Астанадағы үлескерлердің проблемалық нысандарына 40 млрд теңге бөлінеді

5723

Құрылысы тоқтап қалған үйлер "Нұрлы жер" есебінен қаржыландырылады.

Астанадағы үлескерлердің проблемалық нысандарына 40 млрд теңге бөлінеді

Астанадағы үлескерлердің проблемалық нысандарын салып бітіру үшін инвестор іздеу ұзаққа созылып кетті. Бұған мақсатты түрде ұйымдастырылған жәрмеңке де көмек бола алмады. Ақырында алданып қалған үлескерлердің проблемасын шешуге мемлекет араласты. Үкіметтің қаулысымен құрылысы тоқтап тұрған тұрғын үй кешендерін салып бітіру мәселесі тұрғын үй құрылысын дамыту мемлекеттік бағдарламасына енгізілді. "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша проблемалық үйлердің құрылысы қалай қалыпқа келетіні туралы Астана үлескерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Татьяна Чурсина abctv.kz-ке әңгімелеп берді.

– 2015-2016 жылдары Астанада алданған үлескерлердің екінші толқыны пайда болды. Олардың ақша салған нысандары күні бүгінге дейін проблемалық болып отыр. Қазіргі уақытта құрылысты ұзақ салып жатқан компаниялардың саны қанша?

– Бүгінгі таңда ведомствоаралық комиссиямен әзірге 53 нысан қаралып жатыр.

 – Бұл "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" жаңа заң қабылданға дейін үлескерлер ақша салған нысандар ма?

– Иә. Мұның барлығы дерлік "Азбука жилья", "АССМ-01" нысандары. Бұл­- қазіргі уақытта сотталып кеткен құрылыс салушылардың  нысандары. Қазір Машуров ("Тамыз инвест групп" АО),  Матаев, Онарбайға қатысты үкім шығарылуда. Осылардың барлық нысаны бүгінге дейін салынып бітпеген.

– Үлескерлердің пайдасына қанша қаражатты қайтару мүмкін болды?

Қандай да бір үлкен қаражат қайтарылды деп айта алмаймыз. Тек "Азбука жилья" бойынша ғана алты млрд теңгенің мүлігі қайтарылды. "Тамыз инвест групп" бойынша да мүлік қайтарылады деп ойлаймын. Сотталып кеткен құрылыс салушының атында көбінесе ештеңе болмайды. Мысалы, "Зере" және "Зере-2" ТК үлескерлерін алдап кеткен Данияр Ахмедияровта мүлдем ештеңе жоқ болып шықты. Пәтері мен бір көлігі ғана бар, бітті, басқа түгі жоқ. Үлескерлерге "Араби-1" және "Араби-2" ТК салуға уәде берген Медет Бектеміровтың атында да ештеңе болған жоқ. "АССМ-01" ЖШС директоры Ерлан Смағұловты қамауға алғанда онда бірде-бір құжат болмаған. Тергеу барысында құжаттар табылмаса, тап сол кезде ештеңе жоқ болған. Ал Марат Жағыпаровтың ("HМ-Астана Құрылыс" ЖШС) "Арыстан" деген мейрамханасы мен қонақүй кешені бар екені белгілі. Мұның өзі дәтке қуат. Бірақ та олардың өңешінен өтіп кеткен миллиардтармен салыстырғанда бұл түк емес, әрине.

– Астанадағы үлескерлердің проблемалық нысандарының құрылысын аяқтауға инвестор тарту үшін ұйымдастырылған жәрмеңкенің нәтижесі қандай болды?

– Иә, Астанада құрылысы тоқтап тұрған нысандар бойынша үш жәрмеңке өтті. Бірақ та жәрмеңкеден керемет нәтиже болған жоқ. Әзірге тек екі түрғын үй кешенінің құрылысына инвестор табылды. Бұл - "Бай Тау" және Sky-sity. Қалғандары... Бұған қоса тағы бір проблема бар. Қазір үлескерлер бір рет алданғаннан кейін, ешкімге сенбейді. Олар құрылыс салушыға қосымша талап қоятын болды. Ұзақ салынып жатқан бір құрылысқа қатысты оқиғаны айтайын. Аталған нысанды салып бітіретін құрылыс салушы табылды. Ол геология, геодезия бойынша толық зерттеу жүргізді. Сондай-ақ нысанның коммуналдық желілері қайда қосылатыны туралы техникалық жағдайды қарады. Үйлестіру кеңесіне эскиздік жобаны ұсынып, үлескерлермен жиналыс өткіздік, сол кезде үлескерлер тағы да  қосымша талап қоя бастады. Ақырында жаңа инвестор жұмыс істеуден бас тартты. Бұл ретте үлескерлер бұл құрылыс салушыға ештеңе төлеген жоқ және төлеуге тиіс те емес еді. Жаңа құрылыс салушының олардан ақша алу туралы ойы да болған жоқ. Ол тіпті соған да көнген болатын. Бірақ үлескерлер "Сен бізге 200 пәтерді бересің де, қалған пайданы өзің көрмекшісің ғой", – деді. Осыдан кейін ол: "Мен сіздермен жұмыс істемеймін", – деп шорт кесті. Себебі 200 пәтерді салып қана қоймай, нысанның экономикасын көтеру керек. Ал бұл дегеніңіз үлкен жұмыс. "Пана" ТК  үлескерлері де жәрмеңке арқылы құрылыс салушыны тауып, жұмыс істей бастады. Бірақ та бұл нысанның тұрғын үй-құрылыс кооперативі бұл инвестормен келісімшарт жасамады. Себебі үлескерлер үйді таза әрленген қалыпта өткізуді талап ете бастады. Құрылыс салушы мұндай талаптан кейін жұмыс істеуден бас тартты.

– Инвесторларды қандай нысандар қызықтырады?

– Ең бастысы, экономикалық құрамдас бөлік болу керек, яғни инвестордың салған ақшасы қайтатын болу  керек. Проблемалық нысанда сатылмаған аудандардың есебінен экономикалық пайда көруге болады. Сондықтан сатылмаған шаршы метрлері көп нысандар инвесторлар үшін тартымды болады. Сонымен қатар егер жобаны өзгертіп, тағы қабат немесе блок қосатын болса, экономикалық пайда көруге болады. Мысалы "Төленді" ТҚК-ға қарасты "Аниса-2" және "Аниса-3" бойынша екі үй салынуға тиіс болатын. Бұл тұрғын үйден ешқандай экономикалық пайда болмады, өйткені барлық пәтері сатылып қойған. Бірақ оларда жер телімі болды. Қалалық әкімдік осы жерге қосымша бес блок қоюға рұқсат берді. Көлік тұрағынсыз салуға рұқсат берілді. Өйткені бұл проблемалық нысан. Ал проблемалық нысандарды көлік тұрағынсыз салу туралы шешім үкімет деңгейінде қаралған. Бұл жобаны павлодарлық құрылыс салушы алды. Сенбі күні жиналыс өтті, үлескерлер келісіп отыр. Қазір құрылыс салушы құжат жинап жатыр.

–  Осы жылдан бастап Астанадағы проблемалық үлескерлік нысандар "Нұрлы жер" бағдараламасы бойынша салынатыны белгілі. Бұл тетік қалай жұмыс істейді?

– Астана қаласының әкімдігінде ведомстволық бағынышты ұйым - "Елорда даму" ЖШС бар. Осы компанияның базасында проблемалық үлескерлік нысандарды салып бітіру үшін арнайы жаңа мекеме – "Елорда құрылыс компаниясы" ЖШС құрылды. Бұл тетік қалай жұмыс істейді? Ұзақ салынып жатқан құрылысты салып бітіруге келіскен құрылыс салушы мысалы, 100 млн теңге салады және 100 млн теңгені "Елорда құрылыс компаниясы"  береді. Құрылыс салынып біткеннен кейін, құрылыс салушы 100 млн теңгені қайтарады немесе пәтерлерді осы сомаға береді. "Елорда құрылыс компаниясы" ЖШС-мен келісімшарт жасау үшін аудиторлық тексеріс, техникалық зерттеу жасап, экономикалық құрамдас бөлікті көрсетіп, құрылысы аяқталмай қалған нысанның жағдайын сараптап, жобаны арттыру керек. Бұл жұмысқа кем дегенде жеті ай уақыт кетуі мүмкін. 

– Ал жаңа құрылымға қаражат қайдан түседі?

– 2017 жылдың 26 желтоқсанындағы үкімет қаулысымен Астанадағы тұрғын үй құрылысының проблемалық нысандарын салып бітіру үшін республикалық бюджеттен 40 млрд теңге бөлінетін болды. Қайтарымдылық  кімге және қандай шартпен қамтамасыз етілетінін "Елорда құрылыс компаниясы"  анықтайды. Қайтарымдылық міндетті түрде болу керек.

– Ол қандай пайызбен қайтарылуы керек?

– Жылдық 0,4% . Бүгінгі таңда бұл түк емес. Ал қайтару мерзімі жайына келер болсақ, онда әр жоба бойынша шешім жеке қабылданады.

– "Нұрлы жер" бойынша Астанада қанша тұрғын үй кешенінің құрылысы бітеді?

– Ведомствоаралық комиссияда 39 нысан қаралып жатыр. Бұлар үкіметтің шығарған қаулысына сәйкес Астана әкімдігімен бекітілген өкілетті компаниялар арқылы жұмыс істейтін тізімге қосылуы мүмкін.

– 2017 жылы қандай проблемалық нысанның құрылысы аяқталды?

– Тек бір ғана "Венский квартал" тұрғын үй кешені жақсы салынып жатыр. Бұл үйдің құрылысы жылдам салынып жатыр деп ойлаймыз. 2016 жылдың 2 тамызында жоғарғы сот жерді берген болатын, ал 2017 жылдың тамызында екінші кезекте берілетін үй толығымен тұрғызылды. Бірақ әлі де мәселелер баршылық. Коммуналдық желілерді жүргізу керек болды, ал бұл өте қымбат тұрады. Сондықтан мерзімінен шамалы кешігіп жатырмыз. 2017 жылдың соңында пайдалануға беруіміз керек еді. Қазір декларация дайын, жақын күндері актіге қол қоямыз. Төрт кезекпен берілетін үйлердің екіншісі де, үшіншісі де дайын. Екінші кезектегі үйге қазір жылу қосылып жатыр. Қалған нысандарды да салып бітіреміз. "Аниса-1" тұрғын үй кешені де экспертизадан өту сатысында. Жобаның экспертизасы  алынғаннан кейін оны да береміз. "Жаңа Көктал" тұрғын үй кешені де тапсырылуға дайын.

– Астанада қанша үлескер зардап шекті?

– Ресми ақпар бойынша, 13628 адам жосықсыз құрылыс салушының әрекетінен зардап шеккен. Бұл - "АССМ-01" ЖШС нысандары бойынша іс қаралғанға дейінгі сан. Ал оларды есепке алатын болсақ, шамамен 3 мың алданған үлескерді осы тізімге қосуға болады.

– 2017 жылы үлескерлердің алданған фактілері болды ма?

– "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" жаңа заң шыққаннан кейін мұндай фактілер әзірге болған жоқ. Алайда  жаңа заңнаманың нәтижесіне баға беру әлі ерте. Нақты көріністің қандай болатынын үш жылдан кейін көреміз.

–  Қалай ойлайсыз, қазіргі заңнама жетілдіруді қажет ете ме?

– Бүгінгі таңда ҚР "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңды өзгерту қажет. Бұл құжат кеңес одағы кезінен бері өзгермеген. Заң жарнашылардың қаражатын тартуға мүмкіндік береді. Менің ойымша, бұл да үлескерлік қатысумен бірдей деген сөз, бірақ та бұл жерде нысанның берілетініне ешкім кепіл бермейді. "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" заң қазіргі нақты жағдайға сәйкестендірілді, енді "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңды да бүгінгі міндеттерге сәйкестендіру керек. 

Гүлназ Ермағанбетова, Динара Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу