Билік тәркіленген 4 ағаштың тағдырын шешуде

3291

Дұрыс рәсімделмеген ағаш абыройдан айыруы мүмкін.  

Билік тәркіленген 4 ағаштың тағдырын шешуде

Ауыл-аймақта езу тартқызар, кейде шытырман оқиғалар болып тұрады. Соның бірі Ақмола облысының Ақкөл ауданында болды. Осыған байланысты аудан әкімдігінің өкілі қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа жүгініпті. Ол Үкімет мүшесінен ары қарай не істеуге болатынын нақты түсіндіріп беруді өтінеді.

"Ақкөл аудандық сотының шешімімен 4 ағаш түрінде мүлік тәркіленді. Сол шешімге сай өсімдіктер аудан әкімдігінің коммуналдық меншігіне беріліпті. Біз оны қабылдап алдық. Содан кейін ағаштарды жергілікті жері бойынша ауылдық округ балансына қою туралы қаулы қабылдадық. Ары қарай не істейміз? Әр жерден сұрадық, ешкім де жөнді жауап бере алмады. Қалай жасағанымыз дұрыс? Оларды сатуымыз керек пе? Ағаштардың саудасын кім өткізеді? Мүмкін, оларды жай есептен шығара салуға болмас па екен. Немесе ары қарай кесіп әкетуі үшін ауылды жылытатын коммуналдық кәсіпорынға табыстауға бола ма? Жалпы, тәжірибе қандай? Тәркіленген ағаштарды одан әрі не істеуші еді? Қандай ережелермен реттеледі?" – деп сұрақ жаудырды министрге хатында Ақкөл аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Айжан Даукенова.

Бұған Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Бақытбек Тәшенов жауап берді. Ол аталған мәселені министрлік қарағанын жеткізді. Машақаты көп көрінеді.

"Тәркіленген мүлікті сату немесе оны коммуналдық кәсіпорынға табыстау қандай ережелермен реттеледі дегенге келсек, "Мемлекеттік мүлік туралы" заңына сәйкес, аудандардың жергілікті атқарушы органдары коммуналдық меншікке айналдырылған мүлікті есепке алады, бағалау жүргізеді және ары қарай пайдалана алады. Ондай мүлiк тиiстi сот актісі негізінде есепке алынады. Бұл үшін Актілерді есепке алу кітабы жүргізіледі. Ол кітапта тәркіленген мүлікті тізімдеу, бағалау және қабылдау-беру актілері тіркеледі. Есепке қабылдап алғаннан кейін жергілікті атқарушы орган ол мүлікті бағалап, бағасын анықтауы керек. Тәркіленген мүлікті ары қарай пайдалану үшін оны сату керек. Аталған заңның 213-бабына сәйкес, тәркіленген мүлік сауда ұйымдары және аукциондар арқылы өткізіледі. Егер өтпесе және әлеуметтік қызмет нысандары тарапынан сұранысқа ие болмаса, онда жергілікті атқарушы орган шешімімен ондай мүлік жойылады", – деп түсіндірді Бақытбек Кәкімұлы.

Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің басшысы егер өтпесе, ол ағаштарды жою рәсімі фотоға түсірілуі және видеоға жазылуы қажеттігін де ескертті. Сондай-ақ бұл рәсімге уәкілетті органның немесе әкімдіктің өкілі қатысуға тиіс. Толтырылатын хаттамаға ағаштың әрқайсысының атауы, саны, мүмкін болса, салмағы, орналасқан жері және басқа да параметрлері нақты түсіріледі.

Бірақ сарапшылар жұртшылықты шенеуніктердің бұл тірлігіне күлмеуге шақырады.

"Әрине, қарапайым қазақстандық бұған күлетін шығар. Бірақ егер сіз шенеунік болсаңыз, қайта жыларман күйге түсер едіңіз. Өйткені соттың шешімімен әкімдіктің меншігіне берілген зат, тіпті ағаш болсын, дұрыс рәсімделмесе, қажетке жаратылмаса, ең сорақысы – жоғалып кетсе, жергілікті жердегі жауапты тұлғалардың үстінен іс қозғалуы, айып салынуы, қудалануы мүмкін. Әрі мансабына да нұқсан келіп, кіршіксіз бедел-репутациясы бұзылмақ. Меммүлікті талан-тараж етті деуі ықтимал. Әдетте "жылжымайтын мүлік" дегенде алдымен пәтер не ғимарат еске түседі. Ал Азаматтық кодекске сәйкес, жылжымайтын мүлікке жермен тығыз байланысты, яғни жылжымайтын, шығынсыз орнын ауыстыру мүмкін болмайтын көпжылдық өсімдіктер де жатады. Арнайы акт толтырмай, тіпті шіріп, құлағалы тұрған ағашты да кескізбейтіні содан", – деді заңгер Ержан Әділбек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу