Автоматтандыру жүйесі сот процестерінің ашық өтуіне мүмкіндіктер береді

24125

Айыппұлдың түбіртегін мемлекеттік органдарға апарудың қажеті болмайды. 

Автоматтандыру жүйесі сот процестерінің ашық өтуіне мүмкіндіктер береді

ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Бағлан Бекбауов қылмыстық және әкімшілік істерді жүргізуді цифрландыру, бизнесті қорғау, мемлекеттік органдарды тексеру, азаматтардың өтініштерін тіркеуді автоматтандыру және прокуратураның басқа да инновациялары жайлы айтып берді.

"Соңғы екі жылда "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасына кірген 5 ірі жобаны жүзеге асырудамыз. Бірінші жоба – электронды қылмыстық іс. Бұл жоба бойынша қылмыстық заңбұзушылықтан бастап сот өкімі шыққанға дейінгі бүкіл қылмыстық іс процесі электронды форматта өтеді. Келешекте жаза өтеу процесін де автоматтандырамыз. Жобаның тиімділігіне барлық құқық қорғау органдары оң баға беруде. Мысалы, 2018 жылдың алғашқы үш айында 0,9% қылмыстық іс электронды түрде тергелген болса, жыл аяғында 4,6%-ға жетті, ал бүгінгі күні бұл көрсеткіш 18%. Автоматтандыру жүйесі сот процесінің ашық өтуіне мүмкіндіктер беріп, іс материалдарын бұрмалау қаупін азайтады. Тергеушілерге планшеттер беріліп, онлайн режимде көптеген ақпараттар алуына мүмкіндік туады. Азаматтар тергеушілердің әс-ірекетіне де шағым түсіруіне болады".

Ақпараттық қауіпсіздік жайына тоқталған Бағлан Бекбауов "электронды айыппұл" мәселесіне айырықша тоқталды.

"Келесі жоба – әкімшілік өндірістің бірыңғай тізілімі. Жоба ішкі істер министрлігінің барлық құрылымдық бөлімшелеріне енгізілді. Бұл жоба бойынша жол жүру ережесін бұзушылардың айыппұлы рәсімделіп, төлем жасау үрдісі автоматтандырылады. Биылдың өзінде 1,5 млн әкімшілік құқық бұзу электронды түрде рәсімделді. Бұл жобаның азаматтар үшін қолайлылығы – SMS түріндегі хабарлама келеді. Еліміздің 17 ірі банктері арқылы адамдарға құқық бұзған жерінде айыппұл төлеу мүмкіндігі берілді. Айыппұл төленгеннен кейін деректер 15-20 минут ішінде жүйеде көрсетіледі. Бұл азаматтардың мемлекеттік органдарға барып төлемді түбіртегімен растаудан босатады. Адамдар кез келген жерден айыппұлдарын төлеп, онлайн режимде айыппұлдарының жабылуын қамтамасыз ететін боламыз",– деді Бағлан Бекбауов.

ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет төрағасының орынбасары "е-Өтініштер" жобасы жайлы да айтып өтті. "Бұл – мемлекеттік органдар азаматтардың өтініштерін қабылдауға және оларды қарауға арналған. Сондай-ақ 2018 жылдың шілде айында тексерісті электронды тіркеу бастылды. Тексеріс тағайындалғаннан кейін кәсіпкердің мобильді телефонына "Сізге тексеру келеді" деген Push-хабарлама келіп түседі. "Qamqor" мобильді қосымшасы арқылы тексеруге кімнің қашан келетіндігін біліп отыруға болады", – деді Бас прокуратура қызметкері.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу