Азық-түлік қауіпсіздігі: исламдық ынтымақтастық

4911

Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы (АҚИҰ) Бас Ассамблеясының екінші сессиясы өтті. 

Азық-түлік қауіпсіздігі: исламдық ынтымақтастық

 Сауд Арабиясы Корольдігінің Жидда қаласында "Азық-түлік қауіпсіздігі арқылы исламдық ынтымақтастыққа ынталандыру" тақырыбында өткен сессияда осы ұйымға мүше мұсылман мемлекеттері арасындағы азық-түлік өнімдерін сатып алу, жеткізу тәрізді көптеген мәселелер пысықталғанын СІМ өткен брифингте хабарланды.
ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаеваның айтуынша, Қазақстан екі ұсыныс жасады. Бірінші – астық қорын жасау.
"Қазақстан ұсынған бірінші бағыт – астық қорын жасау. Бұл не үшін қажет? Осы мәселені талдай келе, Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше басқа елдер (ИЫҰ) жыл сайын әлемдік астықтың 25% мен ұнның 70% импорттайтынын білдік. Осы АҚИҰ мүше 34 ел жыл сайын бидай, арпа, ұн, нан өнімдерін 11,5 млрд долларға импорттайды. Қазақстан әлемнің көп еліне астық импорттаушы ел. Осы импортты бірнеше есеге дейін ұлғайта аламыз. Алдымен бидай, ұн жеткізсек, кейінірек ет, сүт тәрізді басқа да азық-түлік өнімдерінің экспортына көшеміз. Бұл тауарлардың барлығы импортер мелекеттердің вереринарлық, тағамдық, санитарлық ішкі талаптарына сай болады",- деді вице-министр Гүлмира Исаева.
Вице-министр сонымен қатар, Қазақстан гуманитарлық көмек арқылы ИЫҰ елдерінің нарығына шығатынын мәлімдеді.
"ИЫҰ елдеріне гуманитарлық көмекті ұлғайтқымыз келеді. Біз талдау жасау арқылы әр мемлекеттің қайсысына не керек екенін анықтаймыз. Басымдықық – өзара тауар жеткізуге беріледі",- деді ол.
ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева Бас Ассамблеясының екінші сессиясы барысында Қазақстан инвестициялық ынтымақтастық құруды ұсынғанын айтты. 
"Қазақстан қазіргі кезде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің зор әлеуетіне ие. Бізде қажетті жағдай бар, ауыл шаруашылығы жері көп. Мысалы, жер аумағының 60%-ы жайылымдық жерлер. Осы жерлерді игерудің әлеуеті өте жоғары. Ол үшін әрине инвестициялар қажет. Инвестициялық әріптестік аясында ИЫҰ елдері арасында тағам өнімдерін өндіруші кәсіпорындар қауымдастығын құру ұсынылды",- деді вице-министрі Гүлмира Исаева.
АҚИҰ Бас Ассамблеясының екінші сессиясы барысында Қазақстан тарапынан ұсынылған кандидат Байдәулет Ерлан Әлімжанұлы АҚИҰ Хатшылығының бас директоры лауазымына тағайындалды.
Ерлан Байдәулет өз сөзінде АҚИҰ Бас Ассамблеясының екінші сессиясында 16 резалюция бір ауыздан қабылданғанын жеткізді. 
"Соның ішінде мысалы азық-түлік қауіпсіздігінің біріңғай деректер базасын қалыптастыру. Жергілікті кеңесшілермен бірігіп, азық-түлік балансының аналитикалық жүйесі жасалады",- деді АҚИҰ Хатшылығының бас директоры.
Ерлан Байдәулет ұйымды Ислам даму банкі толық қолдайтындығын сондай-ақ, ұйымға мүше елдердің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуды және жалпы азық-түлік қауіпсіздігін АҚИҰ жіті қадағалап отыратындығын жеткізді. 
"Ислам даму банкі бізді бірнеше бағытта қолдайды. Бірінші – гуманитарлық көмек көрсетуде, екіншісі – төрт ірі стратегиялық бағыт бойынша. Олар бидай, күріш, мақта және кассава деп аталатын африкада өте маңызды тамыр жемісінің өнімдерінің бірыңғай нарығын құру. Содан кейін, қазір барлығы айтатын халал өнімдерін шығару. Осы бағыттар бойынша даму жоспарымыз бар. Жобаларға Ислам даму банкі, жеке инвесторлар қатысуға ынталы",- деді АҚИҰ Хатшылығының бас директоры.
Еске сала кетейік, Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің 2017 жылы өткен бизнес форумында "Атамекен" ҰКП Басқарма Төрағасының бұрынғы орынбасары Нұржан Әлтаев халал өнімдерін шығару бойынша былай деген еді: Қазақстан келешекте Біріккен Араб Әмірліктері үшін халал-хаб бола алады. Халал өнімдер әлемде қарқынды дамып отырған саланың бірі. Дүние жүзінде халал ет өнімінің нарығы 33 млрд доллардан асады. Бүгінде БАӘ мен Малайзияда халал-хабтар табысты жұмыс істеуде. Қазақстанда да сондай хаб құрғымыз келеді, бізде оған қажетті мүмкіндік бар. Егер еліміздің ауыл шаруашылығы өндірушілері халал-индустрияның нарығына ене алса, онда сыртқы нарыққа да шыға алады.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу