Нұр-Сұлтан қаласында 49 проблемалық нысан бар

11105

13 500 үлескер құрылыстың аяқталуын күтіп жүр.  

Нұр-Сұлтан қаласында 49 проблемалық нысан бар  Фото: kn.kz

Елорданы дамытуға арналған жиында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Президенттің сөзінше, мәселені шешуге 2018-2019 жылдары 40 млрд теңге бөлінген. Қомақты қаржының 4,5 млрд теңгесі ғана игерілген. Ал әкімдік қосымша 170 млрд теңге сұраған.

"Келесі проблема – елордада тұрғын үйді пайдалануға беру қарқыны мен құрылыс жұмысы көлемінің құлдырауы байқалады", – деді президент. Қасым-Жомарт Тоқаев мәселенің мән-жайын анықтау үшін индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаевты орнына тұрғызды. Ол тұрғын үйді пайдалануға беруде бірнеше проблема бар екенін алға тартып, бірнеше көпқабатты тұрғын үй салынып, дайын тұрғанымен қажетті инфрақұрылымға қосылмағанын айтты. 

Бұл жауап мемлекет басшысын қанағаттандырған жоқ. 

"Нұр-Сұлтан қаласында тұрғын үйлерді салып, пайдалануға беру бүгінгі күннің өте өзекті мәселесі. Бұл – аса өткір әлеуметтік проблема. Мәселені осы тұрғыдан қарастыру қажет. Түрлі түсінік беруге болады. Жасаңдар!", – деп кесімді пікір білдірді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қала әкімі Алтай Көлгіновтен де есеп алды және оған да нақты тапсырма берді.

"Проблемалық нысандарға қатысты жол картасы әзірленді. Жобалық-сметалық құжаттардың дұрыс емес екені анықталды. Үлескерлерді алдаған алаяқтар түрмеде отыр. Жаз бойы үлескерлердің құжаттарын әзірлеумен айналыстық. Қаржы институттарымен, екінші деңгейлі банктермен, орталық мемлекеттік органдармен жұмыс істедік. Біздің нақты жоспарымыз бар. Біз сіздің тапсырмаңызды орындаймыз", – деп жауап берді Алтай Көлгінов президентке.

Қасым-Жомарт Тоқаев бас прокуратура мен ішкі істер министрлігіне мәселені майшаммен қарауды тапсырды.

"Алаяқтар түрмеде отыруға тиіс. Олар өздерінің іс-әрекеттерімен азаматтарымыздың негіз құраушы құқықтарына қастандық жасады.  Азаматтарымызды алдап, оларды далада қалдырды. Бұл іске мемлекет араласуы керек. Әрекет етіңдер де, баяндаңдар!" – деді мемлекет басшысы. 

Қанат Махамбет
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу