Жұбайым пәтерін күткен күйі өмірден өтті – үлескер

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
11025

 Ұлардай шулаған елордалық үлескерлер әкімдік жеке меншігімізді тартып алды дейді. 

Жұбайым пәтерін күткен күйі өмірден өтті – үлескер Фото: Максим Морозов

Бір топ үлескер астанада баспасөз мәслихатын ұйымдастырды. Олардың айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі үлескерлердің жеке меншігіндегі үй-жайларды тартып алған. Олар құрылыс компанияларынан да, әкімдіктен де опық жедік дейді. 

"2007 жылы "Байқоңыр" тұрғын үй кешенінің құрылысына үлескер ретінде қатыстым. "Байқоңырдан" тұрғын емес үй-жай алдым. 2010 жылы аталған үй-жайдың меншіктік құқығы маған берілді. Алайда әкімдіктің өкілдері арнайы қаулыға сүйене отырып, жеке меншігімді тартып алды. Оны Жұмағалиев деген адамға берген. Өйткені үй-жайдың он жылдағы коммуналдық шығындарын осы кісі төлеп келген. Әкімдік сүйеніп отырған қаулымен біз де таныстық. Онда жертөледегі және цокольдық қабаттағы бос тұрған үй-жайлар коммуналдық меншікке алынады деп жазылған. Ал маған тиесілі үй-жай жертөледе де емес, цокольды қабатта да емес, үйдің бірінші қабатында орналасқан. Демек коммуналдық меншікке берілмеуі керек. Оның үстіне ол бос емес еді. Ақшасы толықтай төленген болатын. Ол үшін 17 млн теңге төлегем. Міне, арада он жылға жуық уақыт өтті. Өзіме тиесілі үй-жайды ала алмай жүрмін", – дейді елордалық үлескер Татьяна Ертайқызы. 

Әділдік іздеп жүрген жанның бірі – Жұпарбай Жанасбаев. Ол 2006 жылдың қарашасында тұрғын емес үй-жай алу үшін құрылыс компаниясымен келісімшартқа отырған.

"Өзім дәрігермін. Медициналық орталық ашу үшін көлемі 214 шаршы метр болатын үй-жайды сатып алу үшін үлескер ретінде келісімшартқа отырдым. 2008 жылғы дағдарысқа байланысты нысанның құрылысы тоқтап қалды. 2009 жылы "Тұрсын-Астана" тұрғын үй-құрылыс кооперативін құрдық. Осылайша, аяқталмай қалған құрылыс кооперативке өтті. Келісімшартқа сәйкес, тұрғын үй кешеніндегі бос тұрған барлық үй-жайлар қайтарымсыз негізде әкімдікке берілуі керек. Бірақ мұндағы үй-жайлардың бәрі бос емес еді. Соған қарамастан, әкімдік жеке меншіктегі үй-жайларды да тартып алды", – дейді Жұпарбай Жанасбаев. 

Үлескер 214 шаршы метр үй-жайды сатып алу үшін "Халық" банкінен 25 млн теңге кредит алған. Кредитті 2018 жылдың қаңтарында толықтай өтеген. Несиенің пайыздық мөлшерлемелерін қоса есептегенде, банкке 39 млн теңге төлеген. Кредитті уақытылы жабу үшін үйін, дүкенін сатқан. Басқа қаладағы үй-жайды да сатылымға шығаруға тура келіпті. 

"Әкімдік бізге өтемақы төленеді деген. Алайда мұның бәрі сөз күйінде қалды. Сотқа шағымдандық. Олар біздің жағдайымызға өкінішпен қарағанымен, шешімді әкімдіктің пайдасына шығарады", – дейді Жұпарбай Жанасбаев.

Ал Дина Жүсіпованың жұбайы пәтерін күткен күйі өмірден өткен. 

"Ақтөбе қаласының орталығындағы коттеджімізді сатып, ақшасын астанадағы "Telmann Park" тұрғын үй кешеніндегі үлестік құрылысқа салдық. Осы уақытқа дейін тапқан-таянғанымыздың бәрін осыған жұмсадық. Өкінішке қарай, пәтерімізді ала алмай жүргенімізге 6 жылдан асты. Ал жұбайым 2017 жылы пәтерді күткен күйі өмірден өтті", – дейді Дина Жүсіпова.

Үлескерлердің басындағы жағдай әртүрлі болғанымен, мәселе ортақ. Бәрі де үлестік құрылыстың "құрбаны" болғандар. Олар үлескерлердің мәселесіне қоғам назар аударса екен дейді. 

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу