Әзербайжанда ағасының қарындасына, інісінің әпкесіне үйленуіне тыйым салынып жатыр

25561

Бірақ жеті атаға дейін қыз алыспау бүгінде қазақтарда қалды.

Әзербайжанда ағасының қарындасына, інісінің әпкесіне үйленуіне тыйым салынып жатыр Фото: stranabolgariya.ru

Кейбір сарапшылар "Жеті атаның" түркі әлемінде көне дәуірде қалыптасқан, дені сау, ақыл-есі бүтін ұрпақ өсіруге бағытталған шежірелік жүйе екенін айтып жүр.

Шынында, ол бүгінде Қазақстанда сақталған. Мысалы, 2022 жылғы күзде Өзбекстанда Әйелдер және отбасы істері жөніндегі мемлекеттік комитет "ӨР Отбасы кодексіне өзгерістер мен қосымшалар кіргізу тұрғысындағы" (Ўзбекистон Республикасининг Оила кодексига ўзгартиш ва қўшимчалар киритиш тўғрисида) заңының жобасын әзірлеп, қоғамдық талқылауға шығарған болатын. Ол бөле, немере аға, іні, жиен, жалпы ағалы-інілі, апалы-сіңлілердің балаларының (орысша нұсқасында "между близкими родственниками по боковой линии") бір-біріне үйленуіне, тұрмысқа шығуына тыйым салуды қарастырды.

Заң жобасын талқылау барысында оңтүстік көршіде түсіндіру жұмыстары жүргізілді, туысқандық некелерден туған балалардың қандай ауыр дерттерге шалдығуы мүмкін екені айтылған.

Содан бері екі жылдай уақыт өтті. Өзгерістер қабылданбады. Өзбекстанның қолданыстағы Отбасы кодексінің 16-бабында кімдердің некелесуіне тыйым салынғаны нақты жазылған. Оған сәйкес:

  • отау құрушылардың бірі басқа адаммен тіркелген некеде тұрса (екінші әйел алуға болмайды);
  • шежіре (насл-насаб шажараси) бойынша тығыз (!) байланысты туыстар арасындағы, биологиялық тұрғыдан бірге туған аға-інілер мен әпке-қарындастар арасында, сондай-ақ асырап алушылар мен асырап алынғандар арасында;
  • Психикасының бұзылуы (психикалық ауруы немесе ақыл-ойының кемістігі) бойынша сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдар арасында неке қиюға жол берілмейді.

Өзбек зерттеушілерінің түсіндіруінше, бұл заң бір-екі атаға ұзаған туысқандар арасындағы некені тіркеуге кедергі емес. Сондықтан туысқандық некеге рұқсат етілмейтінін нақты жазу қажет еді. Өзбек сарапшылары мұндай отбасылардың құрылуына экономикалық себептер де ықпал ететінін нұсқайды: жастардың ата-аналары қалың малға, киітке, жасауға және басқасына шашылмау үшін соған барады.

Өзбекстанда туысқандық некелер бір "кланның" ішіндегі туыстық байланыстарды нығайту үшін де пайдаланылатын көрінеді.

Осы орайда тағы бір түркітілдес мемлекет – Әзербайжан қазіргі кезде жақын туыстар арасындағы некеге тыйым салуға кірісті. Әзербайжандық Report агенттігінің хабарлауынша, осы мақсатта ӘР Отбасы кодексіне түзетулер енгізілді.

Заңнамалық өзгерістерге сәйкес, неке қиюға кедергі келтіретін жағдаяттардың саны ұлғайтылады. Атап айтқанда, бұл республикада әке-шешесі ғана емес, тіпті биологиялық атасы, не әжесі бір ағайындылардың (аға, әпке, іні, қарындастың) балаларының бір-біріне үйленіп, тұрмысқа шығуына тыйым салынбақ.

Әзербайжанның бір палаталы Парламенті – Милли Меджлис бұл заңнамалық түзетулерді биылғы 28 маусымдағы отырысында ІІІ-ші оқылымда қарап, қабылдады.

Депутат Фазиль Мустафаның айтуынша, Отбасы кодексіне түзетулер бір жылдан соң күшіне енеді. Өтпелі кезең беріліп отыр. Осыған байланысты бүгінде "Атастырылған немесе үйленетіндері жария етіліп қойылған туысқандарға некесін заңды тіркетуге рұқсат етіле ме?" деген сұрақ әзербайжан қоғамында ең қызу талқыланып жатқан мәселенің біріне айналды.  

"Туысқандық некелерге қатысты жаңа ережелер тек 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді. Сондықтан бұл мәселеде асығып, сасудың қажеті жоқ. Заң қабылданды, бұл бағыттағы талқылаулар ары қарай жалғасуда", – деді Милли Меджлис депутаты Фазиль Мустафа.

Ендеше, заң толыққанды күшіне енгенше отбасы құрғысы келгендер құрып үлгере алатынға ұқсайды.

Oxu.az агенттігінің мәліметінше, қоғамда бұл мәселеге қатысты айтыс-тартыстың қызуы түсе қойған жоқ.

"Әзербайжанда туысқандық некелерге тыйым туралы пікірталастар жүргізіліп жатыр. Азаматтардың бірі өзара туыс-тума болып келетін тұлғалар арасындағы некеге рұқсат етпеу қажет деп санайды. Өйткені мұндай одақта туған балалар түрлі дерттерге душар болады, ұлттық гендік қорына нұқсан келтіреді. Тағы бір бөлігі туысқандық неке – Әзербайжанның салт-дәстүрінің бір бөлшегі екенін, сол себепті оған тыйым салуға болмайтынын алға тартады", – деген Oxu.az Мемлекеттік статистика комитетінің дерегін келтіріп, Әзербайжанның қандай өңірлері жақын-жұрағат арасында неке бекітуге құштар тұратынын жариялады.  

"2023 жылдың қорытындысында, Әділет министрлігінің азаматтық хал актілерін жазу (АХАЖ-ЗАГС) бөлімдерінде туысқандар арасындағы 1 935 неке тіркелген. Соның ішінде елдің басқа әкімшілік-аумақтық бірліктеріне қарағанда, Жалилабад, Сабирабад, Имишли, Билясувар, Шамахи, Ярдымли, Масаллы, Агдам және Салиан аудандарында бұл көрсеткіш жоғары болып келеді", – деп хабарлады Мемстатком.

Ведомство қазіргі уақытта ерлі-зайыптылардың тегі бойынша бір-біріне қаншалықты жақын екенін анықтап, туысқандық некелерді дифференциациялау шаралары қабылданып жатқанын хабарлады.

Әзербайжанда 2020 жылдан бері күйеу мен қалыңдық некесін тіркегенде бір-біріне туыс не туыс еместігін көрсетуге міндетті. Егер жалған ақпарат берсе, кейін салдары болады. Бұрын бір атаның немерелеріне, шөберелеріне және басқасына көңіл қосып, ортақ отбасы құруына тыйым салынбады. Билік тек бертінде мұндай одақтарға қарсы екенін білдіре бастады. Енді ғана бұл ұстанымын заңдастырды.

Әзербайжан педиатриялық қауымдастығының төрағасы, Еуразия педиатрлары федерациясының вице-президенті, медицина докторы Тарана Таги-заденің айтуынша, "инбридинг" немесе туысқандық некелер ұлтқа қауіп төндіреді.  

"Америкалық ғалымдар анықтағандай, жалпы адамзат популяциясымен салыстырғанда, туысқандық некеде туған ұрпақта шизофренияның даму қаупі екі есе жоғары! Мұндай некелерде дүниеге келген балалардың депрессияға душар болу ықтималдылығы үш есе артады. Бұл – медицинаның психиатрия аталатын бір тармағы ғана! Денсаулық сақтаудың басқа салалары тұрғысынан қарасаңыз, тегі-қаны бір адамдардың некесінен өмірге келген балалардың генетикалық аурулармен, ауытқушылықтармен туылу қаупі көп жоғары. Мұндай жағдайлар сау-саламатты отбасы құруға теріс ықпал етеді. Туа бітті дефектілердің және патологиялардың саны үлкен, аутосомдық-рецессивтік дерттердің туындау қатері артады", – деді Тарана Таги-заде.

Ол туысқандық некеден туған балаларда физикалық кемістіктер ғана емес, сондай-ақ фенилкетонурия сияқты өлімге соқтыратын ауыр аурулар пайда болуы мүмкін екенін ескертті. Бұл патология ақыл-ойдың артта қалуына, дамуының бұзылуына, муковисцидозға, офтальмологиялық, бұлшық ет, жүрек-қан тамырлары, эндокриндік, генетикалық (талассемия, гемофилия), ЛОР-жүйесі ауруларына, кемтарлыққа соқтыруы мүмкін.

Қазақта "Жеті атаға: 1.Ата. 2.Әке. 3.Бала. 4.Немере. 5.Шөбере. 6.Шөпшек. 7.Немене" жататыны мәлім. Әлемнің көптеген мемлекеттерінде, көрші Ресейде туысқандардың бір-біріне үйленуіне тосқауыл жоқ. Түркі елдерінің көбінде шамамен үш ата сақталуы мүмкін.

Қалай болғанда, кез келген мемлекеттің маңызды парызы – ұлттық гендік қорды сақтау, бұл үшін елдің репродуктивті әлеуетін дамытудың әдіс-тәсілдерін түзіп, жүзеге асыру. Бұл қоғамдық денсаулық сақтау үшін де зор мәнге ие. Әзербайжанның осы бағытта нық қадам жасағаны қуантады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу