Бағаны мемлекет емес, нарық реттейді

5845

2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап тауар нарығындағы мемлекеттік баға алып тасталады.

Бағаны мемлекет емес, нарық реттейді

Баға реттеуді жою тауар сапасын арттырып, өндірушілер арасында бәсекелестік орната ала ма? Бағаны мемлекеттік реттеу жүйесін бұлайша реформалау кімге тиімді?

Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенсек, олардың нарығында бағаны қалыптастырудың нақты әдістері бар. Ел экономикасы үшін маңызды тауар мен қызмет түрлеріне нақты баға қойылып, қатаң бақыланады. Өнімге қойылатын талапта тауар құны әрі кеткенде 30%-ға дейін өзгереді. Біздің елімізде де бағаны мемлекеттік реттеудің құқықтық жүйесі қалыптастырылған. Экономика саласының маманы Әсел Әшірбайдың айтуынша, сыртқы және ішкі бағаның деңгейі тауар көлемін реттеу арқылы жүзеге асырылады.

"Әлеуметтік маңызы бар салалардың мемлекеттің бақылауында болғаны дұрыс. Дәрі-дәрмек, азық-түлік тауарларының бағасы, байланыс желілері, теміржол тарифтерінің еркін ауытқуына шек қойған маңызды. Сонымен қатар, мемлекеттік бақылау шикізат ресурстарының ахуалына байланысты және саяси факторлардың әсерінен өзгеруі мүмкін", – дейді ол.

Отандық мамандардың пікірінше, бағаны еркіне жіберу әлемде қолданылып жүрген монополияға қарсы реттеу секілді. Яғни бағаның құбылуын теріс пайдаланғандар, жоғары баға белгілегендерге қатаң жаза қарастырылған.

Табиғи монополияны реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Болат Тәңірбергеновтің айтуынша, Астанада мемлекеттік баға саясатына байланысты 2020 жылға дейінгі мерзімге арналған коммуналды тарифтер бекітілген.

"Астана су арнасы" мекемесі алдағы 4 жылға дейін сумен жабдықтау жүйесінің қызметі үшін бекітілген бір тарифпен қалады. Ал жылу мен электр энергиясының бағасын 2020 жылға дейін жыл сайын көтеру көзделген. Соған қарамастан қазіргі уақытта тарифті 2016 жылғы деңгейде қалдыру туралы шешім қабылданды. 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап Астана қаласында жарты жыл бойы 2016 жылғы тариф деңгейі сақталады. Жалпы тарифті көтеру мәселесі келесі жылдың 1 шілдесінде қайта қаралмақ. Жылу энергиясымен жабдықтау 2017 жылдың 1 қаңтарынан 13%-ға, электр энергиясы бойынша 2%-ға және жылу энергиясын беру бойынша 6 пайызға көтеру болжанған. Бірақ жоғарыда айтқанымдай, 6 ай бойы тариф осы деңгейінде қалады. Одан кейінгі өсімі жыл сайын шамамен 2-3%-ды құрауы мүмкін", – дейді ол.

Отандық мамандар бағаны реттеу бизнес үшін кедергі екенін алға тартады. Яғни экономиканы дамыту үшін алдымен бәсекелестікті дамыту қажет. Бұл ретте баға саясаты оңтайлы болмақ.

Дәл осы мәселеге қатысты жеке кәсіпкерлердің де айтар ойы бар. Мәселен 248 адамды жұмыспен қамтып отырған "Жігергаз" ЖШС директоры Қуат Шарафиев өзі секілді әріптестерінің баға саясатына қатысты алаңдаушылығын жеткізді.

"Қазіргі таңда біздің мекемемізге сұйық газ жетіспей жатыр. Сол себепті біздің Үкіметке айтар өтінішіміз бар. Қолданып жатқан газды ұлғайтуға септігін тигізсе екен деймін. Сонда ғана табиғи отынның бағасы көтерілмейді деп айта аламын. Енді бағаны реттеу мәселесіне қатысты айтар болсам, егер біз сатып алып жатқан газдың бағасы күрт қымбаттайтын болса, онда біз оны үстіне ақша қосып, халыққа сата алмаймыз. Мәселен қазір газдың литрі – 53 теңге. 5-6 теңге қосып сатуға рұқсат бар. Соның өзі біздің шығынымызды ақтамайды", – дейді ол.

Кәсіпкер Қуат Чотыбайұлының пікірінше, мемлекет тарапынан әлеуметтік газдың көлемін ұлғайтса, өз бағасымен жеткілікті түрде берсе, бағаны көтеруге негіз жоқ.

"Олай болмаған жағдайда, біздің мекеме жабылады. Қанша адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Бұл тек менің ғана жанайқайым емес, мен секілді кәсіпорындардың басындағы ахуал. Бұл сөзімді қаржы, заң саласының мамандары түсіндіріп бере алады", – дейді ол.

Айта кетейік, Ұлттық экономика министрлігінің талдауына сәйкес, әлеуметтік маңызы бар салаларды бұрынғыша мемлекет реттейді. Олардың қатарында теміржол тасымалы, азаматтық авиация, газ қызметі мен энергетика саласы бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу