Азат көшіміздің тізгіні берік қолда, бағыты айқын жолда

3387

"Қазақстанның Тәуелсіздік күні" – еліміздің басты мерекесі. Өйткені оның арқасында төрт құбыламыз теңеліп, төбедегі келді.

Азат көшіміздің тізгіні берік қолда, бағыты айқын жолда

Тәуелсіздік – тәуменді жұртқа тәуекел берді. Азат еліміз атағы алты құрлыққа жайылған абат елге айналып, жаһандық қауіпсіздіктің алтын белдеуіне баланды.

Бұл күні abctv порталы тәуелсіздікке қол жеткізуімізге куәгер болып қана қоймай, оның қалыптасуына еңбек сіңірген атпал азаматтардың естеліктерін ұсынады.

Қазақстан халқы ассамблеясы атынан сайланған мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов еліміз азаттық алған тұста президент аппаратының ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары болған.

"Біздің еліміздің нақты тәуелсіздікке нақты қадам жасауы мемлекетте президенттік институттың енгізілуімен басталды. 1991 жылдың күзінде бұл жұмысқа үлкен дайындық жүргізілді. Содан кейін 1 желтоқсан күні бүкілхалықтық сайлау өткізілді. Ол сайлауда дауыс беруге қатысқандардың 98,78 пайызының дауысын алған Нұрсұлтан Назарбаев керемет үлкен көрсеткішпен жеңіске жеткені мәлім. Сол сайлау өтісімен, ел таңдауын жасаған соң, біз, президент әкімшілігіндегі азаматтар, мемлекет басшысының инаугурациясының, яғни ұлықтау салтанатының қам-қарекетіне кірістік. Ұлықтау рәсімі 10 желтоқсанға белгіленді.

Бұл жұмыс вице-премьер Мырзатай Жолдасбековке тапсырылды.

Біз зиялы қауым өкілдерімен бас қосып, ақылдаса келе, инаугурация рәсімін әрі өзіміздің ұлттық дәстүрлерге сай, әрі өркениетті дүниедегі үлгілі халықтар салтына лайық етіп өткізу жөнінде ұйғарымға келдік. Атап айтқанда, қазақ халқы байырғы замандарда хан сайлағанда, алтын таққа емес, ақ киізге отырғызып, дәрежесін ұлықтаған. Осыған орай президенттің ақ киізге шығып, ант қабылдауына қатысты шешім жасалды. Содан кейін мемлекет басшысына ұлттық дәстүрде, ұлы тарихтағы марапаттарға сәйкестендіріп, шапан кигізу, биліктің символы ретінде қамшы ұстату секілді мәселелер назарға алынды.

Ұлықтау салтанатының нақты сценарийін құруды Мырзатай Жолдасбеков бөлім меңгерушісінің орынбасары ретінде маған жүктеді. Мен тез арада сценарий жобасын жасауға білек сыбана кірістім. Онда кімдердің сөйлейтіні, қай ретпен және қалай сөз айтатыны, қандай рәсімдер жасалатыны нақты көрсетілуге тиіс болды. Мен мұны шұғыл түрде ойластырып, қағазға түсірдім. Сол сценарий жобасына халықтық дәстүрмен ел тізгінін қолға алған билеушіге "бата беру", сондай-ақ бүгінгі өркениетті салтқа сай "тілек айту" – екеуі де кірді.

Бата беру дегенде біз жасы үлкен, елге сыйлы адамды іздейміз, мен ондай тұлға ретінде өз басым сол тұста жасы 90-нан асқан халық ақыны Шәкір Әбеновты таңдадым. Ал, тілек айтуға халқымыздың көрнекті ойшылы Әбіш Кекілбаевты ұсындым.

Бұл ретте шынын айту керек, елдің әртүрлі өңірлерінің өкілдерінің қамтылуы да қарастырылуға тиісті болды. Сонда Мырзатай Жолдасбековке әзілдеп дәйектегенім бар: "Абай елінің адамы бата берсін, адай елінің адамы тілек айтсын!" деп. Осының бәрі құпталды.

Кейін 10 желтоқсанға қарай осының бәрі ойлағанымыздай болып, бекіді. Қызу дайындыққа кірісіп кеттік.

Ол кезде Жамбыл облысының әкімі болған Өмірбек Байгелді таза, аппақ киіз алып келді. Барлық материалдар ішінен сол облыстан келген киізге таңдауымыз түсті.

Ұлықтау салтанаты күні Жаратқан Иеміз Шәкір ақсақалдың аузына жақсы сөздер салды. Ол өлеңдетіп те, қара сөзбен де ерекше жақсы бата беріп, рәсімнің көркін ашты. Әбіш Кекілбаев та керемет сөздер айтты.

Айтпақшы, қазір кең қолданысқа енген "елбасы" сөзі сол күні тұңғыш рет Әбіш Кекілбаевтың аузына ілінді: ол кісі президент терминінің қазақы баламасы ретінде таңдап, сөзін "Құрметті елбасы!" деп бастады. Кейін ол сөз орнығып кетті.

Тұңғыш президенттің тұңғыш инаугурациясынан ерекше есте қалған жағдай ретінде сахнада болған оқиғаны айтуға болады. Бұл ерекше символдық мәні бар жайт ретінде тарихта қалады. Салтанатты рәсім бітуге жақындағанда, сахнада тұрған Қазақстан туы өзінен өзі теңселіп, бір жағына қарай ауып бара жатты. Содан үш мың адам толы зал демін ішіне тартып, сілтідей тына қалды. Барлығы бірдей ішін тартқанда – үш мың адам бір сәтте кішкене ғана дыбыс шығарғанның өзінде, одан үлкен гуіл туады екен. Елбасы тегін адам емес қой, дыбысты естіген сәтте, жалт бұрылды да, құлап келе жатқан туды базбір дайын тұрған адамдай, ұстай алды. Сахнаның сыртынан жауапты қызметкерлер жүгіріп келіп, туды орнына қойды. Сөйтіп, қазақтың туының жығылмайтынын президент алғашқы ұлықтау сәтінде-ақ байқатқан болатын. Бұл бәрімізге ерекше әсер қалдырды.

Инаугурацияға тікелей жауап беретін, әрі ұйымдастыру шараларының басы-қасында болған адам ретінде мен "бұл қалай болды?" – деп, қатты қиналдым, қысылдым. Залдың бірінші қатарында, Шәкір ақсақалдың қасында отыр едім. Жаңағы сәтте көз алдым тұманданып жүре берді. Бірақ неде болса, өзінен естиін деп, сахнаның сыртына өтіп, қызметтік бөлмелерге таядым. Барсам, ендігі ол жерде Мырзекең тұр екен. Онымен сөйлесетін уақыт болған жоқ, сахна жақтан президент шықты.

"Мыналарың не? Дұрыстап неге қарамайсыңдар!" – деп ұрысуын күтіп тұрмыз. Ақталуға да шама жоқ. Президент бізге тіке қарап, жақындап келді. Толқып тұрғаны байқалады: "Темекілерің бар ма?" – деп сұрады. Ол кезде темекі тартатын. Мырзекеңнің темекісі бар екен, соны алып, тартып тұрды да, ары қарай кетті. Ештеңе демеді. Сонда-ақ Нұрсұлтан Әбішұлының кеңдігін, күйгелектікке салынбайтын кемелдігін, ұсақ-түйекке сөзін шашпайтынын, мәселенің байыбына бармай тұрып, асығыс пікір айтпайтынын аңғарып, әрі таңдандым, әрі сүйсіндім. 

Кейін бұл оқиға бойынша арнайы тексеру жүргізілді. Сахнадағы арнайы орнына қойылған, қаншама адам бақылаған, сахнаға тұрғызылғаннан кейін қасына ешкім де жолатылмаған ту неге құлап кетеді? Оны әлдебіреудің орнынан қозғап, бекітілген орнынан жарты еліге де жылжытуы мүмкін емес, тиым салынған. Содан зал халыққа толғанда ту не себепті, қандай әсермен қозғалуы мүмкін деп те қарастырылды. Үлкен мамандар келді, әуе қозғалысы бойынша зерттеулер жүргізді.

Шымылдыққа байланысты көп нәрсе тексерілді, сөйтсе, биіктігі 10 метрдей, ұзындығы 30 метрге дейін баратын, өте қалың матадан тігілген, тиісінше, өте ауыр шымылдық кілт қозғалғанда, кәдімгідей жел пайда болады екен. Ал, ол неге тосыннан қозғалған? Ол кезде шымылдық ендігі компьютермен басқарылатын. Пультте отырған қызметкер толқып кетсе керек, сахнаның артқы қатарын жабатын тұста басқа жылдамдықты басып жіберіпті. Қалыпты жабудың орнына, тез жабатын жылдамдығын басып қойған да, шымылдыққа жақын тұрған тумен екі ортада толқын туындаған.

Қалай болғанда, тұңғыш президенттің тұңғыш инаугурациясы қазақы қалпымызды, Қазақстанның өркениетті, зайырлы, сонымен бірге ұлттық дәстүрлерді берік ұстанатын мемлекет екендігін анықтап берді", – деп аяқтады әңгімесін Сауытбек Абдрахманов.     

Қазақстанның халық жазушысы, ірі мемлекет және қоғам қайраткері, кемеңгер тұлға, екі жыл бұрын дүниеден өткен Әбіш Кекілбай сол тұста Қазақстан жоғары кеңесінің (парламенттің) мәдениет, тіл және ұлтаралық қатынастарды дамыту жөніндегі комитеттің төрағасы болған.

"Ел басына күн туғандай болған тауқыметті күндері президенттік билік пәрменділігін таныта білді. Егер сондай аласапыран кезеңде әдеттегіге ұқсамайтын оқиғаларға әдеттегіге ұқсамайтын әрекетпен жауап бере алатын саяси шешімділік болмаса, реформа үстіндегі қоғамның қандай күйге ұшырауы мүмкін екендігін көзі бар жұрт көріп отырды.

Елбасына бүкілхалықтық сенім мандаты берілмесе, ондай орталық тұлға әрі-сәрі күштердің қолындағы қуыршаққа айналып кететінін де уақыт көзге шұқығандай көрсетті. Мемлекеттік билік ондай қым-қиғаш қысымдардан тәуелсіз болуы үшін ел басшысының да заңды түрдегі бүкілхалықтық сенім мандаты болуы керек екен.

Бір топ депутаттар мен саясаткерлер дәл сол күндері Нұрсұлтан Әбішұлына жолығып, көп кешіктірмей бүкіл халықтың тікелей дауыс берумен президент сайлауын өткізуді ұсынды. Бұл мәселе кейін жоғарғы кеңесте талқыланды. Ол сайлау 1 желтоқсанда өтетін болды. Көпұлтты Қазақстан басым дауыспен Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстанның тұңғыш президенті етіп сайлады.

10 желтоқсанда "Республика сарайында" президенттің қызметіне кірісуіне арналған Қазақстанның жоғарғы кеңесінің салтанатты мәжілісі болды. Қуанған халық сарай сыртында ақсарбас шалып, сахнада аса қадірлі ақсақалдарымыз Дмитрий Снегин, Құдыс Қожамияров, Эдуард Айрих, Ыбырайымжан Қожахметов елбасына шапан жауып, қарт ақын Шәкір Әбенов бата берді.

Жоғарғы кеңес атынан сөз алған мен қазақ даласындағы барша әлеуметтің сол бір сәттегі сезімін жеткізе алам ба, жоқ па деген іштей тебіреністен үнім бітіп қалғандай көрініп, мінберге қобалжып шыққан соң өз дауысыма өзім сене алмай тұрдым:

"Ойдағымыз болды. Ортамыз толды. Төбедегі келді. Төрелескенде де ренжитін ретіміз жоқ. Тек ұзағынан сүйіндіргей. Ақ жолдың алдындамыз. Үлкен тілектің үстіндеміз", – деппін.

Иә, ол күн, ол сағаттарда, расында да, ақ жолдың алдында, үлкен тілектің үстінде едік. Сонымен қатар, көңіл түпкірінде "келер күн келе жатыр не дайындап" дейтіндей, алаңдаушылық та жоқ емес еді.

Құдайға шүкір, бүгінгідей кірпияз дүниеде Қазақстанның аяқ алысына таңырқайтындар да, тамсанатындар да, тіпті қаралай қыстығатындар да табылып жатыр. Алайда, елемейтін, ескермейтін енжарлық байқалмайды. Демек, дүние дүрлігіп, замана құбылып, бұрын-соңды аяқ баспаған тосын өлкенің тосқауыл белестері мен қатерлі өткелдерінен тайсалмай алға басып келе жатқан азат көшіміздің тізгіні берік қолда, бағыты айқын жолда деген сөз", – деп еске алған еді Әбіш Кекілбай абыз.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу