Азаматхан Әміртай: Біз биліктің партиясы болмаймыз

3922

"Байтақ болашақ" экологиялық альянсының төрағасы Азаматхан Әміртай inbusiness.kz тілшісіне берген сұхбатында экологиялық партия құрылып, парламентке өтсе, мұнай-газ компанияларына миллиардтап айыппұл төлеу қаупі туатынын мәлімдеді.  

Азаматхан Әміртай: Біз биліктің партиясы болмаймыз

– Қалай ойлайсыз, осыған дейінгі утильалым халықты теспей сорып тастаған жоқ па?

– Кеше "ӨКМ Операторы" утильалым жинау құқығынан айырылды. Бұл туралы үкімет қабылдаған қаулыда: "Утилизациялық алым қаражаты есебінен құрылған активтер мемлекет меншігіне берілді" деп жазылды. Құжатқа сәйкес өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесі және әкімшілендіру қызметі мемлекеттік ұйым – "Жасыл даму" акционерлік қоғамына жүктелді. "ӨКМ Операторы" қызметін тоқтатқанға дейін азаматтардан миллиардтап ақша жинады. Бірақ ашық жұмыс істеген жоқ. Компания халықтан алған ақшаның 10%-ын өңдеуге, едәуір бөлігін тасымалдауға жұмсады. Қалған 37%-ын өзіне қалдырды. Бұл – қомақты қаражат. Мен осы ақпаратты Мемлекет басшысына жеткізгенде ол қатты қынжылды. Президент елде "ӨКМ Операторы" ЖШС кесірінен банкротқа ұшыраған қайта өңдеу компаниялары мен зауыттар бар екенін білгеннен кейін мәселені шешуді тапсырды.

Арнайы техникадан утильалым алу дұрыс емес. Бұл шараны нөлдік алыммен алмастыру қажет. Утильалым құнының төмендеуі автөкөлік бағасының арзандауына ықпал етеді.

– Қазақстан Париж келісімі аясында жасыл инвестиция нарығын дамытып, таза экологиялық орта құруға тиіс. Осы міндетті орындай аламыз ба?

– 2016 жылғы 3 тамызда Париж келісіміне қол қойып, 4 қарашада құжатты ратификацияладық. Сәйкесінше елімізде 2030 жылға дейін парниктік газдардың шығарындысы 330 млн тоннадан асырылмайтын болды. Бір қызығы, экологиялық саммитке шенеуніктер, бизнесмендер және олигархтар барды. Олардың қатарынан ғалымдарға орын табылмады. Қазір бізде бұл бағытта жұмыс жүріп жатқан жоқ. Әзірленген доктрина шикі.

Қазақстан табиғи байлық өндіру есебінен өмір сүреді. Бюджетке түсетін түсімнің 70%-ы мұнайдан алынады. Экономиканы әртараптандыру туралы әңгіме іс жүзінде орындалмайды. Мұнай лоббиі әлі күнге дейін үстемдік құрып тұр. Мұндай жағдайда жасыл инвестиция нарығын дамытамыз деу бекер.

– Қазақстанда жаңартылатын энергия көзінің технологиясы әзірленуі мүмкін бе?

– Бұл – өте қымбат жоба. 2012 жылы Жамбыл облысында күн батареяларының плантациясы салынды. Оның тиімділігі шамамен 10-15%-ды құрады. Жобаға ондаған миллиард жұмсалды. Не үшін, түсініксіз. Қазақстанда СЭС, ГРЭС көп. Соларды неге оңтайландырып, жаңғыртпасқа?! Көмір қолданатын ЖЭО-лар сүзу технологиясы арқылы қоршаған ортаға тигізетін зиянын азайта алады. Алайда біз үнемі шамамыз келмейтін іске ұмтыламыз. Кейбір Еуропа елдерінің өзі жаңартылатын энергия көзіне көшуге асықпай отыр. Өзін-өзі ақтамайтын жобаға бюджет қаражатын шығындау экономиканы жарға жығады.

– Стихиялық және қоқыс полигондарының жағдайы жақсы емес. Қоқысты қайта өңдеу ісі ақсап тұр. Бұл – қоқысты қайта өңдеу зауытын емес, жаңа полигон ашуды көздейтін жеке тұлғалардың лоббиі емес пе?

Бізде өнеркәсіптік, өндірістік, медициналық, қауіпті, тұрмыстық, сұйық қалдықтарды қайта өңдеу мәселесі пысықталмаған. Мұнай компаниялары түрлі химиялық заттарды пайдаланады және сұйық қалдықты төге салады. Алматыда Болат Назарбаевқа тиесілі "Тәртіп" деген компания бар. Осы компания кабель орамасын жағып, ішіндегі металды сатады. Бұған дейін билікте болған адамның отбасы мүшелері мен олигархтар мұндай іспен үнемі және тұрақты айналысты. Олар бұл салаға ешкімді аттап бастырмады.

Әлия Назарбаева мен Светлана Коротенконың бастамасымен құны 300 млн долларды құрайтын West To Energy құрылысының жобасы қолға алынған кез болған. Сонда бір килловат үшін – 170 теңге тариф бекітілді. Бұл әдеттегі көрсеткіштен 10 есе қымбат тариф. Осыған дейінгі басқарушы билік кез келген мәселені оппозицияның ұсынысын тыңдамай, халықтың пікіріне құлақ аспай шешіп келді.

– Қазақстанға АЭС қажет пе?

– АЭС құрылысы үшін жапондық, американдық жоғары технология ұсынылса, құрылыс барысында ашықтық сақталатын болса, мәселені күн тәртібіне қоюға болады. Энергетика министрлігі мұндай тәсілге жүгінуді жөн көріп отырған жоқ сияқты. Әзірше АЭС-ті кім салатыны, қандай шартпен қызмет көрсететіні белгісіз. Мысалы қандай да бір олигарх электр энергиясын 2 теңгеден өндіріп, 50 теңгеден сатса, қайтеміз?  Чернобыль, Фукусима оқиғалары да ел есінде. Жалпы халық АЭС құрылысына қарсы. Нақты кепілдік болған жағдайда ғана тұрғындар арасында түсіндіру жұмысын жүргізу қажет.

– Неге "Байтақ болашақ" экологиялық альянсы бірнеше жылдан бері экологиялық партия құру жоспарын жүзеге асыра алмай жүр?

– Дамыған елдерде халық "Жасыл" партияларды күшті қолдайды. Олардың билікте өкілдері бар. Ресей мен Қырғызстанда да экологиялық партиялар тіркелген. Алайда олардың парламенттік сайлауда жеңіске жету мүмкіндігі жоқ. Өзбекстанда экологиялық партияның мүшелері парламентте өкілдік етеді. Біздің билік саяси экологиялық қозғалысқа мән бермейді. "Байтақ болашақ" экологиялық альянсы экологиялық партияны тіркеуге және құруға 9 рет тырысты. Бірақ үнемі теріс жауап алып отырды.

Президент әлемде экологиялық мәселе өзекті екенін біледі және бізге қолдау көрсетуі керек. Бірақ біз билік партиясы болмаймыз. Біз орнықты даму, әлеуметтік әділдік және жасыл энергетика үшін күресеміз. Біз халықтың партиясы боламыз. Экологиялық партия экологиялық нормативті бақылауға алады. Мұнай-газ компанияларына миллиардтап айыппұл төлеу қаупі туады.

Сондықтан олигархтар экологиялық партияға қарсы болады. Біз бұған дейін "Бас мұнайшы" Тимур Құлыбаевпен кездескенбіз, ол бізді қолдамаған.

Сұхбаттасқан Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу