Астананың балкондары әкімдіктің бас ауруына айналды

5271

Азаматтар Елбасыға арызданбақ.  

Астананың балкондары әкімдіктің бас ауруына айналды

Нұр-Сұлтанның сәулетінен сау-тамтық қалмай барады. Себебі қалада заңсыз құрылыс өркен жаюда. Мысалы, басты көшелердің өзінде орын тепкен жаңа тұрғын үй кешендерінде (ТК) жоғарғы қабат тұрғындары қос қабатты балкон немесе үй төбесінде қосымша қабат салып алуда. Бұл бір жағынан өзге тұрғындардың қызғанышын туғызады. Екінші жағынан, олар қымбат үйдің көркі бұзылғанына қапалы.

Елордалық жеке кәсіпкер Игорь Богрянский астана құрылысын ел басшылығы тұрақты бақылауда ұстаған заманды аңсайды. Қазіргі қалыптасқан жағдайға көңілі толмайды және Тұңғыш Президентке шағымдануды ойлап жүр. Алдымен ол қалабасыға арыз жазыпты.

"Ұлы дала көшесінде орналасқан "Expo Plaza" тұрғын үй кешенінің жоғарғы қабатында тұратын тұрғындар шатырын жасап, балкондарын өз білгендерінше жасап алуда. Үй жобасында ондай қарастырылмаған. Әкімдік болса, бұзушылықтарға еш үн қатпайды. Қалалық архитектура бәрін көріп-біліп отыр, бірақ үнсіз. Төтенше жағдай министрлігі де назар аударар емес. iKомек бірыңғай байланыс орталығына ақпарат жібердім, олар жай жалтарма жауаппен құтылды. Оларға бұл мәселе, тіпті, қызықты емес. Бар жерді немқұрайлылық жайлаған", – деп реніш білдіреді ол.

Арызданушы азаматтар жауапты органды таппай дал.

"Проблема бар шығар, ол менің проблемам емес дейді барлығы. Астана әкімінің бұл бұзушылықтарға түкіргені бар. Ұнамаса, сотқа барыңдар, проблемаларыңды сонда шешіңдер дейді. Мүлдем болмаса, Президентке не Елбасыға хат жазамын", – дейді Игорь Богрянский. 

Қала әкімі тұрғындардың шағымына ресми блогы арқылы жауап берді.

"Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының мәліметінше, "Expo Plaza" тұрғын үй кешені мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған жоба негізінде 2017 жылы нысанды қабылдап алу актісімен іске қосылған. "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңына сәйкес, тұрғын үйдің қасбеттері, шатырлар, шатырастылар, кіреберістер, вестибюльдер, дәліздер, баспалдақ алаңдары, лифтілер, техникалық қабаттар, жертөлелер, үйге ортақ инженерлік жүйелер, абоненттік пошта жәшіктері, жер учаскесі мен ортақ пайдаланылатын басқа да мүлік – тегісімен кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне жатады. Заң бойынша пәтер иелерінің ортақ мүлікті күтіп-ұстау мәселелері бойынша мүдделерін Үй кеңесі білдіреді", – деді Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов.

Заңға сүйене отырып, ол балкондардың сыртқы кейпіне көңілі толмайтын астаналықтарға ПИК не МИБ (меншік иелері бірлестігі) төрағаларына шағымдануға кеңес берді. Ары қарай кондоминиум нысанын басқару органы осы шағым негізінде сотқа өтініш беруі қажет.

330 пәтер балконсыз қалды

Жалпы балкондарға қатысты мәселені елордадағы әрбір үйден табуға болады. Мысалы, былтырғы қарашада "Орбита" тұрғын үй кешенінің балкондары қисайып қалды. Қалалықтар әлеуметтік желіде тосын сипатта – толқындана, қатты деформацияланған балкондардың фотосуреті мен видеосын бөлісті. Бірақ әкімдік тұрғындарды эвакуациялап жатпады. Оның орнына жобалау-сметалық құжаттамасына 23 миллион теңге бюджет қаржысын шығындап, жөндемек болған.

Ақыр соңында тұрғындарға осы жағдайда қыстап шығуға тура келді. Қалалық әкімдік проблемалы үйдің қасбетін реконструкциялауды тек биылғы жазда бастады. Алайда енді дәл қыс қарсаңында ондағы 330 пәтер бірден балконсыз қалып отыр. Наразылығын білдірген тұрғындардың алдына әкімдік өкілдері шығып, мәселе шешілетінін жеткізді. Адамдар оған сенбейтінін, мұндай уәдеге тойғандарын айтты. Алда ызғарлы қыс келе жатыр, ал балконның пластик есігі баспананы үскірік аяздан, ақырған бораннан қорғай алмауы мүмкін. Оның үстіне құрылысшылар тек ақаулы балкондарды құлатумен шектелмей, қабырғалардан жылу сақтағыш материалдарды да суырып алған.  

"Былтыр қисайып қалған балкондарды бұзып, фасадты ауыстыру жұмыстары биылғы жазда қызу басталғанда қатты қуандық. Бұл қарқынмен бәрі уақытында бітер деп ойладық. Міне, суық та түсті. Үш жүзден астам үй балконсыз қалды. Шенеуніктер осындай пәтерде балаларымен бір түн түнеп шықсыншы, жағдайды сонда түсінеді. Әкімдік келесі аптада бітіреміз деп үнемі сөз береді. Ол уәдесін өзі ұмытып кетеді", – деп ашынады "Орбита" ТК тұрғындары.

Мердігер жөндеу жұмыстарын қыркүйектің басында бітірмек болған. Кейін жоспар мерзімін 15 қазанға көшірген. Артынша жұмыс мүлдем тоқтапты: әкімдік қаржы аудармаған. Рас, тұрғындар журналистерді жинап, шу көтерген соң жөндеу жұмыстарына "жан бітіпті".

Әрине, үй жекеменшік болғандықтан, оны жөндеу қала билігінің мәселесі емес деп санауға келетіндей. Әйткенмен, мұнда биліктің де айыбы бар: бұрынғы құрылысты қадағалау, жаңа салынған нысанды қабылдап алу рәсімдерінің бәрін жойды. Бүгінде құрылыс компаниялары қабылдап алу актісін өзі жазып, өзі бекіте салады. Ғимарат сапасына да өзі жауап беруі тиіс. Бірақ жауап бермейді. Мемлекет те ондай құрылыс компанияларының жұмысын тоқтатуға асықпайды. Ол үшін бұзушылықтарды нақты анықтап, хаттап, сотта дәлелдеп шығу керек, бұған білікті мамандар тапшы, әрі көп уақытқа созылады. Мысалы, елордада 2019 жылы небәрі 4 құрылыс компаниясы ғана лицензиясынан айырылыпты. Ал азаматтар BI Group, Базис-А секілді сала алпауыттары тұрғызған ТК-лардың сапасыз екеніне шағымданады.   

Бас қала құрылысына қатысты өзге түйткілдер толып жатыр. Мысалы, Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы (ҚОСББ) елордада заңсыз бой көтерген 28 ғимарат сүрілетінін мәлімдеді. Заң бұзғандар әкімшілік жазаға тартылған, оларға тиісті ұйғарымдар жолданған. Бірде бірі құлақ аспапты: өз нысанын ерікті түрде күресінге жібермеді.

"Бұл ғимараттар заңсыз басып алынған мемлекеттік жерлерде салынған. Жобалау-сметалық құжаттамасы да жоқ. Құрылысты бастайтыны туралы сәулет-құрылыс бақылау органдарын хабардар етпеген. Олар заңсыз нысандарын өз бетінше бұзбағандықтан, сотқа талап өтініш бердік. Қазіргі кезде сот шешімдері күшіне енді, орындау құжаттары Нұр-Сұлтанның Әділет департаментіне бағытталды", – деді ҚОСББ басшысының орынбасары Ерлан Бердалин.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу