Белгілі ұстаз, Qazbilim жобасының авторы Аятжан Ахметжан қазіргі қоғамда мұғалімдердің мәртебесі қандай екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Кез келген дүние салыстырмалы ғой. Дамыған, білімге қатты мән беретін мемлекеттерге қарағанда төмен. 2017 жылдарға дейінгі мұғалім мәртебесінен әлдеқайда жақсы, яғни ілгерілеу бар. Қазір мұғалімдік біршама сұраныс тудыратын мамандық. Мұғалім болу бұрынғыдай қадірсіз мамандық емес. Екіншіден, егер мұғалім өзі сауатты болса, онда олардың құқығы да 2017-2018 жылдарға дейінгідей бұзылмайды. Үшіншіден, сауатты мұғалімдер өте жоғары деңгейдегі сұранысқа ие", – деді Аятжан Ахметжан редакция тілшісінің сауалына берген жауабында.
Білім саласының белгілі сарапшысы мұғалімдер мен мектеп басшылары қандай болуы керек екеніне де пікір білдірді.
"Мектеп директорлары ең алдымен нағыз педагог болуы керек. Яғни, мектептің бас педагогы ретінде ұстаз деп атайтындай тұлға, көшбасшы болуы тиіс. Мұғалімдер ең әуелі кәсіби білікті болуы керек, өзінің мамандығын, пәнін жетік меңгергені жөн. Сонымен қатар ол шексіз ізденімпаз болғаны дұрыс. Адам тәрбиелеушінің қоғам үздіксіз өзгеріп бара жатқан тұста бір орында қалып қоюына болмайды. Үшіншіден, мұғалім ол мамандық емес, өнер. Мен мұны үнемі айтамын. Ол өзгенің баласының жанын түсінетін, жақсы көретін, өз мамандығын шексіз сүйетін адам болуы керек деп ойлаймын", – деп атап өтті ол.
Тәрбиеге жауапты кім?
"Тәрбиеге мына адам жауапты дегенге қарсымын. Тәрбиеге бәріміз жауаптымыз. Тіпті мектепте жүрмеген сіз де жауаптысыз. Мен де жауаптымын. Үйінде жүрген ата-ана да жауапты. Біз бәріміз тәрбиеге жауаптымыз және әрбір іс-қимылымызбен бала тәрбиелеуші екенімізді ойлаған жағдайда ғана тәрбие саласы оңалады. Тәрбие мынанікі деп жеке біреуге меншіктеп берсек, ешқашан оңалмайды. Кез келген қоғамның мүшесі – тәрбиеге жауапты тұлға", – деді Аятжан Ахметжан.
Осыған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов кезінде ҰБТ-дан ең төмен балл алғандар мұғалімдікке баратынын, қазір жағдай түбегейлі өзгергенін айтқан болатын.
Аятжан Ахметжан депутаттың пікірімен келісті. Ол бүгінгі таңда тестілеуден ең жоғары балл алғандар мұғалімдікті таңдайтынын жеткізді. Сөзінше, қазір мұғалімдік – сұранысқа ие, біршама беделді мамандық. Қазір мұғалім болуға асығатын жас түлектер көп, деп атап өтті спикер.
Қазақстан мұғалімдері лайықты жалақы алып жүр ме?
Жалпы елімізде соңғы төрт жылда ұстаздардың жалақысы екі есе артқан. Бұдан басқа біліктілік санаттары бойынша қосымша қаржы алатын мұғалімдер де бар.
"Аларманға алтау аз, берерменге бесеу көп" дейді ғой. Мұғалім өзінің біліктілігіне сай жалақы алуы керек. Қазақстанда өзінің деңгейінде жалақы ала алмай жүрген мұғалімдер бар және өзінің деңгейінен артық жалақы алып жүрген мұғалімдер бар. Мысалы, мықты, әлемдік деңгейдегі шәкірттерді тәрбиелеген, кез келген баланың жұлдызын жаға алатын мұғалімге қазіргі жалақы аз. Өз пәнін білмейтін, оқушыға жеткізе алмайтын, мектепте тек қана нәпақа үшін жүрген мұғалімге қазіргі жалақы көп", – деді белгілі ұстаз.
Аятжан Ахметжан қазіргі заман мұғалімдерінде мүмкіндік әлдеқайда көп екенін жасырмады.
"Қазақ қоғамы ұстаз деген кезде ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсыновты, Ыбырай Алтынсаринді еске түсіреді. Олар қиын кезеңде, ештеңе болмаған уақытта қазақ баласының болашағы үшін жанын беріп, еңбек етті әрі қаншама ұрпақтың жұлдызын жақты, бір ұлттың болашағын қалыптастырды. Дәл қазіргі ұстаздардан да сондай биік деңгейдегі жұмыс күтемін. Қазіргі мұғалімдердің мүмкіндігі әлдеқайда жоғары. Дәл осы кезде ұлтты сүйетін, ұлттың болашағы үшін еңбек ете алатын ұрпақ тәрбиелеуіміз керек", – деді спикер.