Баға көтеретінін жариялағандар құзырлы органның қырына ілігеді

2469

Билік қымбатшылықпен күресте "креативті" тәсілдерді ойлап таба бастады.    

Баға көтеретінін жариялағандар құзырлы органның қырына ілігеді Фото: canva.com

Мысалы, баға өсіруден айныту үшін ресми түрде ескерту жасайды, қарапайым тілмен айтқанда, сес көрсетпек.  

Нарықтық қатынастар экономиканың барлық саласын, ал коррупция – мемлекет өмірінің барлық түкпірін жайлағалы монополистер бұқара түгіл, билікке доқ көрсетіп, қорқытудың небір тәсілін меңгеріп алды. Соның бір құралы – әлдебір ірі өндірушінің не өндірушілер тобының өз өнімінің бағасын жоғарылататынын жариялауы.

Мысалы, қаншама жылдан бері құс фабрикалары мемлекеттен көбірек субсидия алу үшін жұмыртқа бағасын күрт қымбаттататынын ұдайы жариялаумен келді. Үкімет үнемі солардың шылауында кетіп, айтқанына көнетін, сұрағанын беретін. Тек кейінгі жылдары субсидиялауды доғарды. Себебі, олардың шынында қанша өнім шығарғаны белгісіз, әр жұмыртқаны санап жүру мүмкін емес. Соны пайдаланып, салада қосып жазу "кеселі" белең алған.

Қыс таяғанда дәстүрлі түрде көмір өндіруші алпауыттардың құқайы күш алады. Биылғы жылыту маусымы қарсаңында мемлекет әкімшілік ресурстарды іске қосып, оларды бұл ағат қадамнан әзер ұстап қалған.

Бірақ сала алпауыттары баға көтерудің түрлі айла-шарғысын табады. Мысалы, елімізде пеш жағатын үйлердің және ірілі-ұсақты қазандықтардың коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктеріне арналған көмірді өткізу нарығының үштен бірін, шамамен 35%-ын тұтас иеленген "Шұбаркөл көмір" АҚ-ы биылғы тамызда өз көмірін "Modern Trading Solutions" тауар биржасы арқылы сатуға шешім қабылдаған. Яғни, дәл осы биржа ғана оның өндірген коммуналдық-тұрмыстық көмірінің сауда-саттығын ұйымдастырады.

Бүкіл әлемде ұқсас тәсіл қолданылады. Сонымен бірге дамыған елдерде дәл сол биржаға өзге де көмір өндірушілер мен сатып алушылар қатар, әрі еркін кіре алады. Сөйтіп, бәсекелестік қызып, баға төмендейді.

Қазақстанда бәрі басқаша: биржаға бақталастың кіруі шектеледі. Көмір өндіруші өз шикізатын биржаға салғанымен, сол биржада ол көмірді өзі құрған төл делдалы көтеріп сатып алады да, ары қарай өзге операторларға қымбатқа өткізеді. Ал сол операторлар биржаға өзі кіріп, көмірді тікелей өндірушіден арзандауға сатып алғысы келсе, оның алдына тосқауыл қойылады.

"Нақтыласақ, "Modern Trading Solutions" тауар биржасы өзіне мүше болғысы келетіндерден шамамен 95 миллион теңге мөлшерінде біржолғы кіру жарнасын енгізуді талап еткен. Сондықтан агенттік "Modern Тrading Solutions" Тауар биржасы" АҚ-ына монополияға қарсы заңнаманы бұзуға жол бермеу туралы "алдын ала ескерту" жіберді. Агенттіктің алдын ала ескертуін қарағаннан кейін біржолғы жарна мөлшері 20 млн теңгеге дейін төмендетілді. Алайда бұл да көп: көмір саудасы секциясы бойынша басқа тауар биржаларында кіру жарнасының мөлшері 150 мыңнан 3,5 млн теңге аралығында ғана", – деп түсіндірді антимонополиялық органның мамандары.

Бұл бір жағынан, халыққа арналған көмірдің қымбаттауына соқтырды. Тауар биржалары арқылы сатылатын коммуналдық-тұрмыстық көмірді сатып алушылар – кейіннен көмірді халыққа сататын өңірлік көмір операторларына айналады. Тиісінше, олар биржаға кіру жарнасына кеткен шығынын халықтан өндіріп алады.  

Бұрынғы билік антимонополиялық органның құзыретін, күрес құралдарын қатты шектеп тастады. Дегенмен, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қолында барын ұқсатып, ұтымды қолданғаны жөн. Әйтпесе, мысалы, ескерту жасау тетігін де сирек қолданатыны байқалады.

2019 жылдан 2022 жылға дейін агенттік пен оның аумақтық бөлімшелері жалпы саны 127 ескерту ғана жіберді: 2019 жылы – 35, 2020 жылы – 40, 2021 жылы – 19, 2022 жылы – 33.

Оның бір бөлігі – тым ұсақ шаралар. Мәселен, агенттіктің Ақтөбе облысы бойынша департаменті анықтағандай, 2023 жылғы 11 шілдеде Мәртөк ауданының Сарыжар ауылдық округінің әкімдігі ұйымдастырған кеңесте ауылдық такси қызметін көрсететін жеке кәсіпкер Г.Биекенов Сарыжар–Ақтөбе бағытында жолаушылар тасымалының құнын әр адам үшін 400 теңгеден 500 теңгеге дейін өсіретінін жариялапты. Осыған байланысты департамент жеке кәсіпкерге ескерту жасап, бұл қадамы антимонополиялық заңнамаға қайшы екенін қаперіне салды.

Дәл осы кезде еліміздің барлық өңірінде такси бағасы қымбаттап кетті. Оған неге кедергі бола алмады?

Агенттік мамандарының айтуынша, ведомство егер монополист баға көтеретінін тек халыққа жария түрде, мысалға, ақпарат құралдары, әлеуметтік желі арқылы мәлімдегенде ғана ден қоя алатын көрінеді.

"Ескертулерді бағыттау тәжірибесін талдау шынында, ескерту жасау саласындағы белсенділіктің төмен екендігін көрсетті. Мұның негізгі себебі – ескерту бағыттаудың шарттарын сақтау қиын. Өйткені Кәсіпкерлік кодексінің 198-бабының 2-тармағына сәйкес, ескерту жіберу үшін жалғыз негіз ғана бар, ол – нарық субъектісінің, меморганның, жергілікті атқарушы органның лауазымды тұлғасы тауар нарығында баға көтеруді жоспарлап отырғаны туралы жария түрде мәлімдеме жасауға және ол қадамы бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзуға әкеп соғуға тиіс", – деп түсіндірді ведомстводағылар.

Заңға қайшы мәлімдеме жасайтындай монополистердің жауапты тұлғалары да шетінен ақымақ емес. Бағаны үнсіз, тым-тырыс көтере салады. Немесе баға көтеретінін жарияламай, ол туралы антимонополиялық органға хат жолдап, жеке құлағдар етеді. Мұндайда "ескерту жасап", райынан қайтару тетігі іске қосылмайды.

Сондықтан Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі заңнаманы өзгертіп, қолданыстағы Кәсіпкерлік кодексінің 198-бабынан бір ғана сөзді алып тастауды ұсынып отыр. Осының өзі жағдайды шамалы өзгертуге жарап қалады екен.

"Нарық субъектісінің, мемлекеттік органның, жергілікті атқарушы органның лауазымды адамының тауар нарығындағы жоспарланып отырған әрекет туралы жария өтініші, егер мұндай әрекет Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзуға әкеп соғуы мүмкін болса және бұл ретте тергеп-тексеру жүргізу үшін негіз болмаса, алдын ала ескерту жіберу үшін негіз болып табылады", – деп жазылған қолданыстағы Кәсіпкерлік кодексінің 198-бабында.

Осындағы "жария" сөзі алып тасталуға тиіс.

"Қолданыстағы кодекс бойынша монополияға қарсы орган лауазымды тұлғаның жария өтініші болған кезде ғана ескерту жіберуге құқылы. Ал іс жүзінде монополияға қарсы орган нарық субъектісінің, мемлекеттік, жергілікті атқарушы органның тауар нарығындағы жоспарланатын алдағы қадамы туралы ақпаратты басқа тәсілдермен де алады. Алайда бұл жағдайлар ескерту жіберуге негіз бола алмайды. Мысалы, тәжірибе көрсеткендей, нарық субъектілері баға көтергенге дейін ол жоспары туралы монополияға қарсы органға жария емес түрде хабарлайды. Осы айтылғанды ескере отырып, ескертулерді қолдану практикасын жандандыру үшін оларды жіберу негіздерін қайта қарау керек", – деп мәлім етті антимонополиялық орган.

Бұл үшін, ведомствоның ұстанымынша, өтініштің жариялылығы бойынша талапты алып тастау ұсынылады.

Тиісті заң жобасы жаңа жылда Мәжіліске енгізіледі деп күтілуде.

Ал оған дейін Қазақстанда сарапшылар айтып жүрген "баға көтерілісі" қарқынды түрде жалғасуда. Кеше елорданы қуатпен қамтушы алпауыт – "Астанаэнергосбыт" 2024 жылы тарифін қымбаттататынын жариялады. Ол 2024 жылға арналған тарифтік кестесінің жобасын жария орналастырды. Оған сәйкес, "Астанаэнергосбыт" электр энергиясының әрбір киловаты үшін бағасын 3–4 теңгеге көтеруге ниетті. Жобаны Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің астаналық департаменті әзірге бекітпегені хабарланды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу