Азат Перуашев: Әлеуметтік-экономикалық мәселені саяси реформасыз шешу мүмкін емес

2428

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айының ортасында халыққа үндеу жариялайды. Үндеуде алдағы реформалардың негізгі бағыттары мен қоғамды саяси трансформациялаудың маңызды шаралары айқындалады.

Азат Перуашев: Әлеуметтік-экономикалық мәселені саяси реформасыз шешу мүмкін емес

Осыған орай inbusiness.kz тілшісі Мәжіліс депутаты, "Ақ жол" демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашевпен пікірлесті.

– Бұған дейін саяси реформалардың жаңа пакеті қыркүйек айында таныстырылатыны айтылды. Мерзімнің өзгеруіне, шұғыл шешімнің қабылдануына не түрткі болды?

– Президент наурызда реформаларға аса қажет болатын бағыттарды, яғни негізгі нүктелерді белгілейді, үкіметке заң дайындау туралы тапсырма береді деп ойлаймын. Ал заң жобалары өзгеріс аясында қыркүйек айында енгізілуі мүмкін.

Менің ойымша, бұл жерде ешқандай асығыстық орын алып жатқан жоқ. Наурызда жариялаудың 2 алғышарты болуы мүмкін: біріншіден, қаңтар оқиғаларынан кейінгі жағдай мен қоғамның өзгеріске деген сұранысы. Екіншіден, алдағы әлеуметтік-экономикалық реформа саяси реформасыз мүмкін емес деген түсініктің қалыптасуы.

Соңғы жылдары "Ақ жол" фракциясы бұрынғы жүйенің әлеуметтік-экономикалық салада әрекет ету мүмкіндігі сарқылғанын бірнеше рет атап өтті. Әлеуметтік сала мен экономикада елеулі өзгеріс жасау үшін саяси жүйеге өзгеріс енгізу қажет. Әлеуметтік-экономикалық мәселені саяси реформасыз шешу мүмкін емес. Президент асығып жатыр деп айтпас едім. Қоғам үміттеніп отыр. Үмітті ақтау керек. Өзгеруге объективті қажеттілік бар.

– Қаңтар қасіретінен кейін қайта құру кезеңі келді деп ойлайсыз ба?

– Қаңтардағы сілкініс осындай қажеттіліктен туды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтарда бірқатар міндеттерді белгілеп, ең бірінші кезекте құқықтық тәртіпті қалпына келтіруді және мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл іс атқарылды. Кеше Алматы, Жамбыл, Талдықорған қалаларында және осы облыстарда террористік қауіптің қызғылт сары деңгейі алынып тасталды.

Енді ұзақ мерзімді міндеттерді шешу уақыты келді. Кедейшілікті азайту, кедейлер мен байлар арасындағы алшақтықты жою, саясат пен экономиканы демонополизациялау, адал бәсекелестік орнату, мемлекеттік басқарудың ашықтығын және әділдігін қамтамасыз ету.

Әлеуметтік мәселелерді шешу үшін экономикалық ресурс болуы керек. Мемлекеттің мұндай ресурсы бар, бірақ ол қоғамнан жасырын басқарылады және пайдаланылады. Тиісінше іске қосылмаған ресурстардың бірі – бюджеттің жанынан өтетін және Парламентте талқыланбайтын квазимемлекеттік сектор.

– Қалай ойлайсыз, квазимемлекеттік сектор ұлттық экономиканың дамуына кедергі келтіріп отыр ма?

2013 жылдан бастап "Ақ жол" фракциясы квазимемлекеттік сектордың бюджетін республикалық бюджетке жеке бөлім ретінде қосуды, бюджетті кеңейтуді ұсынып келеді. Осы арқылы ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындарды қаржыландыру жүйесі, олардың сыйақылары, бонустары, кеңсеге жұмсайтын шығыстары, джиптары және кірістері көрсетіледі. Мұндай кеңейтілген бюджет Грузияда "Экономикалық еркіндік актісі" аясында Саакашвилидің кезінде енгізілді.

Квазимемлекеттік сектордың ұлттық экономикадағы үлесі 60%-дан асады. Олар мемлекеттен дамуға және жарғылық капиталға үнемі жүздеген миллиард ақша алады. Елестетіп көріңізші, табыстары қандай?! Бірақ қазынаға кіріс кіргізбейді. Олар табыстарын өздері басқарады, мемлекетке 1,5-2%-ын ғана жолдайды. "Самұрық-Қазына" ғана емес, "Бәйтерек" оған қосылған бұрынғы "ҚазАгро", "Зерде", "Парасат" сияқты мемлекеттік холдингтерде де осындай жағдай. Бұлардың қатарында жергілікті бизнестің мойнына мініп алған әкімдіктердің жанындағы Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар да бар.

Күні кеше әлеуметтік желілерде "Қазақтелеком" АҚ-ның былтыр бөлінбеген пайдасы 470 млрд теңгені құрағаны туралы ақпарат пайда болды. Елімізде зейнетақы мен жәрдемақыға жұмсалатын барлық шығыс шамамен 260 млрд теңгені құрайды. Егер квазимемлекеттік сектордың кірісі толығымен бюджетке қайтарылса, онда бір ғана квазимемлекеттік компания мұқтаж жандардың жәрдемақысы мен зейнетақысын 2 есе арттырар еді. Бізде мұндай кәсіпорындар бір емес, тіпті он да емес, көп.

– Ұлттық компанияларда ашықтық бар ма?

–  Әрбір министрліктің, әрбір әкімдіктің жанында АҚ, ЖШС, РМК, ӘКК бар Олардың шығысы, сыйлықақысы, бонустары мен кірісі ашық болуға тиіс. Кіріс 100% мемлекеттік бюджетке түсіп, қаражат қайда жұмсалғаны қоғамға белгілі болуы керек.

Қандай да бір шығыстар, даму бағдарламалары қажет болған жағдайда, компания басшылары Парламентке келіп, жария түрде әр бап бойынша ақша не үшін қажет екенін негіздейді. Кейін қаражат қаншалықты тиімді жұмсалғаны туралы есеп береді.

– Әлеуметтік мәселелерді шешуге қаржы тапшылығы қолбайлау емес пе?

– Қаржы бар, жоғарыда әлеуметтік мәселелерді шешу үшін қандай экономикалық қорды қолдануға болатынын мысал ретінде келтірдім.

– Елде әлеуметтік мәселелердің түйіні тарқамай тұр ғой...

– Осының салдарынан біреулер кедейшіліктен құтыла алмай жүрсе, ендібіреулер қисапсыз байлыққа ие болып отыр. Жағдайды экономикалық шешіммен ғана өзгерте алмаймыз. Мәселені шешу үшін Парламент пен мәслихаттардың бақылау өкілеттігін кеңейтіп, адал сайлау өткізуге қадам жасау қажет.

Парламент пен үкімет, әкімдер мен мәслихаттар арасындағы қарым-қатынас теңгерімін өзгертіп, бюджетті бекіту мен оның атқарылуын бақылау тәртібін нақтылау керек. Бүгінде Парламент үкіметтің келісімінсіз бюджеттің кіріс және шығыс бөлігін бекіте алмайды. Демек азаматтар сайлаған билік органдары өкілдерінің сайланбағандарға қарағанда өкілеттігі аз. Осы қайшылықты шешпей, саяси және мемлекеттік басқару жүйесіне өзгеріс енгізбей, экономикалық, әлеуметтік ілгерілеу болмайды. Президент осындай реформаларды жүргізу үшін бірқатар бағыттарды айқындады деп үміттенемін.

Президент экономиканы монополиясыздандыру туралы бірнеше рет айтты. Осыған алып-қосарыңыз бар ма?

– Үкімет отырысында Президент тағы да өндірістік инфрақұрылым саласындағы монополизмді еңсеру жөнінде тапсырма берді. "Ақжол" фракциясы 2017 жылдан бастап кірме теміржолдар бірнеше жеке компаниялардың меншігі болған кезде теміржол жүйесінде қалыптасқан монополия туралы депутаттық сауал жолдады. Бұл компаниялар өндірістік кәсіпорындар үшін тарифті бір жерде – 4, бір жерде – 7, бір жерде – 100 есе көтерді. Бұл тауарлардың өзіндік құнына, тұтыну бағасына және инфляцияға әсер етті.

Үкімет бірқатар шара қабылданғанын, тариф бірнеше есе төмендетілгенін, алайда бұл жеткіліксіз екенін жариялады. Осы секторда монополиясыздандыруды жүзеге асыру үшін кірме жолдар оларды пайдаланатын өндірістік кәсіпорындардың меншігіне айналуы тиіс. Сонда олар ұстау және қызмет көрсету шығындарын азайта алады. Бұл бір ғана мысал.

Экономиканы монополиясыздандырудан басқа не істеу керек?

Саясатты да монополиясыздандыру қажет. "Ақжол" фракциясы облыс, қала, аудан әкімдеріне билік партиясының жергілікті филиалдарын басқаруға тыйым салу керек деп есептейді. Сайланатын әкімдер шенеуніктердің корпоративтік ұйымына ғана емес, бүкіл халыққа қызмет етуге тиіс. Саяси реформадағы мұндай бастамалардың қоғам тарапынан қызу қолдау табатынына және биліктің сайлаушылар алдындағы ашықтығы мен есеп беруінде нақты нәтиже көрсететініне күмәнданбаймын. Бұл еркін және адал сайлауды қамтамасыз етеді. Ал бізде әкімдер билік партиясының филиалдарын басқарған кезде барлық мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік ұйымдардың, квазимемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлері билік партиясына адалдығын көрсетуге ұмтылады.

Біз тек әкімдер ғана емес, жалпы мемлекеттік қызметкерлер партиядан тыс болуы керек деп санаймыз. "Партия" сөзі "бөлік" дегенді білдіреді және ол қоғамның бір бөлігіне ғана емес, тұтас қоғамға қызмет етуі керек. Егер әкім қандай да бір партиядан келсе, онда қызмет ету кезеңінде ол өз партиясына мүшелігін тоқтатып, қоғам мүддесі үшін жұмыс істеуге тиіс. Оның ішінде партиясына қарсы дауыс берген азаматтарға қызмет көрсетуі керек.

Бұл – жетілген саяси мәдениет.

Тұтастай алғанда, партиялық алаңды ырықтандыру қажет деп санаймын. Бұл үшін саяси партияларды тіркеуді жеңілдету сонымен қатар сайлауға қатысу қорытындысы бойынша оларды ынталандыру керек. Партиялардың қызметін мемлекеттік БАҚ-та тең жариялау маңызды шаралардың бірі болар еді. Соңғы уақытқа дейін барлық мемлекеттік БАҚ-тың мемлекеттік тапсырыс аясында билік партиясының "түшкіргеніне" дейін жариялағаны жасырын емес. Басқа партиялардың маңызды мәлімдемелері елеусіз қалып отырды.

"Парламенттік оппозиция туралы" заң аясында 2013 және 2020 жылдары "Ақ жол" фракциясы билеуші және оппозициялық партиялардың қызметін тең жариялау туралы ұсыныс енгізді. Үкімет бұл бастаманы бұғаттап тастады.

Осы мәселеге қайта оралу қажет деп ойлаймын.

– Қалай ойлайсыз, біздің экономика шикізатқа тәуелділіктен құтыла ма?

– Ірі шетелдік жер қойнауын пайдаланушылардың қызметі экономиканы дамыту мен жергілікті халықтың әлеуметтік көңіл-күйі үшін аса маңызды ресурс. Бұл ресурс толық пайдаланылмайды.

"Ақжол" партиясының саяси платформасында шетелдік инвесторлардың алдына тек салық төлеу мен өнімді бөлу бойынша ғана емес, сатып алулардағы жергілікті қамтуды дамыту, технологиялар мен өндіріске лицензия беру, қазақстандық тауарларды сатып алу, ауыстырылатын бөлшектер мен тораптардан бастап пайдаланылатын жабдыққа дейінгі сатып алу міндетін қою қажеттігі көрсетілген. Бұл – офсеттік саясат деп аталады.

Шетелдік жер қойнауын пайдаланушылар біздің экономикамызға, оның технологиялық дамуына көбірек қатысуы керек. Біздің заңнама инвесторлардың құқығын қорғауға бағытталған. Олардың құқығын ешкім бұзбайды. Өркениетті елдерде жергілікті табиғи байлықты пайдаланатын инвесторлар өз бастамасы бойынша жергілікті қауымдастықты дамытуға, ұлттық техникалық кадрларды өсіруге қатысады. Бұл туралы Президент те айтты.

–  Мемлекет басшысы 11 қаңтарда сөйлеген сөзінде кедейлік және оны еңсерудің маңыздылығы туралы сөз қозғады. Мәселені қалай шешуге болады?

– Кедейлікті жаппай кәсіпкерлікті дамыту арқылы жеңуге болатыны айтылды. Бұл үшін өзін-өзі қамтамасыз ету мақсатында кәсіп бастауға бел буып отырған адамдарға несиеге қолжетімділікті арттырып, түрлі әкімшілік кедергілерді жою қажет. Бұл ретте мемлекеттік органдар тарапынан ғана емес, ірі корпорациялар тарапынан да қорқытып алу, әсіресе сатып алуларды жүргізу кезінде "сыбайлас жемқорлық рентасы" деп аталатын бопсалау теріс әсер береді.

– "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасын тарату туралы бастамаға алып-қосарыңыз бар ма?

– Шағын және орта бизнестің мүддесіне кепіл болсын деп Ұлттық кәсіпкерлер палатасын құрдық. Ол біртіндеп бюрократиялық құрылымға айналды. Дегенмен кейде мұнда маңызды шешімдер қабылданады, белсенді кәсіпкерлер топтасады. Бірақ біз Парламентте нақты шешім қабылдау деңгейінде мемлекеттік органдардың "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен келіскен, жаппай кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіретін, бәсекелестікке қарсы нормаларды енгізуге әрекеттенуіне жиі куә боламыз. Кейде бұл алаң кейбір монополистердің мүддесін қорғау үшін қолданылатын сияқты болып көрінеді. Осы тұрғыдан алғанда БАҚ-та бизнестің "Атамекенді" таратуды қолдайтыны туралы ақпараттың жариялануы кездейсоқ емес. Алайда "Атамекен" өз бетінше емес, кәсіпкерлердің ұлттық палатасы туралы заң негізінде жұмыс істейді. Бізге ұлттық кәсіпкерлер палатасы қажет екеніне сенімдімін, бірақ оны қайта құру керек. "Атамекен" түрлі мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыруға арналған монополиясы бар, жарнасы қымбат ұйым болмауға тиіс. Керісінше "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасына жинақы әрі тиімді болу қажет.

– Президенттің халыққа үндеуінен не күтесіз?

– Менің үмітім тым зор шығар, алайда бұл қалыпты жағдай. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысын қолдау өте маңызды. Қаңтардағы оқиғаларда Президенттің байсалдылығының арқасында мемлекеттік жүйені және елдің аумақтық тұтастығын қорғап, төңкеріске жол бермеуге мүмкіндік туды.

Енді мемлекеттік дамудың жаңа парадигмасының тұтастығын қамтамасыз ету, тәуелсіздікті нығайту маңызды. Осыған байланысты қоғам мен саяси күштер өздерінің даулары мен пікірталастарын кейінге қалдырып, синхронды жұмыс істеуі керек. Біз мемлекеттік, ұлттық мүддеге басымдық беруге тиіспіз. Мұндай жағдайда Президент ұсынатын тәсілдерді қолдау қажет болады. Президенттің бастамалары қоғамдық талқылау мен Парламенттен өтетін болса, біз пікірталас пен бағдарламаларға қыркүйек айында қайта айналып соғамыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу