Президент Жолдауында мұғалімдердің біліктілігін арттырып, әлеуметтік мәртебесін көтеруге көңіл бөлу қажеттілігі туралы айтылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық. Сондықтан педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру керек. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстың беталысы жақсы, оны жалғастыру қажет", - деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, кезінде мұғалімнің мәртебесін көтеру бойынша реформа жүргізуге осы мамандыққа келетін мықты түлектердің аз болуы түркі болды.
"Президент осыған дейін істелген реформалар, мұғалімнің мәртебесін арттыру бойынша жұмысты жалғастыру керек деп Үкіметке тапсырма берді. Бұл да мұғалімдер үшін жақсы жаңалық деп санаймын. "Педагог мәртебесі туралы" заң қабылдағанға дейін қандай жағдай болды, қазір қандай – арасы жер мен көктей. Өйткені заң қабылдағанға дейін осы мамандықты таңдайтындардың орташа балы Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша 55-60 балл болды. Яғни ең төмен балл алғандар осы мамандыққа баратын. Біз жалақыны бірнеше мәрте өсірдік, шекті балды 50-ден 75-ке дейін көтердік. Педагог мамандықтарында оқитындардың шәкіртақысы ең жоғары. Басқа да кешенді жұмыстарды жасағанның арқасында қазір бұл мамандық шынымен де тартымды болды. Соған орай қазір орташа балы 100-ден жоғары. Тіпті биыл 120-125 балл алғандар грантпен педагогикалық мамандықтарға түсе алмады. Енді Президенттің осының алдында жасаған реформасын әрі қарай жалғастыру керек. Мәселе сапада", - деді халық қалаулысы.
Ол бүгінде осы мамандыққа келемін деген қазақстандықтар саны көбейгенін жеткізді.
"Қазақстанда топ-5 мамандық болса, соның ішіне мұғалімдік те кіреді. Көзінде оты бар, мектепке барып жұмыс істеймін деген азаматтар көбейді", - деді Асхат Аймағамбетов.