Байқоңыр бола ма, болмай ма

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
5009

Астанада ашылатын төртінші ауданнның аты талқы таразысына салынып жатыр.

Байқоңыр бола ма, болмай ма

Былтыр қараша айында Астана қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерғали Егемберді бас шаһарда төртінші аудан ашылатынын мәлімдеді. Ал биыл елорданың ономастикалық комиссиясы төртінші ауданға Байқоңыр деп ат қойып, айдар тағуды ұсынды.

"Төртінші ауданның атауы ретінде бірнеше нұсқа келіп түсті. Соның бәрін қарай отырып, сіздермен ақылдасайық деп алдарыңызға келіп отырмыз. Астана егеменді елдің елордасы болғандықтан оның атаулары келбетіне сай болуы керек", – деді тілдерді дамыту басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев.

Оның сөзінше, ұсынылған атаулардың ішінде тәуелсіздік, Қорғалжын деген нұсқалар болған. Алайда ономастикалық комиссия басқа атауды таңдаған.

"Байқоңыр – ұлы даламызды әлемге паш ететін жер. Қорқыт бабамыздың "Байқоңыр – жер кіндігі" деп айтқаны да бар. Байқоңыр – әлемдегі тұңғыш әрі ең ірі ғарыш айлағы. Осы айлақтан тарихта алғаш рет адам ғарышқа ұшты. Ұлт мақтаныштары Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетов Байқоңырдан көкке самғап, абыройымызды асқақтатты. Байқоңыр айлағы – өткен ғасыр­дың еншісіне жазылған адам баласының теңдесі жоқ жетістігі. Сол арқылы адамзат табиғат құпиялары мен ерекшеліктерін игеруге жол ашты. Астанаға әлемнің түкпір-түкпірінен туристер ағылуда. Байқоңыр атауы шетелдіктерге жақсы таныс. Өскелең ұрпақ үшін де тағылымды атау. Сондықтан жаңа ауданға адамзат тарихында орны бар, аты алтын әріппен жазылған Байқоңыр атауын беруді ұсынамыз", – деді Тілеуғали Қышқашбаев комиссия отырысында.

Байқоңыр ғарыш айлағы 60 жылдан астам уақыт жұмыс істеп тұрғанын тілге тиек еткен басқарма басшысы ономастикалық комиссияның ұсыны халықтың талқысына салынатынын жеткізді.

Астана қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметінше, елорданың төртінші ауданында шамамен 150 көше болады. Алматы, Сарыарқа аудандарының бір бөлігі жаңа ауданның құрамына енеді.

Астана қаласының құрметті азаматы Владимир Редкокашиннің пікірінше, жаңадан ашылатын төртінші аудан қаланы басқару тиімділігін арттырады. Оның ойын Астана қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов қостады.

"Астана – қысқа уақыт ішінде өсіп-өркендеп, миграциялық үрдістер есебінен халқының саны қарыштап көбейген ірі қала. Миллионнан астам тұрғыны бар қаланы тиімді әкімшілік-территориялық басқару тәсілдері арқылы көркейткен жөн. Осы ретте, елордада төртінші ауданның құрылуын орынды деп санаймын. Байқоңыр – адамзат баласы тұңғыш рет ғарышқа көтерілген тарихи және стратегиялық маңызды орын, елімізге ғана емес, тұтас әлемге танымал мекен. Сондықтан да жаңа ауданның Байқоңыр атауын иемденуі оң шешім болды. Өйткені бас қаламыздың көшелеріне, оның бүгінгі аудандарына тарихи маңызды орындардың аттарын беру дәстүрі қалыптасқан. Еліміздің бас қаласындағы ономастикалық нысандардың атаулары оның мәртебесіне, идеологиялық мақсат-мүддесіне сай болуы тиіс", – деді Сансызбай Есілов.

Ал саясаттанушы Айдос Сарым алдағы уақытта Астанада пайда болатын төртінші ауданның атауын құптамайтын тәрізді. Ол осыған қатысты пікірін әлеуметтік парақшасы арқылы былай білдіріпті: "Кеше бір жірден оқып қалдым: Астанада жаңа аудан құрылғалы жатыр екен. Кейбір пысықайлар оған Байқоңыр деп атауын да тауып қойыпты. Менің ойымша, бұл қателік! Байқоңыр дəл бүгін жаңалық пен жақсылықтың нышаны емес! Елордадан тарихының иісі аңқып тұруы керек. Астананың да киелі тарихы бар. Сондықтан ауданға я Қараөткел, я Ақмола деп ат берген абзал. Екі атау да көнеден келе жатқан қазақы діни-мəдени дəстүрден басталады. Астана түбі де қазақтың бір пантеоны, қасиетті аталарымыз жатқан жер. Кенесарының да Ақмола бекінісі үстіндегі қырышты садақпен атып арпалысуы осы себепті. Мен астаналық емеспін. Бірақ ел азаматы ретіндегі пікірім осы. Өзіме Қараөткел деген көбірек ұнайды".

Біреу білер, біреу білмес, Астана ұзақмерзімді жоспар арқылы 2050 жылға дейін әлемнің 10 үздік қалаларының қатарына қосылуды көздеп отыр. Мақсатқа жету үшін арнайы тұжырымдама әзірленген. Ал қысқамерзімді жоспар бойынша Астана 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасын темірқазық тұтып келеді. Межелі мерзімге дейін бас шаһар халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, әлемдік стандартқа сай болуға талпынады.

2017 жылдың 1 қазанындағы мәлімет бойынша, елорда да 1 020 722 адам өмір сүріп жатыр. 2020 жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш 1 млн 200 мың адамға жетуі мүмкін. Төртінші аудан Астананың агломерациясын дамыту және қаланың инфрақұрылымын жақсарту үшін қажет. Болашақта жаңа ауданның құрамына Шортанды ауданының бір бөлігін енгізу жоспарланған.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу