыларға деген қажеттілік азайды және олар бақылаушылардың желілік қызметіне қайта даярланды", – деді бірінші вице-премьер.

Ол қазіргі кезде желілік бақылаушылар жолаушылардың жол жүру ақысын өз бетінше төлегенін растау үшін автобустарды "кездейсоқ тексеретінін" баса айтты. Тиісінше, тексеріс бір үйлесімге келтірілмейді, реттестірілмейді.

Нақты бір тәртіпке, ретке келтірілсе, мысалы, тек бірнеше аялдамадан кейін ғана тексеру енгізілсе, қу жолаушылар сол аралық аялдамаларда тегін қозғалу схемасын жолға қойып алуы мүмкін екен.

Бақылаушылардың бірін-бірі танымауының да себебі бар көрінеді: олар әр компанияға – не автобус паркіне немесе электронды төлем жүйесінің операторына, мысалы, елордада "City Transportation Systems" ЖШС-ына жұмыс істейді.

"Бұл функцияны электронды төлем жүйесінің операторлары да жүзеге асырады. Заңға сәйкес, тасымалдаушы да төлемді қамтамасыз ету, сондай-ақ қоғамдық көлікте жол ақысын төлеу фактілерін тексеру үшін көліктік бақылау қызметтерін құруға құқылы. Сонымен қатар, бүгінде автобустарда тұрақты бақылаушылардың отыруына тыйым салатын нормалар жоқ. Осылайша, қоғамдық көлікте тұрақты бақылаушылардың болуы туралы шешімді тасымалдаушылар өзінің коммерциялық қажеттіліктерін ескере отырып дербес қабылдайды", – деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр.

Айтпақшы, таяуда бір топ Мәжіліс депутаты Үкіметке ұсыныспен шығып, автобус жүргізушілерін жолаушылардан жаппай оқшаулауды, яғни жүргізуші отыратын орынды оған ешкім қол тигізе алмайтындай етіп, қалқалап, толық жауып тастауды талап еткен болатын.

Бұл бастамаға Алматыдағы тосын оқиға әсер етсе керек. Сонда ер адамның әйел жүргізушіге жұдырық жұмсауы салдарынан жол-көлік оқиғасы болып, үш бейкүнә адам қаза тапты, тағы төрт адам жараланды. Соның арасында көп балалы ерлі-зайыптылар мерт болып, артында жас балалары аңырап қалды.

"Миллиондаған қазақстандық күн сайын қоғамдық көлік жүргізушілеріне өз өмірін сеніп тапсырады. Ал, Ата заң бойынша азаматтардың өмірі – мемлекеттің ең жоғарғы құндылығы. Соған қарамастан, уәкілетті тұлғалар төл міндеттерін орындау барысында автобус жүргізушілерінің өмірі мен қауіпсіздігін қорғау бойынша тиісті шаралар қабылдамайды. Мәселен, автобус жүргізушілері жолаушылардан толық оқшауланбаған. Өйткені олар тек автобус жүргізумен шектелмейді, сондай-ақ жолаушылардың жол ақысын төлеуін, салондағы тәртіптің сақталуын қоса бақылауға мәжбүр. Содан үнемі жолаушыларға алаңдаумен болады", – деді мәжілісмен Магеррам Магеррамов.

Осыған орай депутат автобус жүргізушісіне қарсы бағытталған қылмысты, мысалы, шабуылды "терактіге" теңестіруді ұсынды. Оның дәйектеуінше, қылмыс кесірінен қоғамдық көлікті басқарып келе жатқан жүргізуші қаза тапса, бұл тек автобус ішіндегі ғана емес, жол қозғалысына қатысушы тұлғалардың, соның ішінде өзге көліктердегі және көшедегі адамдардың өліміне соқтыруы мүмкін.

Соның негізінде Мәжіліс депутаттары Үкіметке барлық автобустарды қайта жабдықтап, жүргізушілерді толық оқшаулауды ұсынды.

Бірақ Үкіметтің бұл талап-тілекті орындаудан бас тартқаны белгілі болды.

"Автобус жүргізушілерін жолаушылардан толық оқшаулау тәжірибесін әлемде қылмыс деңгейі жоғары елдер қолданатынын атап өткен жөн. Бұған қоса, қозғалыс кезінде жүргізушінің денсаулығы нашарлаған кезде оған қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін де жүргізушілердің жұмыс орындары жолаушылардан қорғалмайды. Осыған байланысты, бүгінгі таңда жүргізушілерді толық оқшаулау үшін автобустарды қайта жабдықтау бойынша міндетті талапты енгізудің қажеттілігі жоқ деп санаймыз", – деді бірінші вице-премьер Роман Скляр.

Автобус жүргізушілері де "періште" емес, біразы тәртіп бұзып тұрады. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, 2024 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысында, қоғамдық көлік жүргізушілері жасаған 5 470 жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісі анықталды. Автобус парктерінің 112 лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу