Бағдат Мусин тағы бір ел білмеген жаңалығымен бөлісті

10688

Министр ЖОО орнына Жасанды интеллект университетін ашқалы жатыр.

Бағдат Мусин тағы бір ел білмеген жаңалығымен бөлісті Фото: canva.com

Жасанды зердеге Мусиннің тісі батпай-ақ тұр. Оның командасы ел тарихында бұрын-соңды болмаған құжатты дайындап шықты. Ол "Жасанды интеллектті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы" деп аталады.

Алайда бұл бағдарламаның мақсат шыңы асқар, міндет межелері биік емес. Оның басты нысаналы индикаторына сәйкес, Цифрлық даму министрлігі "Самұрық-Қазына", "Қазақтелеком", "ҰАТ" АҚ сияқты сала алпауыттарымен бірге, жасанды зерде технологияларын қолдана отырып көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің үлесін 2024 жылғы – 0 пайыздан 2025 жылы – 2%-ға, 2026 жылы – 5%-ға, 2027 жылы – 10%-ға, 2028 жылы – 15%, 2029 – 20%-ға ғана жеткізуді жоспарлады. Бұл қарқынмен әлемнің алдыңғы қатарына шығу қиын.

IT-маман Абзал Баймурзин небәрі 3,5 беттен ғана тұратын 2029 жылға дейінгі "Жасанды интеллектті дамыту тұжырымдамасын іске асыру бойынша іс-шаралар жоспарының" жобасы шикі екеніне назар аудартты.

"Жасанды интеллект тұжырымдамасының мемлекеттік тілдегі жобасын әзірлегендер өз интеллектісінің деңгейін көрсетіп алды. Онда қалпымен қате өріп жүр. Мысалы, "индекатор", "Инфрақұоылым", "Самрқк-Қазына", "Самрұк-Қазына" және басқа өрескел қателерден көз сүрінеді. Оны айтпағанның өзінде, тұжырымдама жобасының апыл-ғұпыл, асығыс жасалғаны байқалады. Бұл құжатты кәсіби қоғамдастық арасында кең талқылауға салып, ширатып, пысытып алуы керек еді. Мысалы, 2029 жылы ЖЗ технологиялары қолданылатын мемқызметтердің үлесін 20%-ға жеткізу міндеті қойылған. Алайда оған қалай қол жеткізілетіні анық емес", – деді сарапшы.

Министрлік кадрларды даярлауға мән бермек. Ол үшін азаматтар "жасанды зерде бойынша жалпыға қолжетімді оқыту курстарынан" өтеді. Бірер айлық курсты бітіргендерге шүлен таратқандай, жаппай сертификат үлестіріледі. Осылайша, маман даярлау жоспарын орындап тастамақ.

Жоспар бойынша берілген сертификаттардың саны 2024 жылғы – 100-ден 2025 жылы 30 есеге – 3 мыңға дейін көбейеді. Әрі қарай да еселеп артады: 2026 жылы – 7 мың, 2027 жылы – 10 мың, 2028 жылы – 15 мың, 2029 жылы – 20 мың сертификат үлестіреді. Нәтижесінде, 2029 жылға қарай жасанды интеллект бойынша кемінде 80 мың адам курстан өтеді.

А.Баймурзин мемлекеттің өзі немесе бизнес-періштелер, венчурлық қорлар арқылы сол жаңа мамандардың жобаларын қолдамаса, жұмысқа тартпаса, әлеуетін іске жаратпаса, оның бәрі шетелге кетіп қалуы мүмкін екенін ескертеді. Бұрын да солай болған. Салдарынан, мемлекеттің осы салаға жұмсаған қыруар қаржысынан елге пайда, қайтарым болмайды.

Министрліктің мәліметінше, жасанды зерде бойынша оқыту курстары онлайн жүреді және ашық қолжетімділікте болады. Оны биылғы қыркүйекте бастау көзделген. Оған дейін тендерлер ойнатылып, курстарды әзірлейтін фирмалар анықталады.

Курс аясында тек "жасанды интеллект, оның технологиялары мен мүмкіндіктері және ықтимал қауіп-қатерлері туралы базалық білім берілетіні" айтылған. Соған қарамастан, оны бітіргендер ЖЗ бойынша айти маман сертификатын алады.

Құжаттағы ең ірі жоба – 2025 жылғы желтоқсанға қарай салалық университет ашу болып отыр. Нақтылағанда, еліміздегі жоғарғы оқу орындарының бірінің (қайсысы екені жазылмаған) базасында Жасанды интеллект жоғарғы мектебін ашу жоспарланған. Онда жастар "Компьютерлік көру – Компьютерное зрение", "Машиналық оқыту – Машинное обучение", "Табиғи тілді өңдеу – Обработка естественного языка" сияқты пәндер бойынша бакалавриатта және магистратурада оқи алады.

Саясат Нұрбек басқаратын Ғылым және жоғарғы білім министрлігі бағдарлама аясында өзге университеттер жанынан ЖЗ-ның салалық зертханаларын құрып шығады.

Биылғы желтоқсанда министрлік "Ұлттық жасанды интеллект платформасын құратын" болады.

Цифрлық даму министрлігі "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорымен тізе қосып, суперкомпьютер жасап шығуға ниетті. Отандық суперкомпьютер келесі 2025 жылғы желтоқсанға дейін іске қосылуға тиіс екен.

Жоба аясында сондай-ақ жасанды интеллектке арналған деректер орталығы тұрғызылмақ. Жалпы, ЖЗ бағдарламасы Data орталықтар салу жобаларына толы. Әлемдік экономикада, саясатта, геосаясатта және басқа да салаларда жетекші рөл ойнамайтын, айналдырған 20 миллион ғана халқы бар Қазақстанға сонша деректер орталығының не үшін қажет екені түсіндірілмеген.

Бұл салалық бағдарламалық құжатты жүзеге асыруға жалпы қанша миллиард қаражат жұмсалатынын жарияланбады.

Бір белгілісі, тек қайтарымсыз грант түрінде ғана IT-шілерге 21 миллиард теңге үлестіру ұсынылған.

Атап айтқанда, жасанды интеллектті дамытуды ынталандыру мақсатында гранттық қаржыландыру көлемі 2024 жылы – 2 млрд, 2025 жылы – 3,7 млрд, 2026 жылы – 3,7 млрд, 2027 жылы – 3,7 млрд, 2028 жылы – 3,9 млрд, 2029 жылы – 4 млрд теңгені құрамақ.

Жалпы, уәкілетті орган ретінде Цифрлық даму министрлігі ЖЗ-ны дамыту ісін бір жерден үйлестіретін орталыққа айнала алмағаны аңғарылады. Мысалы, қаржылық сектор ЖЗ-ны өз бетінше дамытуда. Жаңа бағдарламадан оның бәрі қалыс қалған.

Ұлттық банктің хабарлауынша, жасанды интеллектке құрылған машиналық оқыту бұл секторда қазірдің өзінде инфляцияны болжау, тұтынушылық кредиттердің өсу тәуекелдерін талдау, цифрлық теңгенің сценарийлерін бағамдау, қаржы саласындағы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жобаларында, банктерде және өзге мақсаттарда қолданылып жатыр. Бұл тек басы ғана екен.

"Қазіргі уақытта қаржы нарығына қатысушыларға арнап, барлық өңделетін деректі жинау, сақтау және өңдеу тетіктерін іске қосу саласында да ЖЗ, машиналық оқыту әдістерін қолдану жоспарланып отыр. Бұған транзакциялық деректерге негізделген шешім қабылдау үшін аналитикалық сервистерді қолдану арқылы қол жеткізіледі. Талдау құралдарын техникалық тұрғыдан іске асыру аясында транзакциялық белсенділіктегі тығыз байланыстарды анықтау үшін машиналық оқыту әдістерін пайдалану да жоспарда бар", – деп мәлім етті Ұлттық банк.

Бұдан бөлек, қазақстандық монетарлық реттеуші озық мемлекеттердің орталық банктері мен реттеуші органдарының болжам мен талдау жасауда жасанды зердені қалай қолданатынын зерделер жатыр.

Ұлттық банктің қаржы нарықтарын зерттеу басқармасының бас маманы, аналитик Елдос Дәулетханұлының айтуынша, жасанды интеллект технологияларын қолданудың өрісі өте кең.

"Ұлттық банк саласына қатысты айтсақ, ақша-несиелік саясат саласында – базалық ставка, инфляция туралы шешімдерді дайындау үшін болжамдау модельдерін жетілдіреді. Реттеу және тәуекелге бағдарланған қадағалау саласында да аса қажет. Мысалы, транзакцияларға мониторинг жүргізіп, алаяқтық схемаларды анықтауға, қылмыстық ақшаны заңдастырумен күресуге көмектеседі. ЖЗ жеке тұлғалардың және қаржылық ұйымдардың сыбайлас, аффилирленген тұлғаларын, фирмаларын тауып бере алады. Ол статистика және есептілік саласында да қызмет етуге жарайды. Сол арқылы меморгандар, қаржылық ұйымдар ұсынылатын есебінің сапасын, жылдамдылығын арттырады", – деді Елдос Дәулетханұлы.

Сарапшының түсіндіруінше, ЖЗ ондаған мың беттік көлемді құжаттар ішінен адамның назарынан қалыс қалған, ең ұсақ деталдарды тауып, назар аудартуға, тексерістер, ревизия, талдау барысында үлкен деректерді қолмен өңдеу сияқты машақаттан арылтуға қабілетті.

Елдің қаржылық тұрақтылығын қолдауға ықпал етуі мүмкін, мысалға, мамандарға, Үкіметке қаржылық секторға төнген тәуекелдерді болжауға, тіпті банктерге стресс-тесттер жүргізуге жәрдемдеседі.

Ұлттық банктің аналитигі сауатты, саналы басқарып, ауыздықтап ұстамаса, бетімен жіберілген жасанды интеллект елде дағдарыс туғызуы ықтимал екенін қосты.

"Әрине, ЖЗ барлық салалардағы көптеген процесті оңтайландырып, автоматтандырады. Сөйтіп, адам қолын, ресурстарды босатады. Бірақ сонымен қатар мұнда адамның бақылауы мен араласуы да төтенше маңызды. Ұлттық банк, мемлекет бұл жүйелердің реттеу, ұлттық саясат мақсаттарына сәйкес келуін қадағалағаны жөн. Шешімдердің автоматтандырылған түрде қабылдануымен шектен тыс елігіп кетуге болмайды. Бұған қоса, мамандар білікті болып, қауіп-қатерлерді тиімді алдын алу үшін машиналық оқыту алгоритмдерінің шектеулері мен ықтимал ауытқуларын жақсы түсінуге тиіс", – деді аналитик.

Financial Times басылымына сұхбат берген АҚШ Құнды қағаздар және биржалар комиссиясының төрағасы Гэри Генслер жүгенсіз кеткен жасанды зерде адамзатқа қауіпті екенін қаперге салды.

Оның байламынша, "адамдардың тез араласуынсыз жасанды интеллект онжылдық ішінде әлемді қаржылық дағдарысқа жығып тынады". ЖЗ-лардың адам бақылауынсыз, өз бетінше болжамдық модельдерді құруы және компаниялардың, меморгандардың соны еш пысықтаусыз, қаз-қалпында қолдануы үрдісінің белең алуы мамандардың алаңдаушылығын туғызуда.

Бұл ретте жасанды интеллект технологияларын АҚШ-та, өзге елдерде бірде бір мемлекеттік органның тегеурінді қадағалауына ілікпейтін компаниялар жасап жатыр.

Ендеше Бағдат Мусиннің асығыс курстарын бітіріп, базалық білімді ғана меңгерген 80 мың "IT-шілер" Қазақстанда жасанды интеллектті құрықтауға қауқарсыз болып шығуы ғажап емес. Бұл үшін "сен тұр, мен атайын" дейтін, сайдың тасындай іріктелген сайыпқыран мамандар керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу