АҚШ Президенті Джо Байден әкімшілігі жұма күні Ресейдің мұнай-газ секторына қарсы ең кең ауқымды санкциялар пакетін жариялады. Сондағы мақсаты – Украина мен Дональд Трамп командасының Украинада бейбітшілік орнату әрекеттеріне күш беру. Бұл шараның өзге бір көздегені – Ресейдің кірісін қысқарту.
Украина Президенті Владимир Зеленский X платформасында жазғандай, жаңа әрі қатаң санкциялар Мәскеуге "елеулі соққы береді".
"Ресей мұнайдан неғұрлым аз табыс табатын болса... бейбітшілік соғұрлым тезірек қалпына келеді", – дейді ол.
АҚШ Қаржы министрлігі қатаң санкцияларды "Газпромнефтьке", мұнайды барлаумен, өндірумен және сатумен айналысатын "Сургутнефтегазға" және олардың Қазақстандағы, Қырғызстандағы, Люксембургтегі жиырма шақты еншілес кәсіпорнына, сондай-ақ Ресей мұнайын шетелге тасымалдайтын 183 кемеге жариялады. Осы танкерлердің көпшілігі "көлеңкелі флотқа" кіреді. Бұл флот батыстық емес компаниялар басқаратын ескі танкерлерден құралған. Санкцияларға мұнай сататын желілер де алынып отыр.
Тағы бір айта кететін жайт, аталған танкерлердің көпшілігі Үндістан мен Қытайға мұнай жөнелту үшін пайдаланылды. 2022 жылы "Жетілік тобы" елдері енгізген баға шегі Ресейдің мұнай саудасын Еуропадан Азияға ауыстырды. Танкерлердің кейбірі Ресейдің де, Иранның да мұнайын тасымалдаған.
Осы жолғы санкциялар жеткілікті түрде орындалса, Ресейді ай сайын миллиардтаған доллар шығынға ұшырауы керек.
"Газпромнефть" жаңа шектеулерді негізсіз және заңсыз деп атап, жұмысын жалғастыратынын ескертті.
РЕСЕЙ МҰНАЙЫНА АЛЬТЕРНАТИВА БАР
Санкцияға іліккен субъектілер өз әрекеттерін наурыздың 12-не дейін доғаруы керек.
Дегенмен, ресейлік мұнай сатушылар мен үндістандық өңдеушілердің сөзінше, Вашингтонның санциялары Ресейдің негізгі мұнай импортерлері – Қытай мен Үндістанға экспорттау кідіріске ұрындыруы мүмкін.
Мұнайдың жаһандық бағасы қазынашылық мәлімдемесі алдында 3%-дан астам өсіп, Brent маркалы мұнай баррелінің құны 80 долларға жақындады.
АҚШ Мемлекеттік департаменттің энергетикалық ресурстар жөніндегі көмекшісі Джеффри Пайеттің айтуынша, биылғы жылы АҚШ, Гайана, Канада, Бразилиядан және Таяу Шығыстан мұнай көбірек жеткізіліп, сол көлем әлемдік нарықтан жоғалған Ресей мұнайының орнын толтыра алады.
"Біз дүниежүзілік рыноктағы шектелген ұсынысқа байланысты енді өзімізді шектеулі санамаймыз", – дейді Пайет Reuters агенттігіне берген сұқбатында.
Бұл санкциялар – Ресейді ауыздықтауға бағытталған кең ауқымды іс-шаралардың бір бөлігі. АҚШ үкіметі қараша айында әлемдік мұнай бизнесіндегі ресейлік ірі канал саналатын банктерді санкцияға алды. Солардың алпауыты – "Газпромбанк". Бұдан сәл ертерек Ресей мұнайын тасымалдаған ондаған танкер шектеулерге ілікті.
Байден әкімшілігінің ойынша, қарашадағы санкциялар Ресей рублін Украинадағы соғыс басталғаннан бергі ең төменгі деңгейге дейін құлдыратып, Ресей орталық банкін пайыздық ставканы рекордтық 20 пайызға дейін көтеруге итермелеген.
"Біздің энергетикалық секторды тікелей таргеттеуіміз қазірдің өзінде инфляциясы 10%-ға жеткен Ресей экономикасына қысымды күшейтіп, 2025 жыл мен одан кейінгі жылдарға арналған бұлыңғыр экономикалық болжамды нығайтады деп күтеміз", – деді америкалық атын атамаған өкілдердің бірі Reuters агенттігіне берген сұқбатында.