Бағдат Мусин халықпен "сүйінші" жаңалығын бөлісті

15634

Мемлекет жеке тұлғалардың Масктың интернетін пайдалануына тыйым салды, онда неге мектептер Старлинкті енгізіп жатыр?

Бағдат Мусин халықпен "сүйінші" жаңалығын бөлісті Фото: gov.kz

"Starlink жабдықтарының алғашқы партиясы Қазақстанға келді. 500 дана! Алматыға жабдықты қабылдау барысын тексеру үшін өзім арнайы келдім. Келесі аптада Түркістан және Ақмола облыстарындағы Starlink орнатуға толық дайын мектептерге жабдықтарды жеткізу басталады. Аталған облыстардың әкімдіктері барлық дайындық жұмысын жақсы жүргізді", – деді қуанышы қойнына сыймаған Мусин мырза.

Оның хабарлауынша, 10 күннен кейін келетін келесі партия қалған өңірлерге жеткізіледі.

"Жалпы алғанда, осы 20 күн ішінде елге 2 000 жинақ әкелінеді. Олар елдегі 2 000 шалғайдағы ауыл мектебін жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етеді. Бұл Мемлекет басшысының шешімінің арқасында жүзеге асуда!", – деп нықтады ол.

Әлеуметтік желіде қалдырылған пікірлерді талдасақ, қазақстандықтардың үлкен бір бөлігі бұл жаңалыққа қуана қойған жоқ. Оның орнына таңданыс басым. Билік Қазақстанда Starlink интернетін пайдалануға тыйым салды. Онда неге биліктің өзі мектептерде Илон Масктың интернетін орнатуда? Халық мұның мәнісін түсінбей дал.

Жалпы, Илон Масктың SpaceX компаниясы өрістетіп жатқан жаһандық спутниктік жүйе Қазақстанға біршама қымбатқа түспек. Мұны министр Мусин де жасырмайды. Ол бұдан бұрын Starlink-терді мектептерде орнатуға қанша қаржы шығындауды жоспарлап отырғанын мәлім етті. Оның айтуынша, SpaceX-пен корпоративтік контракт бекітіліп жатыр.

"Ақпарат құралдары, сарапшылар SpaceX-тің өзі жариялаған прайс листтерге сүйеніп, мұның елімізге қаншаға түсетінін айтып жүр. Біз болсақ, онымен корпоративтік контракт бекітетін боламыз. Қазіргі кезде оның шарттарын пысықтау аяқталуға таяды. Біз қорытындылауға және келісімшартқа қол қоюға екі апта бөліп отырмыз. Содан кейін мен барлық шарттарды жұртқа жария етемін. Өйткені оған мемлекеттің қаражаты шығындалады, сондықтан біз аталған қызметтердің құны туралы бүкіл ақпаратты халыққа ұсынуға міндеттіміз", – деген болатын Бағдат Мусин былтырғы қазан айында.

Алайда содан бері төрт айдан астам уақыт өтсе де, министр сол контрактісінің шарттарын, ақырғы сомаларын сол бойы жария етпеді. Былтырғы қазанда Бағдат Мусин "әрбір нүкте", яғни Старлинкке қосылған әрбір компьютер үшін ай сайын 200 доллардай абоненттік төлем төлеп тұруға тура келетінін айтты. Яғни, Илон Масктың компаниясына Қазақстан ай сайын 400 мың доллар (200 долларды 2 мың компьютерге шаққанда) немесе 190 миллион теңгедей төлем төлеп тұруға тиіс. Министр бұл шығын сомасына Старлинктің қаптаған жабдықтарының шығыны кірмейтінін нақтылады.

"Қызметтің өзі ай сайын шамамен 200 долларға түседі. Бұдан бөлек, біздің әкімдіктердегі білім басқармалары спутниктік интернетті жеткізу үшін шамамен 1,5-3 миллион теңге шығындайды", – деді ол.

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева Илон Масктың интернетіне тіреліп тұрған ештеңе жоқ деген пікірде. Әйтпесе, бұған дейін Starlink жерсеріктік интернетінің игілігін қиянда орналасқан отандық фермерлер көретін. Бірақ билік бұл жүйенің елімізде ресми тіркелмегенін, бақыланбайтынын алға тартып, тыйым салып тастады.

Осыған наразы болған бірқатар депутат "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне байланыс, цифрландыру және ақпараттандыру саласының инвестициялық ахуалын арттыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасы аясында шетелдік операторлардың елде еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп, шектеуші емес, либералды тәсілдемені қолдануды ұсынған. Үкімет те, Парламент те бұл ұсынысты құптамапты.

Аталған заң жобасының авторларының бірі депутат Смышляева құжатта операторлар жұмысының құқықтық моделін пысықтағандарын жеткізді.

"Старлинк, әрине, алыстағы ауылдарға өте қажет, олар зарыға күтіп отырған технология. Сонымен бірге ол – геостационарлы емес спутниктер нарығындағы жалғыз технология емес. Басқа да ұсыныстар бар. Қазіргі уақытта еуропалық "OneWeb", люксембургтік "CS" де төл жерсеріктері негізінде ұқсас қызметтерді көрсетуге дайын. Алайда бұл операторлардың бәрі шетелдік болып табылады. Тиісінше, ұлттық заңнамамыз бойынша заңнан тыс жатыр, салдарынан, олар Қазақстан территориясында жұмыс істей алмайды. Старлинкке мектептер пилоттық жобалар аясында ғана қосылып жатыр, алайда заңмен реттелмесе, бірде бір пилот ұзаққа созыла алмайды", – деді депутат.

Ендеше Парламент қолданыстағы заңнаманы өзгертіп, отандық, шетелдік деп бөліп-жармай, барлық операторға бірдей қолжетімділік пен тең жағдайлар туғызуы қажет.

Мамандар Starlink интернетінің озық екендігін айтады. Өткен жылдың соңында оның спутниктерінің саны 5 мыңнан асты. Бүгінде SpaceX оларды жаппай жаңалап жатыр. Нәтижесінде, оның ғаламторы Жер ғаламшарының көптеген жерін қамти алады. OneWeb спутниктерінің саны шамамен 600-дей ғана.

"Жердегі қабылдағыштары орналастыру тұрғысынан Starlink-тің технологиясы OneWeb технологиясынан өзгешеленеді. Старлинк мысалы, өзі қамтитын елдерде жердегі қабылдағыш станцияларды орнатпайды. Демек, бақыланбайды. Біз ұлттық қауіпсіздік мүдделерін ескеруіміз керек. Мұндай технология ұлттық заңнамамызды сақтай отырып, жұмыс істеуге тиіс. Бизнес пен мемлекеттің мүдделерінің балансы сақталуы шарт. Бір жағынан, бізге азаматтарымыздың жаңа технологияларға кедергісіз қол жеткізгені керек. Екінші жағынан, мемлекет мүддесі қамтамасыз етілуі керек. "Неге азаматтарға тыйым салынып, мектептерге орнатылады?" дегенге келсек, білім ордаларында пилоттық жоба түрінде жұмыс істейді. Мектептерді мемлекет бақылай алады", – деді депутат Екатерина Смышляева.

Депутаттардың бір бөлігі мұндай ұстаныммен келіспейді.

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Старлинктің отандық нарыққа кіруін қазақстандық монополист операторлар тосқауылдап отырғанын жасырмады.

"Заң жобасын комитетте талқылаған кезде біраз сұрақтар қойылды. Меморгандардың шектеулері басты орынға шығып кетті. Дұрысы, халыққа барынша қолжетімді ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасау керек еді. Салдарынан, біз дамыған әлемде өрістеген халықаралық озық жобалардан оқшауланып қалуды қалаймыз. Біздің құзырлы органдар қандай да бір автономияны сақтап қалуға ұмтылып, шын мәнінде халықтың жедел, шынайы ақпаратты алуына кедергі келтіруде. Мысалы, жер сілкінісі бойынша шұғыл ақпаратты Starlink технологиялары тарата алады. Бірақ біз оған тоспа құрып, енгізілуін созбалаңға салудамыз", – деді Мұрат Әбенов.

Ол депутат ретінде әріптестері әзірлеген заң жобасын қолдап, дауыс берді. Өйткені шектеулер ұлттық қауіпсіздікпен байланысты деп түсіндіріпті.

"Біз мұны жақсы түсінеміз. Алайда комитетте талқылау кезінде тағы бір аргумент алға тартылды. Егер нарығымызды Starlink жайлап алса, онда біздің қазақстандық байланыс операторлары зардап шегеді, нарықтан айрылады деді. Шынында, сол операторлар ондаған жылдар бойы ауылға интернет жеткізбей отыр! Starlink-ті пилотпен, тек 2 мың мектеппен шектеп, соларға ғана кіруіне рұқсат етті. Басқа мектептер де сенімді, әрі ұшқыр интернетке зәру. Билік қоғамға Старлинктің заңсыз екенін мәлімдейді, сонымен бір мезгілде мектептерді қосады. Халықтың сұрайтыны да сол. Заңсыз болса, неге қосады?", – деді депутат.

Ол тағы бір маңызды жайтқа назар аудартты. Пилоттық жоба аясында қиырдағы 2 мың ауыл мектебі Илон Масктың интернетіне қол жеткізеді. Алайда сол мектептер орын тепкен жырақтағы ауылдардың тұрғындары интернетке кіре алмайды. Олар да үйлеріне Старлинк орнатқысы келеді. Оған тыйым салынған. Содан мектепке барып, ғаламторға шығайын десе, оған да рұқсат етілмейді. Білім ордаларының интернеті тек білім беру мақсатында, мұғалімдер мен оқушылар пайдалануы керек.

Соның кесірінен, ол ауылдардағы тұрғындар онлайн кинотеатрдан кино көріп, интернетпен керекті ақпаратын іздемек түгіл, eGov порталынан мемлекеттік қызметтерді онлайн ала алмайды. Осыған шыдамай, сол ауылдардағы тұрғындар аудан-қалаларға түп көтеріле көшіп кетсе, мектептер де баласыз қаңырап қалады.

Парламент ортадан шығатын шешім іздеуде. Депутаттардың айтуынша, ол шешім табылғанша ұзақ уақыт өтуі мүмкін. Биліктегілер сөзбұйдаға салып жатқанда, азаматтар мемлекеттік қызметті лайықты дәрежеде ала алмай, түңіле бермек.

"Бұл жаңа технологиялардың ел үшін артықшылықтары, игіліктері барын түсінеміз. Сол себепті пилоттық жобаны қолға алдық. Неге біз мектептерден бастадық? Себебі, мектеп – жеткілікті түрде шектелген, бақыланатын орта. Онда біз басты проблеманың – ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтаудың техникалық шешімін таба аламыз. Ақпараттық қауіпсіздік дегеніміз, бірінші кезекте біздің ақпараттық кеңістікті қорғау, дербес деректердің сыртқа таралып кетуіне кедергі жасау", – деп түсіндірді Цифрлық даму вице-министрі Мәлік Олжабеков.

Оның айтуынша, ұлттық қауіпсіздік туралы заңнама әрбір оператордың жүйені басқару орталығының Қазақстанда орналасуын талап етеді. Старлинк үшін SpaceX ондай орталығын өзге елдерде құрмайды.

"Басқару орталығын Қазақстанда орналастырмай, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің дайын техникалық шешімі жоқ. Пилоттық жоба аясында ғана ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажетті шектеулерді орната аламыз", – деді вице-министр.

Ол ауылдардағы мектептер үшін сатып алынған Starlink жабдықтарында қосымша порттар қарастырылғанын жеткізді. Тиісінше, оларға сондағы медициналық ұйымдар, екінші кезекте – әкімдіктер қосыла алады.

Айтпақшы, Мәлік Олжабековтың айтуынша, ұлттық заңнамамызға бағынғысы келмейтін шетелдік операторларды отандық байланыспен ауыстыру амалдары пысықталуда екен. Бүгінде ғарышта ұшып жүрген қазақстандық байланыс спутниктеріне негізделген жоба да жүзеге асырылуда. Былтырғы 2023 жылы солар арқылы 176 ауыл интернетке қосылыпты. Ол ауылдар отандық жерсеріктері арқылы 20 мегабитке дейінгі жылдамдықты интернетке қол жеткізді. Талпыныстар әрі қарай жалғасатын көрінеді. Салыстырсақ, Starlink интернетінің жылдамдығы секундына 150 мегабиттен асады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу