Қазақстан FAO бюросы ашылатын алтыншы мемлекет болмақ

4387

Бұл қадам жылына кем дегенде 20 млн доллар тартуға мүмкіндік береді.

Қазақстан FAO бюросы ашылатын алтыншы мемлекет болмақ

Сәрсенбі күні парламент мәжілісінің депутаттары пленарлық отырыста "ҚР үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының (ФАО) Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы арасында ФАО-ның Қазақстан Республикасында байланыс және әріптестік жөніндегі бюросын құру туралы  келісімді ратификациялау туралы" ҚР заң жобасын мақұлдады.

БҰҰ-ның (ФАО) (ағылшын тілінде Food and Agriculture Organization, FAO)  аштықпен күресті басты міндет ететін Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы Қазақстан 1997 жылы аталған ұйым құрамына кіргеннен бастап, елімізбен қарым-қатынас жасап келеді.

"Осы уақытқа дейін ФАО Қазақстанда 65,5 млн доллардан астам көлемдегі қаржылық грантпен 70-тен астам жобаны іске асырды. Сонымен қатар 2018-2019 жылдары ФАО жалпы қаржыландыру көлемі 130 млн доллар болатын жеті жобаны жүзеге асыруды бастайды", ­– деді заң жобасын таныстырған премьер-министрдің орынбасары – ауылшаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев.

Қазақстанның аграрлық саясат саласындағы өсімдікшаруашылығы мен малшаруашылығын дамыту, жер және су ресурстарын тұрақты басқару және оларды жоспарлау, орман және балық шаруашылығын дамыту әлеуетін арттыру мен құру мақсатында ФАО өкілдігін  байланыс және әріптестік бюросы ретінде Астанада ашу көзделіп отыр.    

Мұндай бюро әлем бойынша тек бес мемлекетте (Мексика, Әзербайжан, Камерун, Экваторлық Гвинея, Кот-д’Ивуар) ғана бар.

"Келешекте (бір-екі жыл ішінде-Авт.) бұл кеңсе субаймақтық кеңсеге айналуы мүмкін. Қазіргі кезде ФАО-ның Орталық Азия елдеріне арналған субөңірлік бөлімшесі Анкарада, Түркияда орналасқан. Тап осы өңірлерді қамтитын боламыз деп ойлаймын", ­– деді Өмірзақ Шөкеев.

Бюро уәкілетті мемлекеттік органдардың жақындығын ескеріп, агроөнеркәсіптік кешен саласында күнделікті тығыз жұмыс жүргізу үшін Астана қаласында орналасатын болады. Сондай-ақ БҰҰ ұйымдарының хабын құру жөніндегі мемлекет басшысының тапсырмасы аясында келешекте Алматы қаласында филиалын ашу жоспарланған. 

Ауылшаруашылығы министрлігі басшысының айтуынша, аргарлық салада халықаралық статистика стандарттарын енгізу – кеңсені құру мақсаттарының бірі болып табылады.

"Біздегі ауылшаруашылығы статистикасы нақты және айқын еместігі жасырын емес. Жеке сектордағы мәліметтер күмән келтіреді. Сондықтан халықаралық тәжірибеге сәйкес біз ФАО тәжірибесін қолданып, жеке сектордағы мәліметтерді нақтылап және жетілдіруге жұмыс істегіміз келеді", – деп түсіндірді ауыл шаруашылық министрі. 

Бюроның жалпы штаттық бірлігі елде іске асырылып жатқан жобалар санына байланысты 20 қызметкерді құрайды, оның ішінде жергілікті техникалық сарапшылар мен шетелдік мамандар, техникалық қызметкерлер болады.

ФАО бюросының басшысы үкіметпен келісе отырып  халықаралық сарапшылар арасынан тағайындалады және  басшының уәкілетті орынбасары Қазақстан резиденті болады. "Басқарушы комитет алқалық орган болады, оның қосарлас төрағасы ФАО мен үкіметтің келісімі бойынша тағайындалады. Кез келген алқалық орган сияқты дауыс беру арқылы қабылданады. Оның мүшелері қанша болатыны уағдаластыққа байланысты", – деді вице-премьер. "Бюро басшысы халықаралық мамандар арасынан тендер арқылы анықталатын болады. Қалған қызметкердер басшының келісімі бойынша тағайындалады. Тиісті жоғарыбілікті мамандарды тарту көзделіп отыр. Қазір алдын ала бірдеңе айту мүмкін емес", – деп түсіндірді ол.

Тегін қажетті үй-жай, кеңселік жабдық және операциялық шығындарға арналған 300 мың доллар көлеміндегі жылдық жарнаны  беру – үкіметтің бюроға қосатын үлесі болып табылады.  Бұл шығындар ауылшаруашылығы министрлігінің және  сыртқы істер министрлігінің 2019-2021 жылдарға арналған бюджетінде көзделген.

"ФАО сарапшыларын АӨК-нің ҒЗЖ-ға тарту арқылы әріптестік бағдарламасы аясындағы жобаларды ортақ қаржыландыру қамтамасыз етілетін болады. Бұл жылына  20 млн долларды тартуға мүмкіндік береді", – деп атап кетті ауылшаруашылығы министрі.

Бюроның ашылуы Қазақстанға бірқатар артықшылықтарды алуға мүмкіндік береді.

Саяси артықшылықтар қатарында Қазақстанды  ауыл шарушылығында және азық-түлік өндірісінде әлеуеті зор ел ретінде таныту, Қазақстанды аймақтық және әлемдік деңгейлерде ауыл шаруашылығының және азық-түлік қауіпсіздігінің басым бағыттары бойынша жаһандық диалогқа белсенді жұмылдырылуына ықпал ету бар.

Әлеуметтік-экономикалық артықшылықтары ретінде ФАО-да көпсалалы сараптаманы, азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіндегі, ауылшаруашылығы мен ауылдық жерді дамытудағы  білім мен тәжірибені атауға болады.

Ауылшаруашылығы министрінің ойынша, бұл қадам  ауылшаруашылығы секторын жаңғыртуды жеделдету мен оның тиімділігін арттыруда айтарлықтай пайда әкеледі.

Парламент мәжілісінің салалық комитетінің қорытындысында, бұл келісім арқылы Қазақстан- ФАО әріптестік бағдарламасын одан әрі дамыту үшін бес басым бағыт белгіленген деп көрсетілген. Бұл азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі және экологиялық таза өнімді өндіру, сондай-ақ ветеринария мен малшаруашылығы, мал жайылымдары мен фитосанитарияны басқару, табиғат ресурстарын тұрақты басқару, ауылшаруашылығы  статистикасы үшін ақпараттық технологиялар, мәліметтерді жинау мен оларды сараптау.

Қазақстан мен ФАО арасындағы келісімге 2015 жылдың 23 мамырында Астанада ­ ФАО кеңесінің Қазақстанда ауылшаруашылығы саласындағы ынтымақтастыққа бағытталған  144-ші  сессиясының шешімін орындау барысында қол қойылды. .

Ботагөз Омар

Анықтама үшін:

ФАО – БҰҰ жүйесінің аштықпен күрес бойынша халықаралық күшті басқаратын агенттігі. Оның құрамына 194 мемлекет пен екі қауымдастырылған ұйым және Еуропалық одақ мүше. ФАО-ның штаб-пәтері Римде. Шығыс Еуропа, Орталық Азия мен ТМД елдері Будапештегі аймақтық кеңсе арқылы басқарылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу