Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният елдегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдай туралы баяндады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Министр келтірген ақпаратқа сүйенсек, соңғы 15 жылдың ішінде республикада 3 рет қызылша ауруының өсуі тіркелді, бұл 2005, 2015, 2019 жылдары. Аурудың кезекті өсуі 2023 жылы басталды.
2023 жылдың соңында елде қызылшаның 29 648 жағдайы тіркелді, оның 80%-ы (23 501 жағдай) 14 жасқа дейінгі балаларға тиесілі. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап қызылшаның 1674 жағдайы тіркеліп отыр.
"Желтоқсан айында 2023 жылғы қарашамен салыстырғанда 11 өңірде сырқаттанушылықтың өсуі байқалды. Тұрақтандыру үрдісі 6 өңірде – Ақтөбе, Қызылорда, Батыс Қазақстан Қарағанды, Жетісу, Түркістан облыстарында байқалды. Төмендеу үрдісі 3 өңірде – Шымкент қаласында, Жамбыл және Ұлытау облыстарында байқалды", – деді министр.
Ажар Ғиният қызылша бойынша жағдайды тұрақтандыру мақсатында қандай шаралар қабылданғанын айтты.
Өткен жылы осы ауруға қарсы жоспарлы вакцинациялау жүргізілді, бір жастағы және алты жастағы 700 мыңға жуық бала егілді. Вакцинацияланбаған балалардың арасында қызылшамен сырқаттанушылықты тіркеуді ескере отырып, былтыр қыркүйекте Үкіметтің резервінен қаражат бөлініп, қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы вакцинаның 1,5 млн дозасы сатып алынды. Қараша айынан бастап аталған инфекцияларға қарсы қосымша вакцинациялау жүргізілуде.
Бүгінгі таңда қосымша вакцинациялау шеңберінде 930 мыңнан астам адам егілді, барлық жоспардан 62% қамтылды, күн сайын 20 мыңнан астам адам егілуде.
"Қазіргі уақытта еліміздің көптеген өңірлерінде қосымша иммундаудың оң динамикасы байқалады. Мысалы, Жетісу, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласында тиісті контингенттің 70%-дан астамы қосымша вакцинациямен қамтылған. Сонымен қатар, 7 өңірінде – Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстары мен Астана қаласында қамту деңгейі әлі де төмен, бұл өңірлерде қамту 55%-дан төмен болды", – деді ведомство басшысы.
Ажар Ғинияттың айтуынша, елдегі тұрақты эпидемиологиялық жағдайды қамтамасыз ету мақсатында 2024 жылы келесі іс-шаралар жүзеге асырылмақ.
- Бірінші, вакцинациялау – инфекциялық аурулардың алдын алуға және жоюға бағытталған мемлекеттік саясат. Сондықтан жоспарлы профилактикалық егулермен қамту 95%-дан кем болмауы керек.
- Екінші, Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесі шеңберінде бұрын вакцинациялауды өткізіп алған 15 жасқа дейінгі балаларды егу.
- Үшінші, барлық өңірлерде, әсіресе Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында және Астана қаласында қызылшаға, қызамыққа, паротитке қарсы қосымша вакцинациялауды уақытында іске асыру.
- Төртінші, вакцинацияның маңыздылығы туралы бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту.
- Бесінші, инфекциялық аурулардың табиғи ошақтарының аумағында орналасқан елді мекендерде эпидемияға қарсы және профилактикалық іс-шараларды уақытында ұйымдастыру және жүргізу.
"Қорытындылай келе, халқым үшін де кеңес бергім келеді. Профилактикалық егулерді жүргізу үшін салмақты және ақылға қонымды шешімдер қабылдауларыңызды сұраймын. Әр адам өз денсаулығы мен баласының денсаулығы үшін немқұрайлы болмауы керек. Өзіңізді және жақындарыңызды негізсіз тәуекелге ұшыратпаңыз – қажетті профилактикалық егулерді уақытылы алуға шақырамын!", – деді министр.