Әзербайжан "гибридті соғыс" тәсілдерін ұтымды қолдана бастады

2918

Әзербайжан елінің Таулы Қарабақты қайтару кезінде іске асырып жатқан стратегиялық және тактикалық амалдары, айла-шарғылары болашақ зерттеушілер үшін қызықты зерттеу бағыты болып табылады. 

Әзербайжан "гибридті соғыс" тәсілдерін ұтымды қолдана бастады

Негізінен, ресейлік ақпарат айдынында пайда болғанды сүзумен әуестенетін қазақстандық ақпарат құралдары көп назар аудара қоймайды. Ал батыстық БАҚ бауырлас Әзербайжанды қызыға қадағалап, қазірден зерделеп жатыр. Мысалы, британдық Би-Би-Си күні кеше өз аудиториясына Әзербайжанның Қорғаныс министрінің кеңесшісі болып түрік генералы тағайындалғанын хабарлай келе, "Бұл ел мен өңір үшін нені білдіреді?" деген тақырыппен шықты. Түрік генералы Бақтияр Ерсай бұған дейін өз елінде, яғни Түркияда құрлық әскерлерінің операциялық басшысы лауазымын атқарған. ВВС сарапшыларының байламынша, оның жаңа биік лауазымға тағайындалуы "Түркия мен Әзербайжанның әскери әлеуетін біріктіру жолындағы маңызды қадам".

Бірінші айласы сол, Баку Таулы Қарабақты азат етуге кіріскенде, іс жүзінде әзербайжан-түрік бірлескен армиясын құрды. Бұдан ұтты: әскери сарапшылардың мәліметінше, өткен ғасырдың 90-шы жылдары кеңестік-ресейлік бітімгершілер негізінен, Армения жағына шығып, соның Таулы Қарабақты басыбайлы иеленуіне мүмкіндік берген. Ал енді Мәскеу Әзербайжанға қарсы күш қолдану – Түркиямен тіресу екенін жақсы түсінді. Осының арқасында Баку 2020 жылдан бері бұрынғы мыңжылдық соңында оккупацияланған жерлерін бірте-бірте кері қайтарып алып жатыр.

Британдық сарапшылар генерал-полковник Б.Ерсайдың қатаң, әрі батыл адам екеніне назар аудартады: ол 2011 жылы Түркияда мемлекеттік төңкеріс жасау талабын ұйымдастырғаны үшін деп, үш жыл түрмеге отырып шыққан екен: соңынан барлық айып алып тасталды. Одан бұрын, 2010 жылы "араб көктемі" аталған революциялар кезінде сол аумақтарда қалған түрік азаматтарын құтқару операцияларына бас болып, өзі қатысты, қақтығыс ошақтарына тайсалмай аттанды. Өзге әскерилермен бірге тек Тунистің өзінен жалпы саны 28 мың түрік азаматын аман алып шыққан. Ол Түркия сепаратистік санайтын Күрдістан жұмыс партиясына қарсы Иракқа жақын аумақта операцияларға басшылық етті.

Әзербайжандық АПА агенттігінің хабарлауынша, Қорғаныс министрлігінің алқа отырысында Ерсай мырза әлі күнге кеңестік үлгіде қалып тұрған Әзербайжан армиясын Түркияның Қарулы күштерінің моделіне толық сәйкес келтіретінін, терең реформалар жүргізетінін мәлімдеген. Яғни, бұл елдің әскері Украина сияқты "желі-центристік соғыс" (Network-centric warfare) жүргізу үлгісіне көшуі мүмкін. Түркия осыны қарастыратын НАТО стандарттарына баяғыда көшірілген.

Айта кету керек, биылғы қыркүйекте Түркия өзінің 4 генералын әзербайжан-түрік әскерінің арнайы басшылығына тағайындады. Ендеше әскери саланы жетілдіруде бұл елден Қазақстанның да үйренері көп болса керек. 

Әзербайжан елінің тағы бір таңсық үлгісі – әскерилерді дайындау моделін толық өзгертуі болды. Жасыратыны жоқ, бұрынғы посткеңестік кеңістіктегі әскери оқу орындары кеңестік-ресейлік қару-жарақ пен әскери техниканы зерделеп, солардың тактикалық-техникалық сипаттамаларын жаттап, ескірген кеңестік әскери тәсілдерге үйретеді. Ал Батыстың озық технологиялары зерттелмейді, тек бірқатар әскери техникасы "жау қаруы" ретінде оқытылады.

Қорғаныс министрінің бұрынғы кеңесшісі, әскери сарапшы Азад Исазаденің айтуынша, Әзербайжан бұдан алыстады: бүгінде әскери академияларда әзербайжан курсанттарына түрік педагогтері білім береді. Оларды тек кеңестік емес, Батыстың озық техникасында жаттықтырады. Қос мемлекет бірлескен жаттығуларды жиі өткізеді, НАТО мүшесі ретінде Түркия әзербайжан солдаттарының Альянс елдері мен өзінің төл ұрыс техникасын меңгеруіне жәрдемдеседі. Осының арқасында 2020 жылы Қарабақ соғысы қайта басталғанда, түрік әскерилері оған тікелей араласпады, тек әскери кеңесші қызметін атқарды. Жауды тықсыру жаңаша даярланған әзербайжан әскерінің қолынан келді. Енді Исазаденің түсіндіруінше, Түркия–Әзербайжан армиясы бір стандартқа келтіріледі: әйтпесе, қос армияның өзара сәйкеспейтін тұстары жетерлік, ол параметрлер жүздеп саналады. Бұл – тактикалық тәсілдерге, рота, батальон, бригадалардың қалыптастырылуына, командалық құрамға, қару-жарақ, оқ-дәрі, снарядтар калибріне, радиобайланысқа және басқасына қатысты.

Биылғы 1 қарашада Армения мен Әзербайжан бір-бірінің шекарасында, бір-біріне қарсы күш қолданбауға, оқ атпауға келісті. Сочидегі үшжақты келіссөздерден кейін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Армения премьері Никол Пашинян және РФ басшысы В.Путин бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Онда 1991 жылғы Алматы декларациясында көрініс тапқан территориялық тұтастықты, шекаралардың бұзылмастығын өзара мойындады. Келісім бойынша Таулы Қарабақ толығымен Әзербайжанға көшуі керек.

Алайда әзербайжандық сарапшылар Қарабақта тұрған РФ әскері келісімді орындамай отыр деп айыптауда. Олар қалған аумақты босататын түр байқатпайды: соғыстағы жеңіс нәтижесінде Әзербайжан бүгінде Қарабақтың басым бөлігін өз қолына көшіре алды. Бірақ тараптар оқ атпауға уағдаласқан, оны Әзербайжан бұзбайды. Сонда оккупанттарды қалай толық кетіруге болады?

12 желтоқсанда өздерін "экологтармыз" деп таныстырған бір топ әзербайжандықтар Таулы Қарабақты Армениямен байланыстыратын Лашын дәлізін (Laçın dəhlizi) жауып тастады. Ол жерге өзге де ер-азаматтар жиылды: аймақтан қазба байлықтарды қарқынды әкетіп жатқан ресейлік жүк көліктерінің қозғалысын доғарған топтың қатары бірнеше жүз адамға жеткен. Бейбіт әзербайжандар экологиялық мониторинг жүргізу үшін "ресейлік бітімгершілер" бақылауда ұстап отырған аймаққа жіберуді талап етті.

Олардың экологиялық тақырыпты қалқан етуінің жөні бар. Армяндық "Медиамакс" агенттігінің хабарлауынша, Степанакерт–Горис трассасы арқылы Таулы Қарабақтан Арменияға түрлі қазба байлықтар тасылады. Ол қазынаны өндірушілер Әзербайжанмен келіспеген, жер иесі ретінде оған еш рента, роялти, басқа алым-салықты төлемейді.

Халықаралық ақпарат құралдары жолды жабушылар дәлізде Әзербайжан туын көтергенін, шетелдік аудиторияның назарын аудару үшін түрлі транспаранттар іліп, палаткалар орнатқанын хабарлады. Наразылық білдірушілер "Қарабақтағы пайдалы қазбалар толы кенорындарды, әсіресе, Гызылбулаг (қызыл бұлақ) алтын кенорнын және Демирли (темірлі) мыс-молибден кенорнын заңсыз игеруді тоқтатуды талап етті". Олар сонымен қатар "экологиялық террорға қарсы ұрандарды ұрандатты". Лашын өтпесінің бұғатталуына және Таулы Қарабақпен  байланыстың үзілуіне орай Пашинян шұғыл түрде Арменияның Қауіпсіздік кеңесін шақыруға мәжбүр болды. Артынша Кремльге қоңырау соқты: Путиннен бітімгершілерді жұмылдырып, дәлізді мәжбүрлеп ашқызуды сұраған деседі. 

Осының алдында, 5 желтоқсанда да халықаралық экобелсенділер Лашын дәлізін жауып тастаған болатын. "Коммерсантъ" жазуынша, сонда ресейлік бітімгершілердің қолбасшысы Андрей Волковтың араласуымен, автомагистральдағы қозғалыс қайта жанданыпты.

Бұл жолы қарсылық акциясы қысқы ызғарға қарамастан, ұзаққа созылатын түрі бар. Ол маңға ресейлік әскерилер жетті, бірақ әзербайжандықтарды қуып таратудан тайсалды. Әзербайжандық Trend агенттігі Лашын дәлізіндегі палаткаларда протест акциясына қатысушылар кеше ресейлік бітімгершілермен бірге, Франция–Марокко футбол матчын бірге тамашалағанын хабарлады. Үлкен мониторда Қатардағы Әлем чемпионатынан трансляцияны Әзербайжан Қоғамдық телеарнасы ұйымдастыруда.

Тағы бір айла назар аудартады: РФ әскері Әзербайжан азаматтарына күш қолданбауы, қырғынға ұшыратпауы немесе басқа да арандатушылық жасамауы үшін әзербайжандық ірі ақпарат құралдарының тілшілері сол жаққа іссапарға жолданған. Шетелдік журналистер де біраз.

Армяндар құрған Таулы Қарабақ ақпараттық штабының мәлімдеуінше, жергілікті тұрғындарды және бітімгершілерді Баку талабына мойынсұнуға иліктіру үшін әзербайжан тарапы мойындалмаған Арцах Таулы Қарабақ республикасы аумағына газ беруді тоқтатып тастапты. Оккупацияда қалып тұрған аумаққа газ берумен айналысатын "Азеригаз" әзербайжан газ операторы мұны жоққа шығарды және кінәні қарсы жаққа аударды. Қалай болғанда, онда газ жоқ. Егер территория толық азат етілсе, газ беруде еш іркіліс болмас еді.

Халықаралық бақылаушылар, саясаттанушылар мұның бәрін  "гибридтік операция" деп атауда: ол Бакуге Таулы Қарабақты толығымен бақылауға алуына көмектесуге тиіс. Бұған қоса, Баку Ереванды барлық даулы мәселелерді шешіп, Әзербайжан шарттарына құрылған бейбіт келісімге қол қоюға итермелеп отыр.

Жалпы, Мәскеу Таулы Қарабақты Әзербайжан қолына қайтару ісін созбұйдаға, созбалаңға салуға барынша тырысып жатқаны байқалады. Оның соңы немен тынатыны әзірге белгісіз. Батыстық сарапшылар егер Ресей Украинада толық жеңілсе, онда оның әскері Әзербайжандағы Таулы Қарабақтан да, Молдовадағы ешкім мойындамаған Приднестровье республикасынан да, Грузиядағы Абхазия мен Оңтүстік Осетиядан да, сондай-ақ Орталық Азия елдерінен де кетуі мүмкін дейді.

 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу