Азаматтар жалпы ішкі өсімнің 10%-ын заңдастырды

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
17450

Үкімет мүлік пен капиталды заңдастырудың қорытындысын шығарды.

Азаматтар жалпы ішкі өсімнің 10%-ын заңдастырды

Қазақстанда капитал мен мүлікті заңдастыру жөніндегі кезекті науқан аяқталды. 2017 жылғы үкіметтің бірінші отырысында оның қорытындысы шығарылды.

2014 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі мерзімде активтерін көлеңкеден шығару мүмкіндігін еліміздің 140 мыңнан астам азаматы қолданды. Жалпы, қаржы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 5,7 трлн теңге заңдастырылды, оның ішінде қаржылай – 4,1 трлн теңге және мүліктей – 1,6 трлн теңге. Шамамен 151 мың жылжымайтын мүлік нысаны заңдастырылды. Айта кетейік, еліміздің аумағында мүлік 1,4 трлн теңгеге заңдастырылса, шетелдегі мүлік 70,2 млрд теңгеге жетті. Жалпы 408 шетелдік жылжымайтын мүлік нысаны және әлемнің 32 елінде 57 заңды тұлғаға қатысу үлесі заңдастырылды. Олар: Аустрия, Армения, Болгария, Белиз, Ұлыбритания, Венгрия, Виргин аралдары, Германия, Гонконг, Грузия, Испания, Италия, Қытай, Кипр, Қырғызстан, Латвия, Литва, Лихтенштейн, БАӘ, Ресей, АҚШ, Сингапур, Тайланд, Түркия, Түркіменстан, Өзбекстан, Чехия, Швейцария, Украина, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, науқанның соңғы айларында белсенділік өрши түсті – жалпы қаражаттың 53%-ы дәл осы 2016 жылдың 4 тоқсанында заңдастырылды. Науқанның барлық мерзімінде мүлік пен қаржыны заңдастыру бойынша көш бастағандар: Алматы – 3 трлн 981 млрд теңге, Астана – 533 млрд теңге және Алматы облысы – 390 млрд теңге.

Өткізілген науқанның нәтижесіне келер болсақ, алдын ала есеп бойынша, заңдастырылған мүлік пен табыстан түсетін қосымша салық шамамен 200 млрд теңге болады деп күтіліп отыр. Қаржы министрі мынадай есепті келтірді: заңдастырылған 151 мың жылжымайтын мүлік нысанының 9,5 мыңы коммерциялық жылжымайтын мүлік ретінде есепке алынды, бұл мүліктен түсетін салық жылына шамамен 800 млн теңгеге ұлғаяды. Ал 4,1 трлн теңге қаражаттың ашық айналымға түсуі жылына 150 млрд теңге салық салуға негіз береді. "Бұл болашаққа есептелген көрсеткіш. Триллиондаған қаражат экономикаға енді. Бұл қосымша тұтынушылық немесе инвестициялық сұраныстың тууына әкелді. Еліміздің ЖІӨ көбейді, одан салық төленеді", – деп баса айтты Бақыт Сұлтанов.

Заңдастыру жылдамдығы мен негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер – өндіріс көлемінің индексі, негізгі капиталға салынатын инвестиция, бюджет түсімдері, бөлшек сауда айналымы және ЖІӨ арасында тұрақты байланыс байқалатынын аңғарып, министр нақты әсерді бағалау үшін мейлінше дәл есеп жүргізу қажеттілігін қадап айтты. "Барлық макростатистикалық мәлімет түскен кезде біз осы іспен айналысамыз. Бірақ бұл көрсеткіштер арасында байланыс бар екені айдан анық. Басқаша айтқанда, ашық айналымға 5,7 трлн теңгенің түсуі негізгі экономикалық көрсеткішке қолдау көрсеткені сөзсіз", – дейді ол.

Қаржы министрлігінің бағалауы бойынша қаржы секторына тигізілген әсер мынадай: 1,9 трлн теңге "банк шоттарында қалып отыр, бұл – банк қорын және экономиканы несиелеудің қосымша көзі". "Яғни бұл қаражат банктер арқылы экономиканың түрлі секторына бөлінеді. 2,2 трлн теңге заңдастырылған ақша азаматтардың банк есептерінен алынды. Сонымен бірге олар инвестицияға, тұтынуға кетті. Заңдастырылған жылжымайтын мүліктің 1,6 трлн теңгесі – несие алу үшін кепілге қойылатын мүлік", – дейді Бақыт Сұлтанов.

Заңдастырудан кейін науқанға қатысушыларды не күтіп тұр? Ең алдымен заңнамада көзделген кепілдіктердің берілуіне назар аудару керек деп баса айтты қаржы министрі. "Барлық ерекше жағдайды, жауапкершілікке тартпау туралы нормаларды салық және өзге мүдделі органдар қатаң сақтауы тиіс. Осы мақсатта ішкі түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр", – деп сендірді ол.

Сонымен бірге азаматтардың "әлемдік" табыстары мен мүлкін бақылауға алу одан әрі жалғасады.

"Біз бұл туралы бірнеше рет мәлімдеген болатынбыз және бізде бақылаудың бірқатар механизмі бар. Осы жылдың басынан бастап кез келген шетелдік мүлікті міндетті мағлұмдау туралы салық кодексінің нормасы заңды күшіне енді. Қолданыстағы заңнама Қазақстан азаматын шетелдік көзден түсетін табысын мағлұмдауды міндеттейді. Мысалы 2015 жылы еліміздің азаматтары шамамен 700 млн доллар шетелдік табысын мағлұмдады", – дейді Бақыт Сұлтанов.

"Заңдастыру аяқталды. Кепілдіктер берілді және сақталып жатыр. Енді бизнесті жаңадан бастауға, ісін ашық және адал жүргізуге барлық негіз бар. Заңдастыру науқанының негізгі мақсаты да осы болатын. Оның әсері ашық экономиканы ынталандыру бойынша жүргізілетін жұмысқа байланысты болады", – деп сөзін қорытты қаржы министрі.

Осы науқан барысында тәуелсіз Қазақстан тарихында үшінші рет капиталға кешірім жасалды. Капиталды алғашқы заңдастыру 2001 жылы өткізілген болатын, оның аясында шамамен 480 млн доллар қаражат заңдастырылды. Екінші науқан 2006-2007 жылдары өткізілді, ол кезде 840 млрд теңге заңдастырылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу