Азия ойындарындағы алтынымыз неге аз?

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
1873

Жапонияның Саппоро қаласында өтіп жатқан VІІІ қысқы Азия ойындарының көмбесі көріне бастады. Жалпы есепте Қазақстан спортшылары 4-орыннан жоғары көтеріле алар емес.

Азия ойындарындағы алтынымыз неге аз?

Жат жерде жүлде алу тауқыметі

VІІІ қысқы Азия ойындарының басталғанына да бір апта болды. Енді екі күннен кейін барлық жарыс аяқталып, жексенбі күні кешқұрым салтанатты түрде жабылады. Сарапқа салынатын 16 медаль жиынтығы ғана қалды.

Бүгінге дейін 48 медаль жиынтығы өз иелелерін тапты. Әзірге Қазақстан спортшыларына бұйырғаны – 19 жүлде. Оның бесеуі ғана – алтын. Көп емес, аз әрине. Бірақ оның да өзіндік себептері бар.

Әу баста болжағанымыздай, біздің спортшыларды ешкім де маңдайынан "сипай" қоймады. Тіпті кей спорт түрлерінде төрешілердің қырын қарағаны байқалады. Осы дода өз жерімізде өтсе, алтын немесе күміс медаль алатын жігіттеріміздің бағын байлап, Саппоро төріндегі өнерлерін қола жүлдеге ғана бағалады.

Бұл жерде шаңғымен тұғырдан секіруден Сергей Ткаченконың алғашқы сайыста, содан соң фристайл спортында Дмитрий Рейхердтің параллель могул жаттығуында үшінші орынды қанағат тұтуға мәжбүр болғандығын айрықша атап өтуге болады.

Осы екі спорт түрінде де спортшылардың өнерін бағалайтын төрешілердің бәрі Жапония, Корея және Қытай өкілдері болған. Қазақстаннан және басқа мемлекеттен ешкім болған жоқ.

Жалпы шаңғы жарысы мен биатлон бәйгелерін де қыз-жігіттеріміздің саф алтынға сынық сүйем жетпей, күміс-қола жүлдені қанағат тұтып жатқаны қынжылтады. Ал шаңғымен жарысу эстафетасында қыздарымыз мүлде жүлдесіз қалды.

Неге? Себеп? Ол – әртүрлі. Жарыс жолдары – таңсық. Ауа-райы – қолайсыз. Жергілікті климатқа бейімделіп үлгермеген. Алыс жолдан титықтап келген. Өз жерімізде өткен қысқы Универсиададан кейін жан-жақты дайындалуға уақыт аз болды. Шаңғының табанына жағатын майлары толық емес (бәрін апара алмаған). Тағысын-тағы...

Айтпақшы, Азия ойындарын ұйымдастырушылар хоккейшілерімізге тіпті жаттығу жұмысын жүргізетін мұзайдынын бермей, арлы-берлі сандалтты. Негізі, ресми матч өтетін аренада кез келген команда жаттығу өткізіп, мұзайдынмен "танысуы", ойнап көруі керек. Бірақ жапондар біздің хоккейшілерге жағдай жасамаған.

Азия ойындарына Полторанинді апармадық

Шаңғымен жарысу спортынан еліміздегі ең үздік спортшымызды VІІІ қысқы Азия ойындарына апармадық. Негізі, қазақтың "тоғыз ұлым – бір төбе, Ер Төстігім – бір төбе" дегеніндей, шаңғышылардан бөле-жара дайындайтын бір спортшымыз бар болатын.

Біздің бүкіл шаңғышы қыз-жігітіміз – бір төбе, Алексей Полторанин – бір төбе. Сол жігіт өз командасымен жеке бағдарламамен дайындалады. Биыл олар бүкіләлемдік біріншілікке әзірленді. Енді кеше ғана Лахтиде басталған чемпионатқа қатысады.

Егер Полторанин Азия ойындарына барғанда, онда Саппоро төрінде уысымызға түскен саф алтын саны да көбірек болар да ма еді?! Ерлер арасындағы эстафетада жапондар алдымызға түсе алмас та еді-ау.

Биыл ғана әлем кубогы додасында 6-орын алған шаңғышымызбен Азияда "үзеңгі" қағыстырар ешікім жоқ сияқты әлі. Неге екені белгісіз, сол Полторанинді VІІІ қысқы Азия ойындарына апарып, бәйгеге қоспадық. Хош, әлем чемпионатынан жарқыратып алтын алып келгенін көрейік енді.

Түйін

Иә, VІІІ қысқы Азия ойындарының тәмамдалуына екі-ақ күн қалды. Жалпы есепте төртінші орындамыз. Шыны керек, Саппородағы дүбірлі додада жүлде алып жатқан мемлекет саны – төртеу-ақ.

Екі күннің ішінде қанша алтын аламыз. Ол белгісіз? Төрешілерге де байланысты. Шайбалы хоккейден жігіттеріміз жерге қаратпауы керек. Фристайлдан да алуымыз керек. Биатлон мен шаңғы жарысынан да дәмеліміз.

Бірақ алтынымыздың жалпы есебі екі таңбалы санға жетпей қалуы да әбден мүмкін сияқты. Өкінішті, әрине. Өзіміздің ішкі есебімізде кемі 2-3 алтынды аз алған сияқтымыз.

Жоғарыда жазғанымыздай, биыл қысқы Универсиада мен Ақ Азиаданың бірі-бірімен іркес-тіркес өтуі, сондай-ақ кей спорт түрлеріндегі әлем біріншіліктерімен қабаттас келіп қалуы да кері әсерін тигізіп отыр.

Жалпы командалық есеп, 24 ақпан

мемлекет

алтын

күміс

қола

барлығы

1

Жапония

19

20

18

57

2

Корея

14

14

14

42

3

Қытай

9

8

7

24

4

Қазақстан

5

6

8

19

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу